Неке және отбасы Мәселе Некенің бұзылуына немкеттілік ғана себеп

Кеше ғана отау құрып, бақыттан басы айналардай болған жұптардың жыл өтпей жолдары екіге ажырап жатады. Өмірде барлық игілікті бірге көрмек болған екінші жартысынан жиі бас тартуына не себеп?  Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитеті Қазақстанда соңғы он жылда ажырасушылар қатарының артқанын айтады. Нақтырыақ айтсақ, соңғы он жылда елімізде 1,5 млн үйлену дерегі тіркелсе, осы уақыт ішінде жарты миллионға жуық ажырасу т іркелген.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі ерлі-зайыптыларға «тең құқықтарды пайдалануды, тең міндеттер атқаруды, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауға тең дәрежелі ортақ құқық береді. Ана-әке атану балаларды тәрбиелеуде де теңдей міндеттерді мойынға алу. Бірақ, көптеген ата-ана бүгін осы жауапкершіліктің салмағын сезінбей жүр.

Осыншама шаңырақ неге шайқалды деген сұраққа кімде болсын әйтеуір бір пікірін білдіре алуы мүмкін, дегенмен әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде жарияланған ғалымдардың о ы мәселеге қатысты зерттеулерін саралап көрейік.

Ғалымдар ажырасу себептерін саралай келе, негізгі 13 факторды алға тартыпты.  Біріншіден, статистика бойынша көбінесе ажырасуға 5-10 жыл бірге тұрған, 30-34 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар барады. Бұл уақытта олардың арасында бала болатыны айдан анық. Психологтардың айтуынша, әр 10 жыл сайын туындайтын мұндай отбасылық дағдарыстарды жеңуге бүгінгі адамдардың жігері жетпей жатыр. Сондай-ақ, ауылдық жерлерге қарағанда, қала тұрғындары арасында ажырасулар екі есе көптігін байқаймыз.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова «ажырасудың әсерінен елімізде толық емес отбасылар, жалғызбасты ана, жалғызбасты әке, «тұл жетім» емес «әлеуметтік жетім балалар» саны артқанын» айтады. Айсұлу Молдабекова «Елімізде 400 мыңнан астам ана, 40 мыңнан астам әке, 1 миллионға жуық баланы жалғыз өздері әкесіз, не анасыз тәрбиелеп отыр», – деген ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің өкілі Аяш Макенованың 2015 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі жиынында айтқан дерегін келтірген. Сол деректегі сан бүгінде бұдан көбеймесе азайған жоқ.

Әлеуметтанушы «Оның салдары демографиялық ахуалға әсер етпей қоймайды. Әрине, бұл жерде тек ажырасқандардың саны ған емес, түрлі жағдайлардың салдары да болуы мүмкін. Бірақ, басым бөлігі — ажырасқандардың балалары екені жасырын емес. Олардың барлығының төрт құбыласы тең, көңілі жарымжан емес деп кім айта алады?! Баланың тұлға болып қалыптасуында ата-ана рөлінің басым екендігін психологтар мойындайды» – дейді ол.

Айта кетейік, кейбір мәліметтерге көз жүгіртсек, заңгерлер соңғы жылдары ажырасып кеткеннен кейін балаларын өзі бағуға тырысатын әкелердің саны ұлғайғанын алға тартады. 2000-2010 жылдары бұл көрсеткіш 30-40% болса, қазір − 70%. 

Мамандар айтпаса да, әке-шешесінің ортасында әрі-сәрі болып қалған бала өмір бойы әкесін немесе шешесін сағынумен, іздеумен, өкпелеумен өтетінін, өмірлік психологиялық зардап шегетінін әркім біледі. Және жартылай жетімдіктің синдромы бала өскенде де қыр ізінен қалмайтынына сеніңіз.

Дегенмен бір ғана жағдайда ата-анасы ажырасқаны бала үшін дұрыс шешім бола алады, ол – әке әйел мен бала-шағасына зәбір көрсетіп, қорғаудың орнына қорлап отырса. Яғни, үйден ішкілікке салынған, жатыпішер жаман еркек кеткенде отбасының бүкіл қасіреті де қоса кететіндігін жоққа шығаруға болмайды. 

Әлеуметтанушылар көбіне толық емес отбасылардың балалары ювеналды полиция тіркеуінде тұрады, мұндай бала саны елімізде 10 мыңнан асады. Криминологтар қылмыс жасаушылар құрамының жыл өткен сайын жасарып бара жатқандығын алға тартады. Ажырасудың демографиялық ахуалға да әсері бар» деп дабыл қағуда. Тіпті тереңдейтін болсақ, ажырасу мінез-құлқы кейбір жағдайда ата-анадан баласына беріледі екен. Баланың санасында бейсаналы түрде ажырасу деген мәселенің шешімі ретінде орнығып, ертең өз басына қиындық түскенде, өз отбасын оңай тастап кететін көрінеді.

Кейде қазақы қаймағы бұзылмаған аймақтарда ажырасу аз дегенді айтады. Жоқ, статистикада келтірілген мәліметтерге сүйенсек,  бұл тұжырым дұрыс емес. Ажырасу жер таңдамайды. Ресми деректерде 2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке заңдастырылса, 48 мың ерлі-зайыпты ажырасқан.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы мәлім еткендей, өткен жылы Қазақстанда Азаматтық хал-актілерін тіркеу (АХАТ) органдары 128,8 мың некені заңдастырған. Мәліметті сол күйінде жариялағанды жөн көрдік.

128,8 мың некенің: 

— 85,8% — моноэтникалық некелер, 14,2% — этносаралық некелер;

— 88,8 мыңы немесе 68,9% — қалаларда, 40,1 мыңы немесе 31,1% ауылдық жерлерде тіркелді; 

— ерлердің 83,5% және әйелдердің 85% бірінші рет некеге тұрды; 

— ажырасқаннан кейін қайта некеге тұрғандар: ерлер – 15,4%, әйелдер – 13,5%

Өткен жылы ең көп неке Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Ең азы – Солтүстік Қазақстан облысында. 

Ерлердің 36,1% 25-29 жасында үйленеді, әйелдердің 43,7% 20-24 жасында тұрмысқа шығады. 

2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда Қазақстанда ажырасқан жұптар саны 19,7% азайып, 48 мыңды құрады. 

Оның ішінде: 

— 34,4 мың ажырасу (71,7%) – қалаларда; 

— 13,6 мыңы (28,3%) ауылдық жерлерде тіркелді.

— 1000 мың некеге 373 ажырасудан келеді. 

Некені бұзудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында және Павлодар облысында байқалды. Түркістан облысында ерлі-зайыптылар қарым-қатынасты үзуге ең аз барады. 

Осы арада ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған әке-шеше бір кемшілікті мойындағаны жөн болар. Жүз жерден өмір өзгерсе де, бірінші кезекте ер балаларды жұбайлық өмірдің жауапкершілігіне тәрбиелеу жетіспей тұрғаны білінуде. Ер-азаматта иман, жауапкершілік, отбасын өзі сүйреуге деген құлшыныс болмай, оның беделі де, сыйы да болмайды. Керісінше әлі де таптаурын түсініктерден арылмаған қоғамның адамы қызы бойжеткеннен күйеуге шығу керектігін, ұл есейсе үйлену қажеттігін құлаққа құйып отырудан шаршамайды. Ал өмірлік жар таңдау мамандық таңдаудан да маңыздырақ екендігін бірінші рет айтып отырған жоқпыз. Ал мінез-құлықтың сәйкессіздігі, әлеуметтік теңсіздіктер уақыт өте келе өз дегенін жасатпай қоймайды. 

Әрине, ажырасуға өздері шешім қабылдаса да, мұның ерлі-зайыптылардың екеуіне де оңай тимесі анық. Өйткені әрбір отбасының өздерінің жазылмаған қағидалары болады. Ажырасумен бірге барлық нәрсе күйрейді. Арман-мақсат, алдағы жоспардың бәрі-бірі өзгеріске ұышрайдв. Сондықтан да болар, ажырасқандардың көбісіжеке-жеке қалғанда біразға дейін әрі қарай қалай жаңаша өмір сүруді білмей жүреді. Ал кейбіреулері қуанады.

Бірақ бір ғана нәрсе айқын, жұбайлардың жолы екіге айрылғанда ең көп ауыртпалық балаға түседі. Психологтар ата-аналарының ажырасуына балалар өзін кінәлі санайтын кездер болатынын да айтады. Мәселен, «Әкем (анам) мен жаман болғасын не мені жақсы көрмегендіктен, бізді тастап кетті» деп ойлап, қамығады, өзін кешіре алмай жүреді. Мұндай балалар кетіп қалған әкесін (анасын) іштей күтіп, көпке дейін ата-анасы қайта қосылса екен деп армандап жүреді. Бірақ күткен адамы сол күйінше келмейді. Сөйтіп, ол баланың жаны оңбай жараланып, қам көңіл, ызақор не тұйық болып өседі.

Себебі балаға шеше де, әке де керек. Әрқайсысының бала үшін өзіндік атқаратын қызметтері бар. Мысалы, бала 3 жастан кейін, әке-шешесіне көңіл аудара бастайды. Оларды бір-бірінен: қыз бала әкесін, ұл шешесін қызғанып жүреді. Бұл – қыз баланың анасының туфлиін киіп, ернін бояп алып жүретін шағы. Бұл кезеңді психоанализде «эдип комплексі» деп атайды.

Егер эдип комплексі сәтті өтсе, 6 жасқа жеткенде бала ата-анасының өзі үшін дүниеде ең қымбат жандар екенін түсінеді. Бала әбден ержеткенше осындай бірнеше кезеңнен өтеді. Сол себепті анасы не әкесі жалғыз өзі қанша жерден қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелегенмен, олқылық білінеді. Кейін бала өз отбасын құрғанда ерлі-зайыпты қарым-қатынастың қандай болатынын білмей, дал болады, өйткені оның көз алдында ондай үлгі болмаған.

Екіншіден, көңілінде өзінің де бақытты болатынына сенбей, ылғи ажырасып кететін сияқты күдік тұрады. Тіпті қосағын кетіп қалған ата-анасының рөлінде көріп, кінәнің бәрін соған аударып, жанжал туғыза беруі де ықтимал. Себебі бала ата-анасын да, өзін де кешірген жоқ. Ол үшін арнайы маманға барып, кешіру кезеңдерінен кәсіби түрде өткеннен кейін ғана бақытты отбасын құруға лайық екенін түсінеді.

Ал жалғыз қалған әйел не еркек дұрыс адаммен неғұрлым ертерек бас қосса, соғұрлым бала тәрбиесіне игі әсер етері хақ. Толық, сүттей ұйыған тату отбасында ержеткен баланың болшағы жарқын болатынына күмәніміз жоқ.

      Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика