БРИФИНГ 1776 БАЛА ЖҮЗУ ҮЙРЕНДІ

Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында қалалық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, капитан Н.Қаракөзев шомылу маусымында жазатайым оқиғалардың алдын алу шаралары бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Спикер құтқаушылар жазғы маусымда балалардың демалысын қауіпсіз өткізуіне ерекше көңіл бөлініп, жергілікті әкімдіктермен брлесе отырып, су айдындарында төтенше жағдайға жол бермеу мақсатында барынша қауіпсіздікті сақтауға, іс-шаралар кешенін жүргізілгенін атап өтті. Тыңғылықты атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қалада демалуға, туризмді дамытуға, спортпен шұғылдануға арналған 5 орын, ал, шомылуға тыйым салынған 13 орын анықталған.
–Департамент аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қаладағы аз қамтылған отбасының балаларын бассейндерге тегін шомылуға, жүзу бойынша тегін оқытуға мүмкіндік қарстырдық. Бассейн иелерімен келісе отырып, 10 меморандум бекітілді. Қазіргі таңда, осы меморандумға сәйкес 1776 балаға жүзу үйреттік. Сонымен қатар, күн сайын қоғамдық орындарды аралап, шомылу ережелерін сақтауды талап етіп, рейдтер мен патрульдеу жүргізіп келеміз,-деді басқарма бастығы.
Шомылу маусымында департаменттің жедел-құтқару жасағының 55 құтқарушысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қала аумағында 40-қа жуық жеке құтқарушы 18 объектіде (аквапарктарда, бассейндерде) қызмет көрсетеді. Оларға жедел-құтқару жасақтың құтқарушылары үйрету сабақтарын өткізген.
Сондай-ақ, қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқу орындарында 24 интерактивті сабақ, 40-қа жуық жиын өткізілді. 30 билборд орнатылып, 22564 үгіт парақшалары (жадынамалар, брошюралар) таратылды. Су айдындарында 55 тыйым салу белгілері орнатылды. Жергілікті телеарналарда және ЛЭД экрандар арқылы бейнероликтер көрсетілді. Жазғы мезгілде судағы қауіпсіздік қағидаларын жеткізу мақсатында тақ күндері 22 республикалық, 4 жергілікті телеарналар мен 3 радиоарнаны түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Мемлекеттік қолдау
БИЫЛ 51 ТҰРҒЫН ҮЙ ТАПСЫРЫЛАДЫ
Шымкентте биыл бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд. теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 31-і кредиттік тұрғын үй, 20-ы арендалық тұрғын үй. Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ә.Рабаев тұрғын үйге сұраныс өте жоғары екендігін, соны ескере отырып, тұрғынүй құрылысы қарқын алғанын жеткізді. Салынып жатқан тұрғынүйлер жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым бойынша 15 нысан (Тұран ш/а 5 жоба, Бозарық ш/а 6 жоба, ӘІО 2 жоба және Жанаталап т/а 2 жоба) жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, 8 мектеп құрылысы, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарланған.

Жастар бағдарламасы
857 пәтер жалға беріледі
Шымкентте кеше жастар бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау басталды. Өтінім қабылдау бүгін, яғни 29 шілде күні аяқталады. Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Ж.Утебаева мен басқарма басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Ж.Ордабекова БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте өтінім қабылдаудың талаптарымен таныстырды.
– Жастар бағдарламасына жұмыс істейтін және қажетті балл жинаған жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 211 пәтер Тұран шағын ауданында орналасқан,- деді басқарма басшысы Жанат Өмірсейітқызы.

Сонымен қатар, биыл азаматтардың пайдалануына жалпы 1 605 пәтер табыстау жоспарланған болса, оның ішінде жұмыс істейтін жастар бағдарламасы бойынша 857 пәтер беру қарастырылған. Аталған бағдарлама бойынша жыл соңына дейін кезең — кезеңімен конкурстар өткізілетін болады.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлер жастардың ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болуы үшін қаражат үнемдеуге мүмкіндік бере отырып, жұмыс істейтін жастарды қолдауға арналған жоба.
Жастар 5 жыл көлемінде 5000-17000 теңге аралығындағы соммаға отбасы құрамына қарай 1 немесе 2 бөлмелі пәтерді жалдап тұра алады.

Қатысушыларға қойылатын басты талаптар:
— Жасы 29 жасқа толмаған жұмыс істейтін жас болуы тиіс;
— Бағдарламаға қатысуға өтінім берушінің соңғы 2 жылда Қазақстан Республикасы аумағында иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі керек;
— Шымкент қаласында соңғы 2 жылда тұрақты тіркеуде болуы тиіс;
— Ай сайынғы табысы 40 АЕК (122 520 теңгеден) асуы шарт.
Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбасы ) арқылы өтініш бере алады.

Білім
Биыл 28 мың бала бірінші сыныпқа барады
Бүгін Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева қала әкімі М.Әйтеновке 6 айда атқарылған жұмыстар және жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы есеп берді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қаладағы 577 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 88 429 баланың – 88,6%-ы мектепке дейінгі білім беру ұйымымен қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 53 558 бала – 100%, 2-6 жас аралығындағы 76 416 баланың 89,3% (68 254 бала) қамтылған. 2 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы қаралды. 28 балабақша ашу (2 480 орынға) жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік балабақшаларға толығымен бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Биыл 1-сыныпқа 28 мың бала қабылданбақ . Жаңа оқу жылында оқушыларды қосымша біліммен қамту жоспары — 77,1% жоспарланған. 11 қосымша білім беру ұйымдары және 17 аула клубтары және мектепішілік түрлі үйірмелерде қала оқушылардың 76% қосымша біліммен қамтылған. Оның ішінде жан басына қаржыландыру есебінен 32 000 бала қамтылуда. 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылған. 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз карточкалық жүйеге өткізілді.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін 1 ПМПК, 1 ППТК ашу үшін тиісті құжаттамалары ресімделуде.122 логопункт кабинеттері, қосымша 46 логопед штат бірліктері, 126 мектеп жанынан медиация кабинеті ашылады.

Қала әкімі балабақшаларға қатысты кешенді жоспар дайындау, педагогтердің бейінділігін реттеу, медицина, спорт, білім саласы бірлесіп инвесторларды тарту мақсатында кәсіпкерлерге арналған ауқымды көрме ұйымдастыру, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын жан-жақты зерделеп 20 тамызға дейін баяндауды тапсырды. Соынмен қатар, оқулық жетіспеушілігінің алдын алу, турникеттердің жұмысын тексеру, эпидемиялогиялық жағдайға байланысты оқу түрлеріне дайын болу, білім беру ұйымдарындағы жылу қазандықтарының жаңа жылыту маусымына дайындығын пысықтауды міндеттеді. Межеленген индикаторлардың әрбірінің орындалуы бойынша талдау жүргізіп, өзекті мәселені үнемі бақылауға ұстау керектігін айтты.

Бетті дайындаған Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика