Шымкент қалалық онкологиялық орталығына Санкт-Петербург қаласынан келген әйгілі профессор, медицина ғылымдарының докторы, Н. Н. Петров атындағы Ұлттық онкология орталығының торакалды онкология бөлімінің меңгерушісі Евгений Левченко бастаған бірқатар жетекші онколог-дәрігерлер келді. Орталық мамандары шетелдік әріптестерімен бірлесе қатерлі ісікке шалдыққан ауыр жағдайдағы науқастарға күрделі оталар жасады.
Тәжірибе алмасу мақсатында жоспарланған операциялардың бірі бронхиалды жыланкөзге /свищ/ шалдыққан 65 жастағы науқасқа жасалды. Бір жылдан бері диспансерлік есепте тұратын емделуші бірнеше рет химиялық терапия курсынан өткен. Онкологиялық аурулар арасында кемде-кем кездесетін асқынған формадағы қауіпті аурудың салдары қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін болатын. Тың технологияларға негізделген ота түрін жасау арқылы екі мемлекеттің дәрігерлері науқастың өмірін арашалап қалды. Шетелдік дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі тәжірибе алмасу шараларының нәтижесінде науқастардың жағдайы, өмір сапасы жақсарып, ем-дом алуы жеңілдей түседі.
Шымкент қалалық онкологиялық орталығының жұмысына оң баға берген ресейлік дәрігерлер алдағы уақытта серіктестікті жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Айта кетейік, қатерлі ісік ауруларымен күресті күшейту мақсатында орталық мамандары бүгінде тек Ресей ғана емес, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің дәрігерлерімен де тығыз әріптестік байланыс орнатқан.
Қазір орталықта 250 адам емделуде. Олардың арасында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген науқастар бар. Орталықта онкологиялық ауруларды алғашқы сатыларда алдын-алу мақсатындағы профилактикалық жұмыстар да жүйелі жолға қойылған. Соның нәтижесінде қатерлі ісікке шалдыққан ауруларды емдеуде оң нәтижелер көп.
Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандар үлесі көбейген. Санайғақ келтірейік. Жыл сайын елімізде 36 мыңға жуық адам онкологиялық ауруларға шалдығады. Одан көз жұматындар саны 14 мыңнан астам. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 180 мыңға жуық қазақстандық тұр.
Бірақ, халық ішінде «аты жаман ауру» аталған бұл дертке шалдығу тек өліммен аяқталады деп ойлау қате. Бұған сырқатымен күреске түсіп, жеңіп, құлан-таза айыққан адамдардың тағдыры дәлел.
Қазақстанда обырдың ең көп тараған түрлері:
- сүт безі обыры;
- өкпе обыры;
- асқазан обыры;
- жатыр мойын обыры;
- колоректалды обыр.
Дәрігерлердің айтуынша, елімізде қатерлі ісіктің асқынған түрлеріне шалдыққан адамдар саны өсіп барады. Бұған басты себеп – өз денсаулығына немқұрайлы қарап, скринингтік тексерулерден өтпеу.
Айта кетейік, Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау бойынша скринингтік бағдарламалар тегін жүзеге асырылады.
Leave a Reply