2022 жылы жалақы мөлшері артады. Зейнетақы мен жәрдемақы көлемі қанша болады?

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда күнкөріс минимумы мен айлық есептік көрсеткіш көтеріледі. Бұл мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 миллион адамның табысының артуына әкеледі және ең төменгі жалақыны көтеру экономиканың барлық салаларында жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның табысының өсуін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

 

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш 5%-ға артады. Нәтижесінде олардың мөлшері тиісінше 36 018 және 3 063 теңгені құрап, ең төменгі жалақы 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін өседі (жалпы өсім 41%). 2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 триллион теңге, оның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік төлемдерді индексациялауға 190,4 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Бұл 4,2 миллион адамның табысын арттырады, оның ішінде:

-2,3 млн зейнеткер үшін орташа зейнетақы мөлшері 7%-ға, ал базалық зейнетақы төлемі 5%-ға ұлғайтылады, жалпы сомасы 138,3 млрд теңге;

— 1,9 млн алушының әлеуметтік төлемдері 5%-ға, жалпы сомасы 52,1 млрд теңгеге ұлғайтылады.

Электронды үкімет жұмысының сапасын арттыру атаулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның кірісіне оң әсерін тигізеді.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы екі есеге өседі. Ал медициналық және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылға қарай екі есе артады. 2022 жылдан бастап мұрағатшылардың, кітапханашылардың, мұражайлардың, орманшылардың, техниктердің және басқа жұмысшылардың жалақысы көтеріледі. Жалпы, 1,2 миллионға жуық мемлекеттік қызметшінің жалақысы жоғарылайды.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың үшінші тоқсанында орташа жалақы 243,7 теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға артық. Осы орайда инфляцияны есепке алғанда жалақының нақты өсімі 9,8%-ды құрады.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика