Ер-азаматша ат құлағында ойнап өскен, ел алдында айтысқа түсіп, бозбалалармен бірге қыз қууға қатыса-тын еркін де ерке қазақ қызы неге шетінен шылбыр үзіп, айттырылған жерге бармай, сүйгенімен қашып кете бермеді? Оның да себебін қыздар сыңсуда өздері айтқан:
Құлпырған қызғалдақтай қыраң-дағы,
Беліміз аз ғана күн бұраңдады.
Арасы екі ауылдың шалғай тартса,
Қайтейін, айтқан сертте тұрам-дағы…
Қазақ қызы өзінің емес, ата-анасының сертінде тұрды. Ата-анасы жарасқанның баласы да жарасатынын, «көріп алған көріктіден көрмей алған тектінің артық» екенін, тұрақты құндылықтардың тұрақты отбасын тудыратынын, ал ата дәстүрдің сол тұрақты құндылықтарға қызмет ететінін түйсінгендіктен өзінің балалық, қимастық сезімдерін құрбан ете отырып, ата-ананың батасын бұзбады.
«Отанды сүю – иманнан» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Отан-сүйгіштік қасиет қазақтың қанына біткен. Оны рухани құндылық ретінде қалыптастырудағы қазақ әйелінің қажыр-қайраты ерге бергісіз. Біз бергі дәуірдегі батыр аналарымыз бен аруларымыз туралы көп айтамыз, ал ерте ортағасырларға бара бермейміз. Менің тағы да Қорқыт ата кітабына оралғым келіп отыр. Ұлы жырау жырға қосып дәріптеген барлық әйел-аналар бейнесі нағыз ерліктің символы деуге болады. Қазақтың «Алпамыс батыр» жырындағы Гүлбаршынның мекені осы Сыр бойындағы Баршынкент қаласы саналады. Біздің жырымыздағы Гүлбаршын ақылына көркі сай ару деп бейнеленсе, Қорқыт ата жырлаған Гүлбаршын ең алдымен ерлігімен Алпамыс батырды тәнті етеді. Алпамыстың әкесі ұлынан: «Саған қандай қалыңдық іздейін?» деп сұрағанда ол: «Мен орнымнан тұрғанша есіктен шығып кететін, мен атыма мінгенше жауға аттанып кететін, мен жауыма жеткенше жауды жайратып келетін қызды әпер» дейді. Сонда әкесі: «Сен жай қалыңдық емес, өзіңе серік болатын жаужүрек жар іздеп отырсың ғой. Ондай қызды өзің іздеп тап» деп жібереді. Сонда Алпамыстың ат жарыстырып, оқ атысып, күресіп жүріп жеңіп алған жары осы Гүлбаршын болады.
Қорқыт жырында Қаңлы қожа ұлы хан Торалы дейтін кейіпкер бар. Оның да іш оғыз, тыс оғыздан өзіне лайық қалыңдық таппай, сонау Тарабузан елінен іздеп тапқан аруы оң-солына садақты бірдей ататын, атқан оғы жерге түспейтін қыз болып шығады. Сондай ерлігі асқан жары ақырында оны ажалдан алып қалады. Бұл кейіпкерлер – өз тұлғасы арқылы отансүйгіштік қасиеттің қалыпта-суына қызмет еткен кейіпкерлер болатын.
Қазақ әйелі пір тұтқан құндылық-тардың бірі – ақыл-парасат.«Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» дейді қазақ. «Әйелдің жақсысы еркектің жақсысынан да жақсы, еркектің жаманы әйелдің жаманынан да жаман» дегенді де сол қазақ айтқан. Қазақ жыр-аңыздарында азаматына ақылымен сүйеу болмаған әйел бейнесі жоққа тән. Ақын болсын, батыр болсын, әулие болсын, ел аузында аңызға айналған кез келген әйел заты ең алдымен ақылы асқанды-ғымен ерекшеленеді. Қартқожақты райынан қайтарған Ақжүніс те, Қодарға кесене салдырған Баян да, қанды қол қарақшының жүрегін жібіткен Домалақ ана да даналығымен дараланған жандар болатын. Ақылы аз, құр ажарына немесе білек күшіне сенген бірде-бір аңыздық әйел кейіпкер жоқ қазақта.
