Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» шаһардың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын талқылау бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Оған Бас жоспардың жобасын әзірлеген компаниялардың өкілдері, қаланың білікті сәулетшілері, Қоғамдық кеңес мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.
Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ержан Нұразхановтың айтуынша, Бас жоспардың жобасын талқылаудың екінші кезеңі 1-12 желтоқсан аралығында өтіп жатыр. Бірінші кезең биылғы шілде-тамыз айларында 1 ай бойына жалғасып, онда тұрғындардан көптеген ұсыныстар мен өтініш-тілектер түскен. Ұсыныстар мамандар тарапынан сараланып, орынды деп танылғандары Бас жоспарға енгізілген.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «2012 жылғы бекітілген бас жоспармен өмір сүріп келе жатырмыз. Әрине бүгінгі күннің талабына ол сай емес. Білесіздер 2018 жылы Шымкент қаласы өз алдына республикалық маңызы бар қалаға енгеннен кейін бұл біздің қаламыздың жоспары түзетулерді қажет етті. Былтырғы жылы біз маусым айында осыдан конкурс өткізіп алматылық «Grad комплекс» компаниясы жеңіп алып , қазіргі таңда осы 2035 жылға дейінгі бас жоспарының түзетулерімен жұмыс жасап жатыр».
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында тұрғындар саны 1 миллион 112 мың адамды құраса, Бас жоспарда 2035 жылға дейін халық саны 1 миллион 850 мың адамға жетеді деп көрсетілген. Осыған сәйкес құжатта қаладағы өнеркәсіп аймақтарын, тұрғын аудандарды, инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және жасыл желекті аймақтарды көбейтудің жоспары көрсетілген.
Бүгінде Шымкент қаласында 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй қоры бар. Ендігі жерде жылына шамамен 2 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 2035 жылға қарай қаладағы баспана қоры 50 миллион шаршы метрге жетеді деп жоспарланған.
Айта өтейік, бас жоспарды бекітіудің бірінші кезеңінде-ақ қала әкімі Мұрат Әйтенов тұщымды ойын былай жеткізген болатын. «Бас құжаттағы маңызды тұстың бірі – инженерлік инфрақұрылымды, жол салуды дұрыс жоспарлау. Соңғы бас жоспар жасалған кезде қала тұрғындарының саны басқаша еді. Жыл сайын демография және көші-қон факторларының есебінен Шымкент тұрғындарының саны көбейіп келеді. Бұған қоса көлік кептелісін азайтып, жолдарды дамыту маңызды. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, барлық жұмыс жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жалпы Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарлап отырмыз», – деген еді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Жаңа бас жоспарды нақтылау жұмысының екінші кезеңі – тұрғындардың ұсыныстары ескерілген соң күзге қарай қалалық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылады. Айта кетейік, Шымкеттің бас жоспарын «Градкомплекс» ЖШС жасауда. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан, дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.
Leave a Reply