«МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫНА АЙ САЙЫН СРАПТАМА ЖАСАЙТЫН БОЛАМЫЗ»

РУБРИКА: ДЕНІ САУ ҰЛТ

Колонт: Ана және бала денсаулығы

Өткен аптада Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков баспасөз жиынын өткізіп, биылғы 6 ай ішінде басқарманың атқарған істеріне есеп берді. Есептен түйгеніміз, біршама шаруа тындырылып, алда тағы да біраз іс жобаланған екен.
Жалпы, соңғы кезде денсаулық сақтау саласындағы сервиске тұрғындардың көңілі толыңқырамай жүргені рас. Оны әлеуметтік желі бетінен жиі байқаймыз. Ал, атқарылып жатқан шаралардың хәлі нешік?
Әсіресе, бала денсаулығын қорғау, ана мен бала өмірін сақтау тақырыптары ауыз толтырып айтарлықтай толымды, жаңалықтары мол екен. Басқарма басшысының атқарған істері жөніндегі баяндамасы және одан кейін сұрақ-жауап форматында өткен жиын барысын сұқбат форматына жақындатып, жағымды ақпараттарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ҚЫЗМЕТІ ДАМЫП КЕЛЕДІ»

– Жаңа оқу жылы басталғалы жатыр. Осы орайда, Шымкент қаласында атқарылып жатқан балаларды оңалту, оларды профилактикалық тексеруден өткізу, мектептердегі медициналық пунктердің жағдайы, жұмысы туралы айтып өтсеңіз?
– Қалада балаларды оңалту қызметі дамып келеді деп айтуға болады. Қазіргі уақытта жалпы 9 медициналық ұйымда қалпына келтіру және оңалту емі жүргізілуде. Жалпы, балаларға арналған тәуліктік төсек-орын саны — 391, күндізгі төсек орын саны — 101. Осы жылдың 6 айында оңалтудан өткен жалпы бала саны – 3 773. Өткен жылмен салыстырғанда 865 балаға көп. Тәулік бойы стационарда 2 842, күндізгі стационарда 931 бала оңалтудан өткен.
Шымкент қаласындағы оңалту емін жүргізетін оңалту орталықтары мультитәртіпті команда. Онда реабилитолог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевтер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік педагогтар, сондай-ақ түзету педагогтары (ойын, музыка терапевттері, монтессори-терапия мамандарымен қамтамасыз етілген.
Жалпы, қалада жүйке ауруларымен диспансерлік есепте 2 497 бала тұрады. Оның ішінде ДЦП ауруымен 1 164 баланың 893-і оңалту емінен өткен. Орта білім беретін 142 мектепте медициналық пункттер жұмыс істейді.
Профилактикалық тексеруге жататын 225 737 оқушының оқу жылы ішінде 146 729-ы тексеруден өтті. Бұл жоспарланған 50% қамтудың 65%-ын құрайды. Балалардың 33%-ы профилактикалық иммундаумен жасы бойынша қамтылған, жоспар бойынша (30-33,2%).

«ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНДА 76 НЕЙРОХИРУРГИЯЛЫҚ ОТА ЖАСАЛДЫ»
– Ана мен бала денсаулығы тақырыбы қай кезеңде де өзекті қалпын жоғалтқан емес. Қазіргі таңдағы бұл саланың жағдайы қалай?
– 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында 15 325 бала дүниге келді. Оның ішінде егіздер — 194, үшемдер — 1. Өткен жылмен салыстырғанда, егіздер тууының 18 жағдайға өсуі байқалды, ол 10,2%-ға артық.
Балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында Қалалық клиникалық балалар ауруханасының материалдық-техникалық жарақтандырылуы 96%-ға дейін жақсартылды. Заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ, бұрын болмаған онкогематология, нейрохирургия, интервенциялық кардиохирургия, нефрология бөлімшелері ашылып, дамуда.
Қазіргі уақытта осы жабдықтың көмегімен церебральды сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізілуде. Жыл басынан бері Қалалық клиникалық балалар ауруханасында 76 нейрохирургиялық ота жасалды.

– Медициналық мекелердің техникалық жаңартылуы, дәрі-дәрмекпен қамту жағы қалай болып жатыр?
– Материалдық жабдықтармен қамтамасыз ету 77%-ды құрайды. 2022 жылы басқарма тарапынан диагностикалық тексеру жұмыстары мен күрделі оталарды жасау үшін медициналық жабдық сатып алынды.
Амбулаториялық деңгейде 44 медициналық ұйымы (оның ішінде 13 мемлекеттік, 31 жеке меншік) 2022 жылға 9,4 млрд теңге сомасына дәрілік заттар сатып алуға өтінімдер ұсынып, оның ішінде 6,3 млрд теңгеге дәрілік заттар жеткізілді.
Айта кететін нәрсе, медицина саласында оң өзгерістер көп. Қалалық онкологиялық орталықта онкогематология бөлімшесі ашылып, ПЭТ/КТ орталығы мен сәулелі терапия орталығында ПЭТ, КТ, сызықтық үдеткіш аппараттары орнатылды. Қазіргі уақытта КТ және сызықтық үдеткіш аппараттары қызмет көрсете бастады. Ал, ПЭТ қыркүйектен бастап іске қосылады деп жоспарланған. Биыл 1 сәуірден бастап аталған аурухананың базасында амбулаторлық коронароангиография және стендтеу қызметі көрсетіп жатыр.

ОМИКРОН МИКРОБЫ –АУЫР ЖАҒДАЙЛАРҒА ӘКЕЛУІ МҮМКІН ҚАУІПТІ ДЕРТ
– Соңғы кездері еліміз бен шет елде эпидахуал біршама өзгергені белгілі. Шымкент қаласындағы қазіргі жағдай қалай?
– Иә, рас, күні кешегіге дейін эпидахуал Қазақстанда аздап көтерілген болатын. Қазіргі кезде елімізде жағдай біршама дұрысталып, жақсарып келеді. Біздің қаламызда бұл жағдайды барынша ушықтырмау үшін барлық жағдай жасалды.
Атқарылған шаралардың ретіне тоқталар болсам:
— арнайы жасалған жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылды,
— ең бастысы, емханалар мен ауруханаларды жабдықтау,
— төсек орындарын дайындау,
— мамандар мен емханаларды мамандандыру әзірліктері,
— фильтр орнату,
— пациенттерден бөлек, жүкті әйелдерді бөлек қарау дейтін секілді тәсілдерді іске асырдық.
Жыл басынан бастап эпидахуал ең ушыққан кезең 28-маусым десек, содан бері қазіргі таңға дейін 11 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш жаман емес, бірақ бұнымен тоқтамауымыз керек. Әрқашан да туып қалуы ықтимал жағдайға дайын отыруымыз керек.
Жұмысымыздың басты көрсеткіші – вакцинация. Жаппай вакцинациялау арқылы эпидахуал реттеледі. Бұған біз ғана емес, бүкіл дүниежүзі мүдделі. Қазіргі таңда девакцинация әрекеті жүріп жатыр.
Қазіргі жағдайға тоқталар болсам, бүгінде стационарымыздың қамтылуы 9 пайыз, яғни 14 азамат жатыр. Олардың хәлі аса ауыр емес, орташа жағдайда. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі кезде «омикрон микробы» дейтін жұқпалы кесел жүріп жатыр. Ол – короновирустың бір түрі, ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін қауіпті дерт. Әлгі 14 кісіде осы дерттің белгілері бар. Жағдай бақылауда. Олар стационарда жатыр дедік, ал реанимацияда жатқан кісілер жоқ.
Егер, эпидахуал ушығып, төтенше жағдай бола қалса, бұл кесел бойынша дәл қазіргі таңда 156 төсек орын бар. Ал, қажет болып жатса, тағы да 600 төсек орынмен қамти аламыз.

– Қала тұрғындарының медицина ұйымдарына қатысты айтар арыз-шағымдары көп екені белгілі. Осындай мәселені шешудің жолы бар ма?
– Әрине, медицина ұйымдарына қатысты тұрғындар тарапынан айтылатын сын-ескертпелер, арыз-шағымдар аз емес. Былтырғымен салыстырғанда біршама төмендеген. Бірақ, онымен тоқтап қалмай, тағы да төмендете түссек дейміз.
Сол үшін статистикалық ақпарат арқылы сараптама жасамақпыз. Енді әр медициналық мекемені, ол мемлекеттік пе, жеке меншік пе, нысанына қарамай, ай сайын жұмыстарына сараптама жасайтын боламыз. Осы мақсатта ішкі аудит және этика-дионтология қызметіне жүгініп, нәтижесін көріп отыруды көздеп отырмыз.
Біздің атқарып жатқан жұмыстарымыздың бәрі көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасын көтерудің қамы. Ол ауруханада, немесе емханада болсын, жақсара түсуі керек.
«ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАРҒА СӘЙКЕС КЕЛЕТІН ПРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТАР АШЫЛАДЫ»
– «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында адам жасының ұзақтығы көрсеткішін жақсарту жағы аталып өтілген. Бұл көрсеткішті жақсарту бойынша нендей шаруалар атқарып жатырсыздар?
– Азаматтардың өмір сүру ұзақтығы көрсеткішін жақсартудың біздің басқармаға тапсырылған ең басты-басты деген міндеттері бар. Бірнешеуіне жекелей тоқталар болсам, олар:
1) Вакцинация. Короновирустық инфекцияға қарсы азаматтардың 100% вакцинация, девакцинация және қайта девакцинация жұмыстары жүргізілуі керек. Байқаған боларсыз, бұл жұмысты қайталап жатырмыз. Өйткені, бұл әрекет – өте маңызды шаруа.
2) Қауіпті ауруларды ауыздықтау. Біздің елде бірнеше ауру түрлері арнайы есепке алынып, қатаң қадағаланады. Мысалы, жүрек аурулары, қан аурулары, онкологиялық аурулар және тағы да басқалар. Осындай ауруларға шалдыққан азаматтардың өмірлерінің орташа ұзақтығы 51,3-ке жетіп отыр. Бұл да біз үшін жақсы көрсеткіш дей аламыз. Өйткені, еліміздің басқа өңірлерінде ол көрсеткіш 47 шамасында.
3) Мамандардың біліктілігін арттыру. Біздің қаладағы медицина мекемелерінің қызметкерлері алды шет елде, Мәскеуде білімін жетілдіріп жатыр. Бұл бағытта мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінеді, оған қосымша әр мекеме өздері оқытып, өзара тәжірибе алмасып жатыр. Жергілікті бюджет қаражатына қыркүйек айында Литва еліне 30 маманымызды оқытып алсақ деп отырмыз.
4) Инфрақұрылымды жетілдіру. Бұл шара да жоспарға сәйкес реттеліп отырады. Алдын-ала түзілген жобаға сәйкес, тозығы келе бастаған инфрақұрылым нысандарын қажеттілігіне қарай жөндеу, не салу жағы қаралады. Қазіргі таңда қаладағы 2 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Соның бірі қалалық реабилитациялық 2-ші орталық. Келесі жылға да сұраныс жасап, 4 мекемеге ЖСҚ дайындалып отыр.
Осындай бірнеше сатыдан тұратын көрсеткіштер жылма-жыл жақсаратын болса, азаматтардың денсаулығы ғана емес, өмір сүру ұзақтығы да жақсара түседі деп ойлаймын.

– Президент Қ.Тоқаев биылғы 14-шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ана мен бала денсаулығына көп алаңдаушылық білдірген болатын. Перинаталдық қызмет пен перзентханалар халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтқан еді. Осыған қатысты Шымкентте нендей жаңалық бар?
– Иә, президентіміздің сөзінде принаталдық орталықтар туралы айтылды. Соған орай, тағы бір жаңалықпен бөліссем деймін. Президент сөзінен кейін еліміздің 8 өңірінде халықаралық стандарттарға сәйкес перинаталдық орталықтар ашылатын болып шелілді. Соның бірі – Шымкентте салынбақшы.
Қазіргі таңда Шымкент қаласынан салынатын жаңа перинаталдық орталық құрылысы үшін жер бөлініп, жобалау жұмыстары атқарылып жатыр. Оның құрылыс-жобалау жұмыстары жайында алдағы уақытта толығырақ хабарлайтын боламыз.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Жазып алған С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика