«Қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуін ғана емес, биліктің де халықпен қазақша сөйлесуін талап етуіміз керек»

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Осыған орай біз халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасы Роман Рахиевпен бүгінгі қазақ тілінің тағдыры жайлы әңгімелескен едік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

— Облыстық ұйымды бірнеше жылдан бері басқарып келесіз. Сіздің ойыңызша, қазақ тілі өзінің биік мәртебесіне жетті ме? 

— Тәуелсіздік жылдары ұзақ жылдар құрсауда қалған туған тілімізге жан бітті, еңсесін көтерді. Осы кезеңде жеке ой-пікірімізді ашық, еркін, ал тіл туралы ойымызды бұрынғыдан батыл, екпінді айтатын болдық. Қазір тіліміз үшін күрес жалғасуда. Тіліміз үшін Заңда белгіленген атына сай мәртебелі болу үшін әлі де көп шаруалар атқарылуы тиіс.

Қалай дегенде де, тіл тағдыры — өзіміздің қолымызда. Ең басты жеңісіміз — еліміздің егемендігі. Халқымыздың саны өсті, мемлекеттік саясатты жүргізетін мемлекеттік мекемелерде қызмет жасайтындардың дені – қазақтар. Биліктің де, бизнестің де арасында жүрген – өзіміз. Енді бәрі де өзімізге байланысты.

«Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?»,- деп ұлы Абай айтқандай, әрбір ел азаматы мемлекеттік тілімізді құрметтеп, білуі керек.
Қазақстан Республикасы азаматтарының қазақ тілін білуі – елді, мемлекетті сыйлағаны, қазақты құрметтегені, яғни өзінің болашағын елімізбен байланыстырғаны.

Ал мемлекеттік тілді білмейтіндерді ұлтымыздың сыйламағаны, менсінбегені деуге болады. Ал ұлты қазақ бола тұра, ана тілін білмеген адамды не дей аламыз?! Тіпті билікте жүріп, халықтың қалаулысы болған азаматтардың ана тілін білмегені – ұят, намысы жоқтық.

Әлі де болса еліміздегі мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің әлеуетін іске асыру деңгейінің төмендігі, жиналыстардың, ресми шаралардың мемлекеттік тілде өтпейтіндігі, қызметшілер арасында мемлекеттік тілде сөйлейтін тілдік ортаның жоқтығы, қалыптаспауы сияқты кемшіліктер бар.

Қазір адамдардың көпшілігі бұрынғыдай кітап, газет-журнал оқымайды. Сондықтан да әлеуметтік желілерді, басқалай ақпарат көздерін көп пайдаланады, елімізде көрсетілетін телеарналардың ішінде тұтасынан тәулік бойы толық, тұшымды қазақ тілінде сөйлейтін арналар жоқтың қасы. Орыс тілі – Ресей мен Белоруссиядан да біздің Қазақстанда мығым қорғалған тіл екендігі – ащы да болса, шындық. Осы орайда телеарналардағы қазақтілді бағдарламалардың көбірек, сонымен қатар, олардың  мағыналы, мазмұнды әрі тәрбиелік мәні болғаны дұрыс. Сонымен қатар барлық мемлекеттік қызметке үміткерлер, кадрлық резервтегілер де қазақ тілін білуі қажет деген талап қатаң қойылатын уақыт жетті. «Ұзын арқан, кең тұсау» жалғаса берсе, тіліміз төрге оза алмайды. Азаматтық қоғамның белсенділігін қажет ететін рухани мәселелердің ең бастысы – мемлекеттік тіл мәселесі. Өкінішке қарай, қазақтың тілі мәселесіне келгенде, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, жалпы ұлттық намыс пен ұлттық ой-сананы ояту бойынша біздің бойымызда әлі де самарқаулық басым.

Шынын айтсақ, орыс және өзге ұлт мектептерінде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде оқытылса да, оны білу оларға міндеттелмейді. Білім берудің негізі мектепте қалыптасатынын ескерсек, еліміздегі әрбір оқушы мектеп бітіргенде мемлекеттік тілді біліп шығуы керек емес пе? Оқуға да, жұмысқа қабылдау барысында да қазақ тілін білу талап етілмейді.

Қазақта «Тарихынды білмесең, келешегіңді болжай алмайсың» деген нақыл сөз бар. Тегінде тарихтан сабақ алмаған елдің ешқашан бағы жанған емес. Тарихты сараптап, жас ұрпақ бойына сіңіріп қана біз кемел келешектен үміт күтеміз. Елдің де болашағы, тілдің де болашағы – жастар екенін ұмытпайық. Тіл тәуелсіз болмай, шын тәуелсіз болмаймыз. Егемендік алғаннан бері қоғамда мемлекеттік тіліміз ресми тілдің көлеңкесінде қалып келеді. Тіпті, қазақ тілінің болашағына сенімсіздікпен қарайтындар да бар.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» — деуі бекер емес. Оған мысал, алғашқы Кеңес үкіметі құрылғанда Одақ құрамында ресми тіркелген 194 түрлі ұлт пен ұлыс болған. 1991 жылы Одақ ыдырағанда бұлардың тең жартысы, яғни 50 пайызы жоғалып кеткен.

Ақтөбе облысы 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік тілге «көшті». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді, бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», — деген сөзі бәрімізге ой салып, нақтылы нәтижелі жұмыстарға жетелейді. Сонымен қатар белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттілігі де айтылған-ды. Сондықтан тілдің жағдайына барынша байсалдылықпен, үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Яғни, мемлекеттік тіл саясатын дамыта отырып, мемлекеттік тілді қорғау, оның қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін көтеру тағы да сол сияқты жұмыстарды ұдайы жүргізе беру қажет.

Азаматтардың мемлекеттік тілді білуін Заң арқылы да талап ету – адам құқығы мен еркіндігіне қайшы келмейді. Сондықтан да, бүгінгі күні қоғам алдына қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесінің қойылуы маңызды.

Сіз бен біз «Мен қазақ тілінде сөйлеймін», «Қазақ тілінде жазғанды талап етемін» дейтін болсақ, билікте отырғандарға, тіл үйренбегендерге қиындықтар туындайды. Сондықтан да қазақ тілділер қазақша жауап беріп, қазақ тілді ортаның бар екеніне, оның қажеттілігіне орыс тілінде сөйлейтін қалың көпшіліктің көзін жеткізу керек. Тіл қолданбаса, қажетсіз болса, ол жойылады.

2021 жылы Түркістанда өткен Қоғамның VІ Құрылтайы «Қазақ тілі» қоғамына «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заңның жобасын дайындап, Үкімет пен Парламент арқылы қабылдатуды тапсырған болатын. Осы заң қабылданса, көптеген мәселелер өздігінен шешіле береді деп ойлаймын.

«Қасиетін білсем деп Ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның» —  деп ақиық Мұқағали Мақатаев айтқандай, тіл майданындағы күрес тиісті нәтижеге жеткенше тоқтамауы тиіс. Шет тілін білуді ана тілін толық меңгерген соң бастауымыз қажет.

Әрине, бізді бүгінгі күні көп тілде сөйлесе алатын, бәсекеге қабілетті ұл-қыздарымыздың қатары күн санап артып келе жатқаны қуантады. Дегенмен басты назарда мемлекеттік тілді білуге бағыттау қажет деп санаймын.

Жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, қазір елдегі депутаттар, белді лауазымдағы басшылардың қазақшасы көңіл көншітпейді. Бұл тұрғыда не айтасыз? Осы олқылықты қалай дұрыстаймыз?

— Сұрағыңыз орынды. Шынында да, қазір тіпті жоғары лауазымды кейбір қазақ азаматтарының қазақ тілінде жазбақ түгілі, ауызша пікір алмасуға шамасы келмейтінін көргенде, қынжылып, ауыр ойға қаласың. Соңғы уақыттарда ел билігінде отырған шенеуніктердің де түгелдей орысшаға көше бастағаны жалған емес. Өкінішке қарай, соңғы кездері өз тілін білмейтін, білсе де, бұрмалап сөйлейтін жастардың қатары да көбейді. Сондай-ақ тілімізді шұбарлап, өзге тілмен араластырып сөйлеу сәнге айналды.

Шынын айтуымыз керек, қазір бұрынғыдай отырыс-жиындарымызды қазақ тілінде бастап, орыс тілінде жалғастырып кетудің кезеңі өтті, бұндай көзбояушылықпен қоғам келіспейді.

Бүгінгі күні БАҚ құралдарында, әлеуметтік желілерде тіл жанашырларының осындай бағыттағы көтеріп отырған ұсыныс-пікірлері орынды.

«Татулықтан артық жол жоқ» — деп Абай айтқандай, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлтты Қазақстан азаматтарын ретіне қарай ынталандыру керек. Кез-келген деңгейдегі үлкенді-кішілі жиын мемлекеттік тілде өткізіліп, басқа ұлт өкілдерінің құқықтарын бұзбау үшін мемлекеттік тілді білмейтіндерге аудармашы көмегі көрсетілгені жөн.

Тіл – татулық тірегі. Тіл – достықтың бейбітшіліктің, болашақтың кепілі. Осы орайда еліміздегі диаспора өкілдерінің де мемлекеттік тілді білгенін, оқығанын қалаймыз. Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы шын мәнінде өздерін осы мемлекеттің азаматы сезінсе, мемлекеттік тілді құрметтеп сөйлеуі керек.

Қазақ тілі – әлемдегі 6000-ға жуық тілдің ішіндегі қолданыс өрісі жағынан 70-ші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдылығы жағынан алғашқы ондыққа кіретін тіл. Бүгінгі күні тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие 200 тілдің қатарында тұр. Қазақ тілінің бүгінгі таңда он жеті миллионға жуық сөйлеушісі бар. Алайда тіл динамикалық құбылыс болғандықтан, оның жойылуына әкеліп соғатын көптеген қауіптер де жоқ емес.

Қазақ қоғамында ұзақ уақыттан бері талқыланып келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – латын қарпіне көшу. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ көтеріліп келе жатқан тақырып. Бір нәрсе анық, уақыты келе латын қаріпіне өтеміз. Бұл – уақыт талабы. Әліпбиді ауыстыру туралы сөз болғанда Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан елдерін тілге тие кетеміз. Бірақ бұл елдерде байырғы халық басым көпшілік – 95 пайызға жуық, ана тілдерін толық меңгерген. Біздегі жағдай ерекше.

Латын әліпбиінің артында қазақтар, кириллица әліпбиінің артында орыс, жалпы славяндар, орыс тілділер тұрғаны белгілі.

Әліпби ауыстыру еліміздің тұтастығына қалай әсер етеді деген де ой туады. Жасыратыны жоқ, латын әліпбиінің қиындықтарынан сақтанып, балаларын Ресейлік оқу орындарына оқытамыз деп, орыс мектептеріне беретін ата-аналар да баршылық. Кириллица – славяндар, православ дініндегілердің басын қосатын әліпби, әрі басқа халықтарды орыс әлемінің ықпалында ұстаудың да саяси-идеологиялық құралы.

Қазақ жазуының өткен тарихы қиын. Елімізге өз өктемдігі мен өкімдігін жүргізгісі келгендердің барлығы оның рухани болмысына жасайтын шабуылын ең алдымен, жазуды өшіруден бастаған. Кез келген жазу сол ұлттың дәстүрлі мәдениетін, елдігін, тарихи жадын сақтайтын жәдігер екенін ескерсек, мұның мәнісі түсінікті де. Араб жаулаушылары түркілік таңбаларды жоюға күш салыпты, орыс колонизаторлары қазақ еліне кең тараған араб жазуымен, араб мәдениетімен күресіп, жазуды өшіріп, ақыры өз әліпбиін енгізген.

Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуының тағдыры қалай болғаны бүгінгі күні көзі ашық қауымға белгілі. Қазақтың қайран тілі көшпенді ғұмыр – тіршіліктң арқасында жазуға мойынсұнбағандықтан, өзге тілдердің ырқына көне қоймай, өз болмыс-бітімін сақтай дами берген.

Осы жерде белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының сөзін айта кеткен жөн: «Латын әліпбиін қабылдау – біз үшін ұзақ мерзімді стратегиялық мақсат, тіліміздің табиғи қасиетін жаңғыртудың, ұлтсыздану дертінен арылудың маңызды амалы. Қазақ ұлты тұтастай ана тілін меңгеріп, елде қазақ тілі басым тілге айналғанда ғана жаңа әліпбиді де бүтіндей қабылдайтын уақыт келеді» деген сөзі көңілге қонады.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 33 жыл толды. Тарих үшін бұл аталған уақыт аз ғана қас-қағым сәт болғанымен, еліміз үшін бұл жылдардың салмағы орасан зор, жүгі ауыр. Осы жылдар ішінде Қазақ елі әлемге алаш атын танытып, ғасырларға пара-пар жұмыстар атқарды. Еліміздің алғашқы рет «Тіл туралы заңы» 1989 жылы 22 қыркүйекте өткен 11 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс ХІV сессиясында «Қазақ КСР-нің Тіл туралы» заңы қабылданып, ана тіліміз бірінші рет мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазіргі кездегі қолданыстағы заң 1997 жылы 11 шілдеде қабылданды. 1989 жылы елімізде Әбдуәли Қайдардың, Өмірзақ Айтбайұлының бастауымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Республикалық ұйымы құрылды. 1992 жылы өткен ІІ құрылтайда Қоғам Халықаралық мәртебе иеленді. Бүгінде халқымыздың әдет-ғұрпын, тілін, ұлттық салт-дәстүрін, ділін насихаттап, сақтап қалу ісіне белсене араласып, өз үлесін қосып келе жатқан облыс орталығындағы ірі үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдардың бірі – осы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы.

— «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе облыстық ұйымы — бүгінде өңірдегі қазақ тілінің «жоғын» жоқтап, жеткен жетістігін көпке насихаттап жүрген бірлестік. Қазір ұйым қандай жұмыстар атқарып жатыр?

— Ұйым туралы сөз қозғағанда, оның тарихын айта кетпеске болмайды. Жылпы Ақтөбе облысында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін салып, ұйымдастырған белгілі ғалым, біртуар азамат Мұхтар Арынов болатын, ал қаламыздағы алғашқы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы – белгілі журналист Марат Мырзағұлов. Кейінгі жылдары қоғамға басшылық жасаған Кемейдулла Төлеубай, Ғалымжан Нұрышев, Кенжеғали Кенжебаев, Келдібай Есмағамбетұлы, Аманғали Сәтер, Әбдіраш Есмахан сияқты азаматтардың қажырлы еңбегін атап айтуға тиіспіз. Сонымен қатар, ана тіліміз жайында шырылдап, сонау 1989-1991 жылдары талмай жұмыс істеп келген күні кешеге дейін ортамызда жүріп, өмірден өтіп кеткен Нұқы Қартбайұлы, Қайырбай Мұғалұлы, Құламанбай Сәтер, Муапих Боранқұлов, Жәнібек Әбдірахманұлы, Бердібай Кемал, Бағдагүл Кәрімова және тағы басқа тіл жанашырларының еңбегін айтпай кетпеуге болмайды. Қоғам жұмысына белсене араласып, өз мүмкіндіктеріне қарай көмектерін беріп келе жатқан Ниетжан Берікұлы, Идош Асқар, Зоя Біралова, Несібелі Қарымсақова, Нұрбәтес Тобағабылова, Алтай Тайжанұлы, Райса Таңатова, Қонтай Қуаныш, Қайырбек Тоқтаров, Камалхан Қуан, Аманжол Қорғанбаев, Әмина Салиева сияқты  тіл майданының ардагерлерінің қосқан үлесін айта кеткім келеді.

Қоғамның облыстық ұйымы алғашқы құрылған күнінен бастап, алға қойған міндеттері мен жарғы талаптарын, облыс әкімдігінің мемлекеттік тілді дамыту мен қолданысқа енгізу жөніндегі әрбір мерзімге арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жолында облыстық тілдерді дамыту басқармасымен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Облыс бойынша Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің 644 бастауыш ұйымды біріктірген бір облыстық, бір қалалық, 12 аудандық филиалы тұрақты жұмыс істейді. Сондықтан «Қазақ тілі» қоғамы туралы айтқанда, ұйымның осы жылдар ішінде ел алдында өткенін саралап, атқарған жұмыстарын бағамдаған орынды деп ойлаймын. Қоғам құрарда көзделген мақсаттармен қол жеткен нәтижелерді айтсақ, қоғам өз бағдарламасында: «Қоғамның басты мақсаты – қоғамдық сана мен ұлттық сананы ояту, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы мен мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, мемлекеттік тіл ретінде республикада қазақ тілінің толыққанды қызмет етуіне қажетті жағдайлар жасалуына ықпал ету» деп белгіленген міндеттерін орындап жатыр.

Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, бұл кезеңді халқымыздың өзін-өзі тану, жоғын түгендеу, ұлттық санасын жаңғырту, ана тілін түлету, ұлттық рухын көтеру уақыттары десек болады. Алғашқы жылдары «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының барынша күш салып, қолға алған мәселесі – қазақ мектептері мен балабақшаларын көптеп ашу болатын. Өйткені 1990-1991 жылы оқу жылында облыс бойынша мектепке барған 88113 қазақ баласының 35455 немесе 40,2 пайызы орыс мектептерінде оқитын. Ал Ақтөбе қаласындағы мектепке баратын әр жүз қазақ баласының тек 23 ғана өз ана тілінде білім алды. 1990 жылы Ақтөбе қаласында бір ғана №6 қазақ орта мектебі болса, қазір қалада 47 қазақ мектебі бар. Ал бүгінгі күні облыстағы 406 мектептің 272-сі қазақ, 112-сі аралас, 22-сі орыс тілінде білім беруде.

1990 жылы балабақшаларда тәрбиеленетін 52500 бөбектің алты мыңы ғана қазақ топтарына баратын. Тағы да бір айта кететін жай, облыстық ұйым басшылығы басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, 1949 жылы жабылып қалған қаладағы қазақ драма театрын қайта ашу мәселесінде де мұрындық болғанын айта кеткен жөн.

1989 жылы «Тіл туралы» заң қабылданғанда қазақ мектептерінің саны 50 пайызға жетпейтін еді, ал қазір 67,7 пайыз. Сол жылдары облыста 185 орыс мектебі болса, қазір олардың саны — 22. Балабақшаларда да солай. 1991 жылы бүлдіршіндердің 26 пайызы ғана қазақ топтарында тәрбиеленген болса, қазір 72 пайызы ана тілінде білім алады.

Мемлекет тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлініп, айрықша мән берілуде. Қазақ мектептерінің, қазақ сыныптарының, балабақшаларда қазақ топтарының көбірек ашылуы — соның айғағы.

Облыстың Алға, Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Шалқар аудандарында орыс мектептерінің орнын қазақ мектептері басты. Орыс және аралас мектептерде оқитын оқушылардың дені – қазақ балалары. Бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – бірініші сыныпқа баратын бүлдіршіндерді мейлінше көбірек қазақ мектептеріне тарту. Бұл бағыттағы жұмыстар да облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, белсенді жүргізілуде. Жуырда ғана мектеп мұғалімдері мен балабақшалар меңгерушілерінің қатысуымен кеңейтілген түрде конференция өткізілді. Өкінішке қарай, әлі де болса, ата-аналар арасында балаларды орыс мектебіне беру тенденциясы бар екенін жасыруға болмайды. Тіпті,  жарты миллионнан астам халқы бар Ақтөбе қаласында 7 орыс мектебі болса, Мәртөк ауданында 9 орыс мектебі бар. Ал, осы аралас және орыс мектептеріндегі оқитын оқушылардың дені – 60-70% қазақ балалары. 2022 жылы құрылысы аяқталып, қолданысқа берілетін 5 жаңа мектептің барлығы да қазақ тілінде ашылады деп жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күні қазақ мектептерінде түрлі өзге ұлт өкілдерінің 818 баласы қазақ тілінде білім алуда, бұл көрсеткіш жыл сайын жақсарып келеді (1991 жылы — 217). Соңғы 3 жылда қазақ тілінде оқитын оқушы саны – 7336 оқушыға көбейді. Мемлекеттік тілде тәрбие алатын балалар қатары да көбейіп келеді. Облыстағы 39 инновациялық мектептің 5 ғана орыс тілінде білім береді.

Жақында қоғам басшылығына «аралас мектептер саны неге өсті, неге шара алмайсыңдар? Қоғам немен айналысып отыр» деген сұрақтар қойып, бір ақсақал ағамыз кіріп шыққанда қолдағы мектеп оқушыларының ұлттық құрамы жайындағы статистикалық мәліметтерді көрсетіп, орыс және аралас мектептердегі оқушылардың ұлттық құрамын айтқанда «Е, көбісі қазақ балалары ғой!» деп басын шайқағаны бар. Ал қоғам немен айналысып жатыр деген сөзіне атқарылған жұмыстарды баяндай келе: «Қазақтарды өзара қазақша сөйлесіңдер» деп үгіт насихат айтып келеміз дегенде «ау, шынында да солай-ау, неге сөйтеміз, көбісі өзімізге байланысты ғой» деп шығып кеткені есімде. Барлығымыз қазақ тілінде сөйлесек, қазақы, қуатты тілдік орта пайда болады да, көп мәселе өз шешімін табады, яғни «қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуін» ғана емес, «биліктің де халықпен қазақша сөйлесуін» талап етуіміз керек.

Елімізде ұзақ жылдар бойы тіл ахуалына жете көңіл бөлінбеді. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана деген түсіну етек алды. Ал ана тілі жас ұрпаққа тәрбие берудің, тарихи деректердің көзі, ұлтымыздың бойындағы ізгі салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін рухани қазына мен ұлттың өзегі, халықтың зердесі екендігі аз айтылды. Сөйтіп мұның өзі уақыт өте қайсыбіріміздің тіл туралы таным-біліміміздің біржақтылау, таяздау болып шығуына өз әсерін тигізбей қойған жоқ.

Ұлтты ұлт ететін басты өлшем — тіл! Тіл бар жерде – ұлт та, ел де, жер де бар. Ал ана тілдің алтын бесігі – қазақ отбасы. Отбасында ата мен әженің ұлағатты әңгімесін тындаған, тәрбиесін көрген, әке мен шешенің сыйластығын көрген берекелі, өнегелі отбасының ұрпағы ешуақытта Отанын сатпайды, ділін, дінін, тілін аяққа таптамайды, намысын қолдан бермейді. Отбасының тілі, тәрбие тілі қазақша болмайынша, балаларымыздың бойында ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық намыс болмайды.

Қоғам ұлттық мүддемен мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты мемлекеттік органдармен және түрлі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, түрлі шаралар атқарып, жұмыс жүргізіліп келеді. Қоғам басшылығы Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына, жастар жылына және ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шараларға, Алаштың арда ұлдары – Шәкірім Құдайбергенұлы, Ұзақбай Құлымбетов, Жұмабай Тәшенов, Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы және Мұхтар Арын сияқты алаш азаматтарының есімін қала мектептеріне беру рәсімдеріне белсене қатысты. Облыс, қала жастарының қатысуымен бірнеше байқаулар өткізілді. Соңғы жылдары жаңадан пайдалануға берілген мектептер мен емдеу мекемелерінде, облыс орталығындағы «Казхром» ТҰК акционерлік қоғамында, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында және облыстық «Қазтрансгазаймақ» мекемелерінде қоғамның бастауыш ұйымдары ашылды. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге қатысты семинар-кеңестер, конференциялар өткізілді.

Халыққа қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында және тұрғындар арасында мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын, тілді меңгеру арқылы қол жеткізетін мүмкіндіктерді түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізу, БАҚ, әлеуметтік желілерде пікірлер жазу мақсатында құрылған топқа Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім», «Қазақ тілі» қоғамы» мүшелері, тілдерді оқыту орталығының оқытушылары енгізілді.

Топ мүшелері жыл басынан бері емдеу мекемелерінде, мектептерде, кәсіпорындарда, қоғамдық көліктерде, т.б. қоғамдық орындарда түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізіп келеді.

Биыл облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының ұйымдастыруымен «Баталы ел арымас» атты балалар арасында облыстық бата беру сайысы, «Батаменен ел көгерер» облыстық батагөй ақсақалдар байқауы өткізілді. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері арасында «Менің Қазақстаным» атты «Шәмші әндерінің» байқауы өтті. Қоғамның 2022 жылға іс-шараларында жыл аяғына дейін өңірлік тіл конференциясын және өзге ұлттар арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауын өткізу жоспарда бар.

«Туған тілім-тұғырым» деген тағылымды тіркес бекер айтылмаған. Өз тіліңді сүю, білу басқа тілдерді меңгеруге ешқандай бөгет болмайды, қайта адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуге басты себепкер де осы ана тіліміз. Ана тілінің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы азамат болғысы келетін жастарымыздың басты парызы.

Мемлекеттің тіл саясаты – жалпы мемлекет саясатына, Конституцияға негізделеді. Тәуелсіздік жылдарында білім, бұқаралық ақпарат, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында тіліміздің өрісі кеңейді. Ең бастысы, ана тіліміздің төңірегіндегі психологиялық ахуал өзгерді. Дегенмен де орыс тілінің басымдылығын әлі де еңсере алмай келеміз.

— Елімізде 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданғаны белгілі. Осы бағдарламада айтылған мақсат-міндеттер тиісті дәрежеде орындалып жатыр ма?

— Бағдарламада мемлекеттік органдар мен басшылардың нақтылы міндеттері мен атқаратын жұмыстары көрсетілген, мекеме басшыларының жауапкершілігі жөнінде де айтылған. Шынын айтуымыз керек, мекемедегі ана тіліміздің хал-ақуалы мекеменің бірінші басшысына, оның тілге деген көзқарасын, жанашырлығына тікелей байланысты. Еліміз үшін ең бастысы – Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді мейлінше мүлтіксіз меңгеріп шығуы. Кезінде Мемлекет басшысы «2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деп айтқан болатын. Қарап отырсақ, бұл межеге жетуге небәрі 3 жылдан да аз уақыт қалыпты. Өкініштісі, тәуелсіздіктің 30 жылдан астам тарихында мемлекеттік тілді білмейтін ұрпақ толқыны азайған жоқ. Орыс тілінде сөйлейтін ғана емес, басқа тілде ойлайтын да ұрпақ қалыптасты. Тілдің өміршеңдігі оның өмір сүру қабілетімен тікелей байланысты. Тілімізге сұраныс, қажеттілік болмай, қазақ тілінің көсегесі көгермейтінін өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр. Халқымыздың саны артты, көкейдегі айта алмайтындарды бүкпей, ашық айтатын дәрежеге жеттік. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік тілімізге деген қажеттілікті күшейтуіміз қажет. Қазақтар қазақ тілін толық меңгермейінше, еліміздің басқа халықтарының тілдік таңдауына ықпал жасау мүмкін емес. Егер еліміздің «Тіл туралы» Заңы жаңадан қабылданса, бұл мәселе толық жойылады деген сенімдеміз. Бірақ туған тілдің «жырының» таусылмауы, өзімізге, тіл иелеріне, байланысты болып отыр.

«Өлі тіл» деп саналған көне иврит жазуы жүздеген жылдардан кейін тірілгенде, жаны бар, жалынды, әуезді қазақ тілі неге жанбасқа, неге жойылуы керек?!  Еліміздегі демографиялық көрсеткіш қазақ тілінің болашағы жарқын екенін көрсетіп отыр. Бұл және мемлекеттік тілдің мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндіктер береді. Сондықтан да жалтақтамай, «көп қорқытады, терең батырады» дегендей, ана тілімізге қатысты шаруаларды белсенді түрде жүргізіп, тілдік ортаны кеңейте беруіміз қажет.

Қазақ тілі өзінің тарихи мекенінде Отандық тіл қызметін атқарумен бірге, елімізде ұлтаралық қатынас тілі болуы қажет. Біз бүгінгі күні мемлекеттік тілді батыл насихаттай алмай жүрміз. Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарынан басқа ешкім мемлекеттік тілге байланысты мәселелер жазбайды. Орыс тілді басылымдар мұны тек қазақтар мәселесі деп түсінетін сияқты. Басты әлеуметтік себеп – тұрғындарымыздың кешегі кеңестік санадан арыла алмай отырғандығы. Сондықтан ана тіліміз үшін бүкіл ұлт болып күресуіміз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында: «Бірінші – қазақ тілі болу керек. Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде», — деп атап көрсетсе,  республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деп ел жағдайын, әлеуметтік мәселелерді айта кетіп, мемлекеттік тіл мәселесіне кеңінен тоқталды.

Сондықтан бүгінгі күні атқарылған істерге тоқмейілсімей, алдағы міндеттерді де ұмытпағанымыз жөн. Мемлекеттік тілге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген мәселелер көтеріліп, айтылып келеді. Мемлекеттік тілге қатысты, шешімін таппай қордаланып қалған мәселелер мен проблемалар да жеткілікті. Оның шешу жолдарын қарастыру — біздің міндетіміз.

Отыз жылда қазақ тілін үйренуге не кедергі, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жолдары қандай деген сауалдар бәрімізді мазалайды. Қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының: «Үш нәрседен қорқамын: сәбиіне бесік жырын айтпаған анадан, немересіне ертегі айтпаған әжеден, қазақтың қазақпен қазақша сөйлеспегенінен қорқамын» деген сөзі бұдан 70 жылдай бұрын айтылса да, бүгінгі күні өзінің өзектілігін, маңыздылығын жойған жоқ. Осы сөздер әрбір қазақ елінің азаматына, тіл жанашырына ой салып, ана тілімізге деген сүйіспеншілігімізді арттыра түседі деген ниеттемін. Ендеше, халық болып, ел болып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтерейік! Бүгінгі қасиетті Тіл мерекесі құтты болсын!

— Әңгімеңізге рақмет!

Данагүл ҚАЗИХАНФото: дереккөз

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика