Оқу-ағарту министрі халықаралық пәндік олимпиадалардың аралық қорытындысын жариялады.
Биыл қазақстандық оқушылар 5 пәннен 21 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль бар. Яғни 23 қатысушының 21-і жүлделі орындарға ие болды.Бұл жерде ең беделді халықаралық олимпиадалар туралы айтып отырмыз, деп жазды Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Биыл бұл оқушыларға тұңғыш рет 4,5 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі. Сонымен қатар олар ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсу мүмкіндігіне ие болады.
«Математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола жүлдені жеңіп алды. Командамыз 174 ұпай жинап, еліміздің олимпиадаға қатысу тарихындағы жаңа рекордын орнатты. Командалық есепте еліміз 17-орында, ал бұл 12 жылдағы үздік көрсеткіш», – деп атап өтті министр.
Ал физикадан өткен халықаралық олимпиадада оқушылар 1 алтын, 4 күміс медаль иеленді. Министрдің жазуынша, бұл – соңғы 8 жылдағы ең жақсы көрсеткіш.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық 40 оқушы халықаралық математика олимпиадасында жүлделер иеленді
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов география, биология, химия пәндері бойынша халықаралық олимпиадада да оқушылар топ жарып жүргенін алға тартты.
«Салыстырмалы түрде алсақ, былтыр командамыз 3 күміс және 1 қола медальмен марапатталған болатын. Барлық бағытта оң өзгеріс бар екенін байқауға болады. Бұл балаларымыздың дайындық деңгейін көрсетеді. Алдағы уақытта информатика мен лингвистикадан олимпиадалар өтеді. Оқушыларымыз еліміздің намысын абыроймен қорғайтынына сенімім мол», – деп сенім білдірді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ министр қолдау көрсеткен ата-аналарға және кәсіби шеберлігі үшін әріптестеріне алғыс айтты.
Қызмет ақпарат
Leave a Reply