1 бетке.
Жолдауға–қолдау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Президент өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын, сондықтан да өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін баса айтқан болатын .
Қасымжомарт Тоқаев: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,-деген еді.
Президенттің 1 қыркүйек күні халыққа арнаған Жолдауында балаларға қатысты айтылған мәселелер осы міндетті нақтылай түсті. Жолдау қарапайым тұрғындарды бір бір серпілтіп тастады десек те болады. Жолдаудағы жағымды жаңалықтарға үн қосқан бірнеше оқырманның хатын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Бақытнұр ЖҮЗБАЕВА, жас ана:
Баланың болашағына жасалған қамқорлық
Жас балалы болғандықтан, қоғамдағы жаңалықтарды соңынан естіп жатамыз. Бірақ Президенттің Жолдауының жағымды тұстарын құрбыларым хабарлады. Кейін әр сөзін қалдырмай оқып шықтым. Елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған тұстарын өзіме түртіп алдым. Әсіресе, «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын» дегені көңіліме қонды. Президент «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын» деді. Бұл баланың болашағына жасалған жауапты мәлімдеме деп санаймын. Бүлдіршендеріміздің болашағы қалай болар екен деп уайымдайтын өзім сияқты көпбалалы аналар үшін зор қуаныш болды.
Нұржан ҚҰЛЫМБЕТОВ, қала тұрғыны:
Балабақшаның саны артады
–Мемлекет басшысының Жолдауын асыға күтіп тыңдайтындардың бірімін. Бұған дейін де Жолдауда айтылған тапсырмалар жүзеге асырылып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Ал, 1 кыркүйек күні Президенттің Қазақстан халқына арнаған «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауы берекемізді арттырғандай. Әсіресе, балаларды қолдау туралы айтқандары көпшілікті қуантты.
Біздің 5 баламыз бар. Оның екеуі мектеп жасында. Ал, екеуі балабақшаға барады. Кенжеміз әлі бесікте. Үлкендеріміз балабақшаға бармады. Мемлекеттік балабақшада орын болмады, жекеменшік балабақшалардың төлемақысын қалта көтермеді. Ал, кіші екеуі өткен жылдан бастап балабақшаға барып жүр. Жартылай жекеменшік болғандықтан әрқайсысына 12 мың теңге көлемінде төлейміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет» деді. Дұрыс, балабақша –бала тәрбиесінің бастауы. Сондықтан қалада балабақша санын көбейту, оларға жағдай жасау еліміздің келешегі үшін игі іс болар еді.
Мемлекет басшысы орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін, алдағы уақытта әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс екенін айтты. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатынын жеткізді.
Жолдауда айтылған «Жайлы мектеп» дегеніміз не? Жалпы мектеп салу, тозығы жеткен мектеп ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Биыл Шымкент қаласында бірнеше мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Бірнеше қосалқы ғимараттар салынды. Бұл өз кезегінде үш ауысымды мектептердің санын азайтады. Қазір үшінші мегаполисте туу көрсеткіші күн санап артып келе жатқандықтан, жыл сайын мектепке баратын бүлдіршіндердің де саны артуда. Басқа аймақтарда да халық саны күн санап көбейіп келеді. Осыны ескерген ел Президенті 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасайтынын мәлімдеді. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешілетін болады. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
«Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деді Президент. Жолдауда айтылған бастамалар жүйелі іске асатынына сенеміз.
Аягөз САТЫБАЛДЫ, қала тұрғыны:
Жас отбасыларға үлкен көмек болар еді
–Біз жас отбасымыз. Қазір қалада пәтер жалдап тұрамыз. Күйеуім –такси жүргізуші. Өзім дүкенде сатушымын. Күнделікті табысымыз ас-су, пәтерақыдан артылмайды. Әрине, балалы болу әр ата-ананың басты арманы емес пе, біз де перзент сүйіп, сәбилі болғымыз келеді. Алайда, балалы болған соң күнкөріс жағы қиындап кетпей ме деген ой мазалайтын. Өйткені күйеуімнің тапқаны тек пәтерақымызға ғана жетеді. Ал, мен бала күтімімен үйде отыратын болсам, қиынға соғатын түрі бар. Баланың болашағы қалай болар екен деген ой мазалайтын. Кешегі Президенттің Жолдауында айтылған қадау-қадау ойлар өміріме өзгеріс әкелгендей сезімде болдым. Енді Жолдауда айтылған игі бастамалар ертерек қолға алынса екен деймін. Мемлекет басшысының бала бір жарым жасқа толғанға дейін жәрдемақы төлеу туралы «Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады» деген сөзі ұнады. Бала балабақшаға барғанға дейін ай сайын жәрдемақы төленіп тұрса, соның тәрбиесімен алаңсыз айналысып үйде отырар едім. Бала күтімімен отырған аналар үшін бұл үлкен жаңалық болды.
Leave a Reply