ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді.  Министр алдымен жергілікті «Ontustik» телеарнасының жұмысымен танысып, сол жерде қаладағы БАҚ өкілдерімен кездесті. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жүргізген кездесуге телеарна ұжымынан бөлек, мегаполистегі төртінші билік өкілдері жиналды.
Дархан Қыдырәлі, ҚР ақпарат және  қоғамдық даму министрі : » Бүгінде министрлік бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңның жобасын әзірлеп жатыр. Онда журналистердің статусын айқындайтын, олардың құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетілуін қамтамасыз ететін және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған нормалар болады. Сондай-ақ, БАҚ-тарды субсидиялау туралы да ұсыныстар айтылып жатыр. Әрине, мұның бәрі әзірге жоба ғана. Жұмыс тобы нақтылау жұмысын жүргізіп жатыр. Содан кейін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылады».
Министр  Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласының еліміздегі массмедианың дамуында ерекше рөл атқаратынын, сондықтан жергілікті журналистердің заң жобасына қатысты пікірі мен ұсыныстары маңызды екенін атап өтті.  Кездесу барысында Үкімет мүшесі журналистердің сауалдарына жауап беріп, салдағы өзекті проблемаларды шешу жөніндегі ойларын ортаға салды.
Расында медиа мен мемлекет өзара тығыз әрі маңызды ұғым.  Ақпарат құралдарын алға шығарып, жан-жақты дамыту қоғамның өсіп-өркендеуіне жол ашады. Бұны әлемдік процестен көріп отырмыз. Қазақстан да бұл даму динамикасынан қалып қойған жоқ. Отандық медиа-индустрия қарқынды және сапалы даму үстінде. Бүгінгі таңда елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген және жыл сайын олардың санының белсенді артып жатқаны байқалады.
Журналистермен өткен келелі кездесуден кейін, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктер төрағалары, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылым жетекшілерімен жүздесті. Жиында этносаралық қатынастар саласындағы бірлесе атқаратын жұмыстар нақтыланып, өзекті мәселелер талқыланды.
— Қоғамдық келісім — еліміздің басты байлығы. Қалалық ассамблея мүшелері, этнос өкілдері әрдайым ұйымшылдық танытып, қайырымдылық акцияларына белсене қатысады. Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген құрмет, этномедиацияны дамыту жұмыстары қарқын алған. Біз барлық бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз, — деді Д.Қыдырәлі.
ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.Хашимжанов, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Сергеева «Ассамблея жастары» РҚБ қалалық өкілдігінің басшысы Н.Мейірбеков атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Айта кетсек, қазіргі таңда қалалық ҚХА жанынан 17 этномәдени бірлестік қызмет етсе, олардың жанынан 19 шығармашылық ұйым жұмыс істейді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика