Баланың қуанышы –ананың жұбанышы

Жаратқанның жарылқауымен құрсағына шарана біткен сәттен бастап-ақ әрбір ана баланың бүгіні мен ертеңіне алаңдай бастайды. Ал, сәби дүниеге келген соң оны бағып-қағу, ой-өрісін дамыту, дене бітімін дұрыс қалыптастыру, уақытылы тамақтандыру, денсаулығына күтім жасау, құндақтаулы құлынына қамқор болу әрбір ананың міндеті.
Алайда, барлық ана бірдей бала күтімімен алаңсыз айналысуына мүмкіндік бар ма? Бесігін тербетіп, әлдиімен тебірентіп отыруға тіршілік шама бере ме? Баланың көңілі анада болғанмен, ананың баладан басқа да бас қатырар шаруалары шаш-етектен… Тұрмыс тауқыметі, күнкөріс қамы қажытқан ана бала тәрбиесінде қиыс кетуі де таңғаларлық жағдай емес.
Мынадай қымбатшылық бүйірден қысқан заманда ерінің айлығын шайлыққа әрең жеткізіп отырған отбасыға қосымша кіріс түсіп тұрмаса қиын. Сол себептен кейбір аналар балаларын сыртынан жауып, уақытша жұмысқа жегіледі. Бірі үй тазалайды, бірі нан пісіреді, бірі аула сыпырады… Істеген ісіне қарай алған ақысын талғажау етеді. Өйткені, әлі буыны бекімеген баланы балабақшаға беруге көз қимайды, жұмыссыз үйде отыруға тағы болмайды. Ал, айналасы 2-3 сағатқа анасы жұмысқа кеткенде қаншама қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Жасыратыны жоқ, осы «барамын да келеміннің» кесірінен қаншама бала келеңсіздікке ұшырап жатыр. Терезеден құлап та жатқан сәби, отқа оранып жатқан да сәби… Тізе берсек, жан ауыртып, жүрек сыздатар жайттар көп-ақ. Әлеуметтік зерттеулерге үңілсек, оқыс оқиғалар көбіне анасы жұмыссыз, аз қамтылған отбасыларда орын алады екен… Әріге бармай-ақ, кешегі Сайран көліне үш баласын тұншықтырып өлтірмек болған әйелдің әрекеті сөзімізге дәлел бола алады. Үлкенде 3,4 жаста болса, кенжесі 1 жасқа енді толған. Қорғануға қауқарсыз сәбилерін өз қолымен өлтіруге себеп – жетіспеушілік. Сонда біздегі әлеуметтік ахуал адамды ақылдан адастырмақ түгілі, аналық махаббаттан айыратындай жағдайда ма деген ой келгені рас.
Әлеуметтік жағдай демекші, соңғы жылдары мемлекет тарапынан балаларға төленетін жәрдемақы көлемі біртіндеп артып келеді. Бұл көмек кедейліктен құтқармаса да, аш қалмауға сеп. Дегенмен, төлем бала жасына толған күні төлем тоқтатылатын. Жәрдемақы төлеу мерзімін ұзарту туралы бастама ел осыдан 2 жыл бұрын көтеріліп еді. 2020 жылы сол кездегі министр Б.Нұрымбетов 387 мың ана бала күтіміне байланысты жәрдемақы алатынын айта келіп, жәрдемақы мерзімін 1,6 жастан 3 жасқа дейін ұзартуды жоспарлап отырғандарын жеткізген. Ал, кешегі Президент Жолдауында бұл мәселе нақтыланып, бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,6 жасқа дейін созылатыны айтылды.
Яғни, бала 2022 жылдың 1 қаңтарынан кейін туылған балалар 1 жас 6 айға дейін жәрдемақы ала алады. Айта кетейік, жәрдемақы мөлшері қайта қаралмайды, тек мерзімі ғана созылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми мәлімдеді.
–Бүгінгі таңда әлеуметтік отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды. Ең негізгілерінің бірі — Президенттің жолдауында айтылған бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1 жастан 1 жарым жасқа дейін ұлғайту. Осы ретте аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. 2023 жылдың қаңтар айында жәрдемақы мөлшерін алып отырса, бұл ата-аналарға жәрдемақы созылады. Яғни, бала 01.01.2022 жылдан кейін дүниеге келсе ілігеді. Ал оған дейін туса ала алмайды. Жәрдемақы мөлшері қайта қаралмайды, тек мерзімі ғана созылады. Бұл құқықты шамамен жарты миллионға жуық ата-ана пайдаланатын болады-деді мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшерінің соғұрлым жоғары болатынын білуі тиіс. Бұл төлем бүгінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жүргізілген аударымдарға байланысты. Яғни, табыстың 40 пайызын құрайды. Ал енді жұмыс істемейтін немесе соңғы екі жылдың ішінде соңғы 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар бұл жәдемақыны мемлекеттік бюджеттен ғана алуға құқылы.
Мемлекеттің тарапынан төленетін жәрдемақы мөлшері 2022 жылы бірінші балаға — 18 317 теңге, екінші балаға — 21 мың 656 теңге, үшінші балаға — 24 мың 963 теңге, төртінші және одан да көп балаларға — 28 мың 302 теңге. Ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты табыстың 40 пайызын құрайды.
«Бір бала туса, бір жусан артық өседі» дейтін тәуекелшіл халқымыз сәбидің несібесін тек Тәңірден тілеген. Адал ас жегізіп, адамдыққа тәрбиелеуді парыз санаған. Президенттің «балалардың ең маңызды шағында–сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болуы керек» екенін ескеріп, жәрдемақы мерзімін ұзартуы –анаға жұбаныш, балаға қуаныш…
Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика