Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялады Бұл Жолдауды тікелей эфирде Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында барлық сала өкілдерімен бірлесе отырып онлайн форматта тыңдадым. Жолдауда Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар айтылды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс, — деді мемлекет басшысы.
Білім мерекесімен орайлас келген Президент жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты маңызды мәселелер қаралды, тың жоспарлардың орындалуына бағыт-бағдар берілді. Бүгінгі жолдау жалпы бес бағдардан тұрды. Атап айтар болсам:
Бірінші бағдар: Жаңа экономикалық саясат.
Екінші бағдар: Нақты секторды дамыту үшін бағдар.
Үшінші бағдар: Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция.
Төртінші бағдар: Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту.
Бесінші бағдар: Заң және тәртіп.
Бұл бес бағдар да қамтылған әрбір мәселе еліміздің өсіп-өркендеуіне орасан зор ықпал етуі сөзсіз. Алайда, мен педагог болғандық үшінші бағдарды ерекше ілтипатпен тыңдадым. Себебі әрбір оқушыға беріліп жатқан білім болашағымызға құйылып жатқан инвестиция деп түсінемін. Сондықтан да осы бағытта жұмысты жандандырып, табысқа қол жеткізу әрбір ұстазға айтылған міндеттеме деп түсінемін. Осы жолдауды тыңдап отырып, үлкен ой түйдім, өзіндік пікірім де қалыптасты. Сапалы білім – мемлекет пен қоғам үшін басты құндылық. Сондықтан да, білімді дамыту мемлекет басшысы белгілеген барлық стратегиялық бағдарламалардың тірегі болып табылады. Осы жолдауда білім саласына қатысты айтылған ойлармен бөліскім келеді.
Білім беру жүйесі ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керектігін айтты. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту қажеттілігі керемет жаңалық болды. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітіліп, олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайту туралы да ескертті. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосатындықтан, оларға қолдау көрсету мәселесі де назарда болды. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациядан өткізу міндеттелінді.
Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болып, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.Осы бағытта жұмыс жоспары талқылап, алгоритмдік қадамдарды «коллективті кабинетте» нақтылау маңызды екенін қадап айтты. 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасайтынын, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешіледі деді. Демек, бұл әрекет ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Ал мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс, Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек деген ой жолдауда айтылды. Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажеттігін назарда ұстады.
Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ ұстаздардың құзырет аясы айқындалады. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды деді.Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Мектеп пен жоғары оқу орындарымен байланысты жандандырып, балаларды білімге, ғылымға қызықтыру жайы сөз етілді. Ал қоғамда қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Себебі білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде.
Ата-аналар мен оқушылар алған білімнің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан олармен де үнемі әріптестік қатынас, «партнерлік қарым-қатынас жүйесін қолға алу» орната білу керек деді. Ата-ана, оқушы, мұғалім байланысы жаңа сипатта бой көтеру керек деп түсіндім. Бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты қадам, әрі білім беру капиталына қол жеткізетін алтын көпір байланысы деп түйгендей болдым. Бұл қадам еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатына қол жеткізер, жол ашар баспалдақ болар.
Сонымен қатар еңбекақыны да нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы болатынын айтты. Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізіп, зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз деді. Сондай-ақ, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыратынын, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлейтінін ескертті.
Маған осы жолдауда тағы бір ұнаған тұсы «Балалар жылында» айтылған ұсыныстар көңілімнен шықты. Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады. 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланғанын, осы бастамалар аясында жұмысты жандандырамыз деп уәде етті.
Әсіресе, әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны маңыздылығын түсіндірді. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырды. «Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болды. Бұл – Жаңа Қазақстанның сипатына сай келетін маңызды бастама деп көрсетті. Демек, бұл бастама балалар үшін жарқын болашақтың кепілі деп ойлаймын.
Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керектігін, кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керектігін сөз етті. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Осы жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеу ісі қоғам алдындағы басты міндет екенін, ұлттық идеология жұмысына баса мән беру маңыздылығы айтылды. Нағыз кәсіби білікті ұстаздар арасында бәсекелестікті арттырып, креативті идеялардың бой көтеруі әбден мүмкін деп ой түйдім. Сонда тек санға ғана емес, сапаға бірлесіп жұмыс жасауы сөзсіз.
Жалпы бүгінгі мемлекет басшысының жолдауы еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес міндеттердің орындалуына мұрындық болады деп сенім артамын. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз.
МЕРУЕРТ МЕДЕТБЕКОВА,
Шымкент қаласы.
Leave a Reply