Шымкентте 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға «Жастар» бағдарламасы бойынша тұрғын үйдің кезекті құжаттары 1-5 желтоқсан аралығында қабылданады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева мәлімдеді.
– Жалпы үшінші мегаполисте 29 жасқа дейін жұмыс істейтін жастар бағдарламасымен 857 азаматты жалдамалы пәтермен қамту жоспарланған. Алғашқы кезең бойынша – 211, екінші кезеңде – 286 азамат тұрғын үймен қамтылды. Қазіргі таңда келесі кезең құжаттарын қабылдау басталды, — деді тұрғын үй басқармасының басшысы. Үшінші кезең бойынша жалға берілетін 360 пәтер Бозарық шағынауданында орналасқан.
Бағдарламаға қатысуға өтінім берушінің соңғы екі жылда республика аумағында иелігінде тұрғын үй болмауы тиіс және Шымкент қаласында соңғы екі жылда тұрақты тіркеуде болуы, сонымен қатар соңғы алты айдағы табысы 40 АЕК-тен асуы шарт.
Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында ЭЦҚ арқылы өтініш бере алады. Бұл баспананы берудегі басты мақсат — жұмыс істейтін жастарға жеке баспана алуға қаражат үнемдеуге мүмкіндік бере отырып, жастарды қолдау болып табылады. «Жастар бағдарламасы» бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерді жастар 5 жылға дейін жалдап тұрады.
Осы кезде ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛСІЗ ТОПТАҒЫ АЗАМАТТАРҒА БЕРІЛГЕН ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ШАТЫРЫ ТОЛЫҒЫМЕН ЖАҢАРТЫЛҒАНЫ МӘЛІМ БОЛДЫ.
Шымкент қаласының Нұрсат шағы ауданы №135Б көпқабатты тұрғын үйдің шатырына қайтарымсыз негізде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен жаңартылды. Аталған көпқабатты тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалдау шарты негізінде «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы» арқылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы отбасыларға 2013 жылы пайдалануға берілген.
Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2022 жылдың қыркүйек айында бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілген. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйдің шатырындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме толығымен аяқтап, тиісті шаралар жүзеге асырылды. Тозығы жеткен жұмсақ жамылғының орнына кәдімгі шатыр жапқан, төбенің жиегіндегі шатырдың құрылғылары жаңартылған.
Айта кету керек, бұған дейін көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары шатырға жөндеу жүргізу өтінішімен әкімдікке жүгінген болатын. Аталған мәселені жедел түрде Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасы мемлекеттік мекемесінің бақылауына алынып, мердігер мекемемен шатырды жөндеуге іске кіріскен. Тұрғындарды қайта электр қуатымен және жылумен қамту мәселесі де жөндеу жұмыстары барысында дер кезінде өз шешімін тапты. Қазіргі таңда мердігер мекеме қалған ұсақ-түйек жұмыстарды жасауда. Жөндеу жұмыстары желтоқсан айының 3 жұлдызына дейін толғымен аяқталатын болады. Көпқабатты тұрғын үйдің иелері енді ауа райынан еш қаймықпастан жайлы да, жарқын өмір сүретіндігіне ризашылықтарын білдірді.
Leave a Reply