tories/T0ci-xIfXmk.jpg» width=»300″ height=»200″ alt=»T0ci-xIfXmk» style=»float: right;» />
Алланың әйел-еркек деп алаламай беретін қасиеті ақыл болғандықтан да ислам ойшылдары ақылға ерекше мән берген. Ақидамыздың негізін салған имам Матуриди осы орайда қызық бір тұжырымға келген. Ғұлама имам әйел затының әмірші, әскербасы, қазы қызметін атқаруы жөн болмайды, себебі бұл міндеттер әйелдің нәзік болмысына ауыр соғады деп біледі. Бірақ әйел адам дін мәселелерінде шешім шығарып, пәтуа бере алады деп тұжырымдайды. Себебі пәтуа беру ең алдымен ислам ілімін жетік меңгеруге, екіншіден қисынды ойлау мен парасатты пайымдау қабілетіне, үшіншіден тапқырлық пен шешендікке байланысты болып келеді. Бұл имам Матуридидің ақыл-парасат жөнінен әйелдерді ер азаматтан кем көрмей, ерекше сеніммен қарағанын, демек, бұған негіз боларлық дәлелдер исламда жеткілікті екенін айғақтайды.
Ақыл-парасатына ерлігі сай қазақ әйелінің адамгершілік ұстанымдарының бағаланар тұсы оның қонақжайлылығы болған. «Қонақ табағыңа емес, қабағыңа қарайды» дейді қазақ. «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Қонақ келсе, Қыдыр келеді» деп санайтын қазақ үшін Қыдыр ас иесінің – әйелдің қабағына келеді.
Кешегі Кіші жүз қазақтарының 1793 жылғы көтерілісін басқарған Сырым Датұлы өз елінің бір ақылгөйіне сәлем бере барады. – Кімнің баласысың? — деп сұрайды қария. – Даттың баласымын, — дейді Сырым. Сонда қария: – «Қой баға алмас жаманнан қолақпандай ұл туды» деуші еді, сол сен екенсің ғой? — дейді. – Болсақ, болармыз, — дейді Сырым. – Әкең нашар болғанмен, анаң жарамды еді. Күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды қабағын шытпай күтіп жіберуші еді, — дейді қария. Сонда Сырым: – Анамыз күндіз жиырма қонақты, түнде жиырма қонақты күтіп жіберсе, жиыны қырық болады екен, «Қырықтың бірі – қыдыр» деген, қыдыр дарыған соң қой баға алмас жаманнан қолақпандай ұл туған болар, — деген екен.
Қазақ әйелі болмысындағы рухани құндылықтар иман құндылықтары аясында дамыды. Осы Сырдың бойында өткен Бегім ана туралы аңызға, Домалақ ана, Қыз әулие, Гауһар ана аңыздарына бойлап қарасақ, ең алдымен тазалықты, иман құндылықтарын пір тұтқан аналардың қадір-қасиетіне куә боламыз. Қазақ әйелінің қарапайым тұрмыстық ұстанымдарының өзі оның тереңде жатқан имани құндылықтарынан хабар береді.
Менің анам келін боп түскенде атасының дүниеден өткеніне алты жыл болған екен. Әжеміз төрдің алдына төсеген екі көрпешені «атаңның төсенген көрпешесі еді» деп үнемі айтып отырған көрінеді. Мен ес білгелі сол көрпешені анамыз төрден түсірген емес, бірақ «атамның көрпешесі ғой» деп ешқашан үстіне де отырмайтын, аяғымен де баспайтын, жанына жақын отырса, «аяғым тиіп кетпесін» деп қайырып қойып отыратын. Қазір әжеміздің дүниеден өткеніне жиырма жылдың жүзі болды, анамыз жетпістен асып, қариялық жасқа жетті. Бірақ елу жыл бойғы әдетінен анамыз әлі жаңылған жоқ. Осыны көзбен көріп өскен бізге сол ғибраттың өзі жеткілікті болды. Біз атамыз түгіл, әкеміздің жабулы тұрған кереуетіне отырып көрмедік. Қасиетті бір нәрсені басып кететіндей жасқандық. Санадағы емес, сезімдегі бір тыйым жібермей тұратын. Құндылық атаулы тек санаға ғана емес, сезімге әсер ететіндігі-мен құнды екенін мен осыдан ұғындым. Жақында нағашы жұртыма барғанда нағашы жеңгем: «Апамның көрпесі еді, өзім жамылмай сақтап жүр едім» деп, жиырма бес жыл бұрын дүниеден өткен енесінің – нағашы әжеміздің көрпесін үстіме жапты…
Ал енді осыны атасына сәлем салған келінді «Аллаға серік қосты» деп айыптап жүрген салафиліктің ықпалына түскен қандастарымыз көрсе не дер еді?! Қазақтың келіндерін – өздерінің аналарын «кәпір» деп айыптап, «діннен шыққан» деп пәтуа беруден тайынбас еді. Өйткені олар – өз ұлтының рухани құндылықтарынан қол үзгендер. Құндылықтан қол үзген буын өз ұлтының ұрпағы болудан қалады. Ал қазақы құндылықтардың қадіріне жететіндер үшін атасының көрпешесін елу жыл төріне төсеп, бір баспаған, енесінің көрпесін жиырма бес жыл бойы көзінің қарашығындай сақтаған, сол арқылы құндылықтарды қорғаған қазақтың келіндеріне ескерткіш қойса да артықтық етпес еді.
Сөзімнің соңында келеңсіз де болса, көз көрген бір оқиғаны назарға сала кеткім келеді.
Жақында рухани себептермен Астана қаласындағы жетім балалар үйін ұйымдастырған бір қайырымдылық қорына бардым. Ондай мекемеге барғанда көңіл-күйдің қандай болатыны бесенеден белгілі, бірақ менің жаныма бәрінен қаттырақ батқаны – жетім балалар үйінде 18-23 жас аралығындағы бойжеткен қыздардың да жүргені болды… Көзін ашқалы ананың алақанын сезінбей, жетім балалар үйінде өскен қыздар кәмелетке толған соң да барар жер, басар тауы болмаған соң, балалар үйінен алыстап кете алмайды екен… Бұл – «Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді», «Жетім көрсең, жебей жүр» деп мақалдап, жетім-жесірін қаңғытпаған, «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп, қыз баласын қорғансыз қалдырмаған, өз туысы түгілі, руы басқа кірме ағайынға да асар жасап, үстіне үй тігіп, жылу жинап, алдына мал салып беретін біздің қамкөңіл қазақтың бүгінгі рухани деңгейі… «Ұлт» деп, «рух» деп жанығумен өткен даңқты тарихы-мыздың қай тұсында біз жетім-жесірін қаңғыртып жіберетін абыройсыз әдетке ие болғанбыз?!
Іргеміздегі өркениетті елдерге көз салсақ, балаларымызды асырап алып, жастарымызды оқуға шақырып, қабілеттілерімізге қол ұшын беріп, өзіне тартып, өздерінің азғындаған ұрпағының ақыл-ойын біздің текті ұлттың есебінен толтыруға тырысуда. Рас, талантқа бай халықпыз, бірақ байлықтың мәні оңды-солды шаша беруде емес. Қазақ ешқашан адамды көпсінбеген. «Асқа зар етсең де, басқа зар етпе» деген тілекті айтқан да біздің қазақ.
Қазақ әйелі ұлттың рухани құндылықтарын қалай қорғаса, біз де оларды солай қорғауымыз керек. Бүгінгі қыз – ертеңгі ұлттың анасы, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ана. «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» дейді қазақ. Қыз бала да елі үшін туады, елі үшін өледі. Оған кешегі аналарымыз жайлы аңыздар да, бүгінгі қыздарымыздың таным-түсінігі де куә. Жақында ғана Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстаздары қыздар арасында сауалнама жүргізді. «Ел басына күн туса, қолға қару алар ма едіңіз?» деген сауалнаманың соңғы сұрағына қыздардың 92,7 пайызы: «Иә, қолыма қару алып, майданға шығамын, өйткені елді қорғау менің де азаматтық борышым» деп жауап берген…
P.S Қылдан таймай жүрген ешқайсысымыз жоқ. Бірақ құндылықтар өзгермесін. Қазақты қазақ еткен, бұдан кейін де қазақ ретінде сақтап қала алатын құндылықтар өзгермесін…
Leave a Reply