Рубрика: ДЕНІ САУ ҰЛТ
Колонт:
«АУРУХАНАНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ЖАБДЫҚТАЛУ КӨРСЕТКІШІ 94,6%-ҒА КӨТЕРІЛДІ»
«ДЕНІ САУ ҰЛТ» ұлттық жобасы мен оның атқарылу барысы жайында таныстырып келе жатқанымызға біршама уақыт болғанын қадірменді оқырман білер. Осы жоба аясында басым бақыттардың бірі – БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ. Бұл тақырып қозғала қалса, Шымкент қаласында орналасқан қалалық балалар клиникалық ауруханасы бірден ойға орала кетеді.
Осы орайда, аталған емдеу мекемесіне ат басын бұрып, клиникалық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысып едік. Қалалық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Г.О.Алтынбаева ханымға жолығып, сауал беріп, әңгімесін тыңдадық.
Гүлнар Оразалықызы АЛТЫНБАЕВА, Қалалық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
«АУРУХАНА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫ АККРЕДИТТЕУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТІ БАҒАЛАУДАН ТАБЫСТЫ ӨТТІ»
– Гүлнар Оразалықызы, Қалалық балалар клиникалық аурухананың құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ, сонда да біршама жетістіктерге жетіп жүрсіздер. Әңгіменің басын ауруханасының құрылу кезеңінен бастайықшы. емдеу мекемесінің тарихы қалай басталды?
– Біздің қалалық балалар клиникалық ауруханасының тарихы еліміздің жер-жерінде жүздеген ауруханалардың салынуына сеп болған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен байланысты. Осы жоба аясында «Асар» мөлтекауданында Шымкент қаласының бала жасындағы тұрғындарына арналып, 24 мың шаршы метрден құралған 2 корпусты қалалық көпсалалы балалар ауруханасының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Аурухана 2015 жылдың 21 ақпанында 270 төсек орындық болып пайдалануға берілді.
Ұйым 2017 жылы Шымкент қаласы бойынша үздік медициналық стационар болып танылды. Осы жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Ал, 2018 жылдың 30 қазанынан бастап, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарайтын шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық балалар клиникалық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны деп аталатын мекемеге айналды.
Қазіргі таңда ШЖҚ «Қалалық балалар клиникалық ауруханасы» МКК көп салалы стационарлық 315 төсек орынды балалар ауруханасы болып саналады. Шымкент қаласының бала жасындағы тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетіп келеді.
– Енді аурухананың қазіргі келбетіне, қызметіне, атқарылып жатқан шаруалар жайына тоқталыңызшы. Ұйымның әлеуетін арттыру саласында нендей жұмыстар атқарылды?
– 2020 жылдан бастап тиімді пайдалану мақсатында төсек орындарды қайта бейіндеу жүргізілді. Нейрохирургиялық, күйік, торакальді хирургия, неврология, кардиохирургия, травматология және ортапедия, урология бейіндері бойынша медициналық оңалту және қалпына келтіру емі қолға алынды. Ауруханада жалпы хирургиялық 130 төсек және соматикалық 180 төсек орын бар.
Бүгінгі таңда аурухана қуаты 315 төсек орын, 18 бейін бойынша көмек көрсетеді. Оның ішінде 20 төсек орындық күндізгі стационар бар. Төтенше жағдайға байланысты, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының 2020 жылғы 4 наурыздағы №73 бұйрығы негізінде карантиндік емес инфекцияларға арналған инфекциялық бөлімшенің 80 төсек орны және басқарманың №235 бұйрығы бойынша қуаттылықтан тыс орналастырылды. Ал, 2020 жылы реаниамция және қарқынды терапияның 3 төсек орны «covid-19» бар балаларға арналған провизорлық стационардың 20 төсек орны қарастырылған. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, осындай үйлесімді жұмысты ұйымдастыру нәтижесінде пациенттер арасында өлім-жітім жаңдайы тіркелмеді. Аурухана қызметкерлері COVID-19-бен күресу үшін бар күшін салды.
Былтырғы 2021 жылдың сәуір айында біздің қалалық балалар клиникалық ауруханасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ -299/2020 бұйрығына сәйкес, «Денсаулық сақтау саласындағы сыртқы кешенді бағалау жөніндегі сарапшылар мен консультанттар» қоғамдық бірлестігі тарапынан медициналық ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі қызметті бағалаудан табысты өтті. Және, 3 жыл мерзімге аккредиттеудің бірінші санатына ие болды.
«МИ ҚАН ТАМЫРЛАРЫНЫҢ АРТЕРИО-ВЕНОЗДЫ АҚАУЛАРЫН ЖАБЫҚ ӘДІСПЕН ЭНДОВОСКУЛЯРЛЫ ОТА ЖАСАУ ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ»
– Балалардың еміне қатысты квота бөлу, туа бітті кеселдерді емдеу, басқа да медициналық сала тармақтары бойынша клиникалық аурухананың ерекшеліктері жайлы сөз қозсаңыз…
– Қазіргі таңда қалалық балалар клиникалық ауруханасы Шымкент қаласындағы 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмектің барлық түрлерін көрсетуге арналған көпсалалы аурухана болып саналады.
Ал, 2020 жылдан бастап, аурухана құрылымын тиімді пайдалану және ұлғайту, оның ішінде хирургиялық қызметті дамыту мақсатында жаңа профильдер ашылды. Атап айтқанда, нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальді хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметтері жолға қойылды.
Неонатальді хирургиялық көмек көрсету түрі ұлғайып, жаңа туылған балаларға медициналық көмек тек қалалық балалар ауруханасында көрсетіле бастады. Яғни, туа біткен жүрек ақауы, алдыңғы ішкі қабырғасы және орталық жүйке жүйесі сырқаттанған науқастарға хирургиялық ем жүргізілу жолға қойылды.
– Аурухананың медициналық түрлі салаларына бейімделгенінен хабардар болдық. Енлі, сол салалар бойынша мамандарды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру дейтін де шаруа бар ғой. Бұл жағы қалай?
– Былтырғы 2021 жылы аурухана есебінен онколог, нефролог, эндокринолог мамандары өз біліктіліктерін арттырды. Өткен 2021 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқарамасы басшысының қатысуымен 20 төсек орындық онкогематонефрология, эндокринологиялық 2 төсек орын ашылып, нефрологиялық бейін бойынша 7 төсек орын қарастырылды.
Қазіргі таңда перитонеальді диализі бар пациенттер ем қабылдап жатыр. Бұған облыстық балалар ауруханасынан ем қабылдап келген қалалық балалар енді қалалық балалар клиникалық ауруханасында ем қабылдайды.
– Жаңа құрал-жабдықтар алу жағы да ескеріле ме? Сондай-ақ, алда атқарылатын жобаларыңыздың ретін де тілге тиек ете кетсеңіз…
– Жалпы, 2020 жылдан бастап, интервенциялық кардиология және ангиохирургия бөлімшесі 20 төсек орынға ашылды. Жергілікті бюджет есебінен МРТ-ангиограф аппараты алынды.
Алдағы уақытта ангиография саласында:
1) Жүректің туа пайда болған ақауы, жүректің қарынша аралық тесігі (ВПС – ДМЖП) эндовоскулярлы әдіспен операциялық емдеу;
2) Ми қан тамырларының артерио-венозды ақауларын жабық әдіспен эндовоскулярлы ота жасау қолға алынады. Сондай-ақ, балалар аритмология саласын қолға алу жоспарлануда. Бұған қоса, 2022 жыл көлемінде аурухана мамандарын алыс-жақын шетелдерде оқыту жоспарланған.
Қалалық балалар клиникалық ауруханасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлініп, тиісті шаруалар атқарылып жатыр. Дәл қазіргі таңда аурухананың материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 94,6%-ға көтерілді. Бұл – өте үлкен көрсеткіш.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Бала денсаулығын жақсарту саласындағы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Шымкент қаласы
Leave a Reply