ШЫМКЕНТ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЗНЕС ҮШІН ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА ДЕП ТАНЫЛДЫ

Шымкент — инвестиция салуға ең қолайлы қала. Бүгін үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтеновке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жүлдені табыс етті.
«Инвестиция салуға ең қолайлы қала» жүлдесі Шымкентке жайдан-жай беріле салған жоқ. Қаламызда экономиканың басым секторларына инвестициялар тарту үшін бар мүмкіндіктер қарастырылып, жағдай жасалып отыр. Соңғы жылдары бизнесті жүргізу шығындарын азайту, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, салық және тарифтік саясаттың сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешені іске асырылды. Қазіргі таңда қалада жалпы ауданы 886 гектар болатын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді.
Олар:
1. «Оңтүстік» индустриялық аймағы, аумағы 337 га;
2. «Тассай» индустриялық аймағы, аумағы 89 га;
3. Сауда-логистикалық орталық, аумағы 92 га;
4. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы, аумағы 225 га;
5. «Ордабасы» жеке индустриялық аймағы, аумағы 143 га.
Осы алаңдарда Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа, Орта Азия, Өзбекстан сияқты елдерден қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен 250 жоба іске асырылуда. Өнеркәсіптік аймақтардың толымдылығы 90% құрайды.
Бұған қоса, 749 гектар алаңда тағы 4 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда, онда корпоративтік табыс салығын, жер салығын, мүлік салығын, импорттық тауарларға ҚҚС төлеуден, кедендік баждардан босату сияқты жеңілдіктер қарастырылған.
Шымкент – барлық институционалдық, климаттық және географиялық жағдайларға ие және елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің барынша қамтамасыз етілген шаһар.
Бүгінде қалада Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік маңызы бар өнімдерге жатқызған азық-түлік тауарларының барлық түрлері өндіріледі. Ендігі міндет — азық-түлік тауарларын өндіру мен экспорт көлемін ұлғайту. Осыған байланысты, «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағының инженерлік желілерін жүргізу бойынша 132 гектар аумақта ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуге арналған құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар қолданыстағы сауда-логистикалық орталығы кеңеюде. Барлық тауарларды қабылдау-жөнелтудің, жеткізудің арқасында логистикалық орталық еліміздің оңтүстік өңірі бойынша ірі хаб болуға мүмкіндігі зор. Орталықтың Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік магистралінің бойында, кешенді жүк қабылдайтын әуежай мен теміржолдың жанында орналасуы — логистика бойынша Шымкент қаласын ең қолайлы өңірге айналдырып отыр.
Одан бөлек, кәсіпкерлер мен инвесторларға консультациялар, сүйемелдеу, мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істейді.
Қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық жобалар мен проблемалық мәселелерді қарайтын, сондай-ақ инвесторларға жан-жақты қолдау көрсететін қалалық инвестициялық штаб құрылып, бүгінге дейін 30 инвестициялық штаб отырысы өтті. Онда 300-ден астам инвестициялық жобалар қаралып, тиісті шешімдерін тапты. Жалпы Шымкентте 104 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеуде. Кәсіпкерлік саласында 189,4 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға өскен.
«Іскер қала» іс-шара жоспары аясында биыл «Даму» қоры арқылы 94 жобаға қолдау көрсетілді. Аталған жоба аясында тоқтап тұрған кәсіпорындар жанданды. Мысалы, «Трубмашхолдинг» ЖШС-нің базасында 2022 жылы алғашқы өндірістік парк ретінде «Silkway Alliance» алаңы пилоттық жоба ретінде іске қосылса, «Асыл Арман Казақстан» ЖШС аумағында жаңа өндірістік алаң қайта жаңғырды. Осының негізінде 15 шағын кәсіпкерлікке өндірістік алаң қарастырылатын болады.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика