БАЛАҢЫЗДЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА БАУЛЫП ЖҮРСІЗ БЕ?

Балаңызды шығармашылыққа баулып жүрсіз бе?

Бұл бала үшін өте маңызды. Өйткені, шығармашылық-бұл адамның өмір шындығына ұмтылуы, ізденуі. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып,олардың өшуіне жол бермеу оның рухани күшін нығайтып, өмірден өз орнын таба білуге көмектеседі. Адам өзін-өзі жетілдіруге де, сонымен қатар өзінен-өзі жойылуға да қабілетті.

Баланы бастауыш сыныптан бастап шығармашылыққа ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға тәрбиелеу қажет.

Шығармашылық-бүкіл тіршіліктің көзі. Баланың шығармашылық қабілеттерін дамытудың жолдарын, құралдарын анықтау психология мен педагогикада ертеден зерттеліп келеді.

Бастауыш сынып оқушыларының тұлғалылығын тәрбиелеу үшін, ең алдымен олардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың мәні зор. Ал сол шығармашылық қабілеттерді дамытудың көптеген әдістері мен тәсілдері бар. Енді соларға көңіл аударайық:

Шығармашылық қабілеттер әр бастауыш сынып оқушысының бойында болады. Қабілеттердің бірдей еместігін сыныпта отырған оқушылардың әрқайсысының әр пәнге және әр деңгейде қабілеті болғандығымен дәлелдеуге болады. Бірі есепке жүйрік болса, екіншісі тілге бай, ал енді біреулері сурет салғанды тәуір көреді. Олардың қабілеттерінің құрылымы да, оны құрайтын компоненттер де әр түрлі болып келеді. Мысалға: математикалық қабілеті басым балаларда ойлау операциялары тез, дәл болады да, бейнелеу өнеріне қабілетті балаларда нақты заттардың бөліктерінің ара қатынасын жылдам анықтай білу сияқты белгілер басым болады. Музыкаға қабілетті бала есту, ритмді түсіну, сезімталдық сияқты сапаларымен ерекшеленеді.

Бастауыш сыныпта көп берілмейтін шығармашылыққа үйрету жұмысының бірі- өлең жазғызуға баулу. Бұл жұмысты 1- ші сыныпта әліппеден кейінгі кезеңнен-ақ бастаған жөн. Ол үшін оқушыларға ең алдымен ұйқас сөздің мәнін түсіндіріп, өлеңдердегі ұйқастарды табуға тапсырма беріледі. Сонан кеійн ғана алдымен жеке дыбыстар, сосын буындар, одан кейін берілген жол арқылы ұйқас жасау үйретіледі. Мысалы:

1) у-у-у сыныпты жақсы оқу.

2) – ға, -ға, -ға бардым ауылға.

3) Ауылға барамын, төлдерді табамын.

Осы тәртіппен үйретіле бастаған бұл жұмыс кейіннен күрделене түседі.

4) өлеңнің бірінші жолын беріп, қалған 2-ші, 3-ші, 4-ші жолдарын ұйқастарды ескере отырып, балалардың өздеріне жалғастыру ұсынылады. Әрине, бұл жұмыстың нәтижелі болуы үшін мұндай әдісті тұрақты түрде және жиі қолданып отырған жөн. 2, 3, 4 сыныптарда оқушылар өлең шығаруға төселіп алады.
Оқушыларды шығармашылыққа үйретудің тағы бір жолы-әңгіме, ертегілер жазғызу. Бұл жұмысты төмендегідей бастаған жөн. Сынып оқушыларына қағаз таратылып беріледі. Оларға сұрақтарға жауап жазатын орын қалдырып, баған түрінде көшіріп алу тапсырылады. 1-ші сұраққа жауапты өзі жазады, сосын жауабын көршісі көрмейтіндей етіп жауып, парталас отырған балаға береді. 2-ші сұраққа жауапты сол бала жазып, жоғарыдағы ретпен жұмыс жалғаса береді. Ең соңғы сұраққа жауап жазылып біткенде, жұмыс жиналып алынады да, жалпы сынып алдында оқылады.

Әрине баланың шығармашылығын, шығармашылық қабілеттерін дамытатын жаттығулар мен тапсырмалар, әдістер мен тәсілдер сан алуан. Сабақ құрылымына шығармашылық пен зерттеуді ендіру және қолдана алу әр мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Бастауыш сынып оқушысы ермексаз тәріздес, қандай пішінге келтірсең сол қалыпта ары қарай орта буынға кетеді. Баланың шығармашыл не болмаса қалыпты, басқалардан ешбір айырмашылығы жоқ тұлға болары біздер, бастауыш сынып мұғалімдерінің қолында. Сондай-ақ ата-аналар да бала шығармашылығын дамытуға түсті қарамағаны маңызды. Өйткені, бала сіздікі, ол сіздің болашағыңыз.

 

Г. Тургумбаева,

бастауыш сынып мұғалімі, Шымкент қаласы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика