М.ӘЙТЕНОВ МАЖАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Астана қаласындағы Мажарстанның төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона мырзамен кездесті.
Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықты арттыра отырып, экономикалық қарым-қатынасты нығайту, шаһарға инвестициялық жобаларды тарту және әрбір жобаға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайлы айтылды.
Шаһар басшысы даму жолындағы Шымкент қаласының мегаполис мәртебесін алғанына бес жылға жуықтап қалғанын тілге тиек етіп, осы уақыт ішінде инвестиция тарту көрсеткіші айтарлықтай өскенін, инвестициялық әлеует пен мүмкіндіктердің молайғанын атап өтті.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: » Қазақстан Мажарстан арасындағы екі жақты ынтымақтастықтың құрылғанына 30 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында сауда-саттық, экономика салаларында әріптестік жобалар мен екі жақты келісімдер жасалды. Ширек ғасырдан астам әріптестік аясында жасалған жобалардың екі елге де септігі тиіп, іскерлік қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны баршаға аян. Осындай келелі игі істерді жүзеге асыруда Шымкент қаласының да үлесі болуы заңдылық әрі үлкен мәртебе».
Айта өтейік, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынасты, оның ішінде экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Саммиті кезінде айтқан болатын. «Біздің елдер арасындағы байланыс жақсы дамып келе жатыр. Әйтсе де біз екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беруіміз керек деп ойлаймын. Әсіресе, арадағы сауда айналымының көлемі әлі де қанағаттанарлық деңгейде емес. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті зор. Мажарстан – Қазақстан үшін маңызды серіктес ел», – деген еді Мемлекет басшысы.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов Астана қаласындағы Мажарстанның төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Ронамен кездесуі барысында Мемлекет басшысының тапсырмалары да айтылды.
Қосе кетейік,  Қазақстан мен Мажарстанның мәдени, экономикалық байланыстары өте берік. Енді екі елдің ынтымақтастығына бизнес өкілдері тың серпін береді деп күтілуде.  Қазақстанның ірі компаниялары Мажарстанға инвестиция құюға қызығушылық танытып та отыр.  Яғни  экономикалық қарым-қатынас  жаңа деңгейге көтеріледі деген сенім бар.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика