Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі үшінші мегаполистегі Азаматтық ресурстық орталықта болды. Азаматтық Альянс пен оның құрамына енетін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысымен танысты.
Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары: «Қаламызда үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғамның өкілдері көп, олар белсенді жұмыс атқаруда. Солардың барлығын бір ортаға жинау қажеттігі туындаған соң, осындай шағын коворикинг орталық құрылды. Міне, содан бері бір жылдан асты – барлығы бір ортада бас қосып, ақылдасып, жұмыла жұмыс істеуде. Жалпы, Азаматтық Альянс құрамына 57 үкіметтік емес ұйым тіркеліп, осы жерден қызмет алуда. Мысалы, Азаматтық ресурстық орталықтың мамандары оларға заңгерлік көмек, түрлі кеңестер беріледі, жобалар жазуда қол ұшын созады».
Бұдан кейін Азаматтық Альянстың өкілдері өздері атқарып жатқан жұмыс туралы қысқаша баяндады. Министр Дархан Қуандықұлы, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу жағына баса назар аударды. Ерекше күтімді қажет ететін жандардың осындай орталық қызметіне барынша қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруды сөз етті. Азаматтық Альянс өкілдері жуырда қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар және олармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің басын қосу туралы жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, Азаматтық ресурс орталығы 2021 жылдың қазан айында ашылған болатын. Ондағы мақсат – азаматтық бастамалар мен әлеуметтік бағыттағы коммерциялық емес ұйымдарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктер төрағалары, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылым жетекшілерімен де кездесуді ұмытпады. Жиында этносаралық қатынастар саласындағы бірлесе атқаратын жұмыстар нақтыланып, өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.
Д.Қыдырәлі еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталып, түрлі этнос өкілдері еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті.
Айта кетсек, қазіргі таңда қалалық ҚХА жанынан 17 этномәдени бірлестік қызмет етсе, олардың жанынан 19 шығармашылық ұйым жұмыс істейді.
Leave a Reply