БЕЙСЕН ҚҰРДАСЫМА ХАТ!!!

ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАП ҚАЛУ ІСІ ЗАҢДЫҚ ТҰРҒЫДА ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛІП ТҰР

Құрметті, Бейсен Дәулетұлы!

Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғап қалу ісі заңдық тұрғыда тұйыққа тіреліп тұр. Ескерткіштерді қорғау әрекеттерінде заңдық нормалардың тетіктері дұрыс жолға қойылғанмен, оның орындалу процесі ретке қалмей жатыр.

Түсінікті болу үшін нақты мысалдарды алға тартсақ, Төлеби ауданы аумағындағы Сұлтанрабат қалашығы (VIII-XVI ғ.ғ.) мен Сауран ауданына қарасты Иқан қалашығы (IX-XVIII ғ.ғ.) тұрған учаскелерді жеке меншікке беріп жіберу арқылы ескерткіштердің қорғалып қалуына қауіп төндірген. Жер учаскесін кері қайтару және жер учаскесін жекеге беру жөніндегі шешімдердің заңдық күшін жою туралы сот орындарына талап арыз жолданған болатын. Алайда, сот органдары болса, талап арыз түсірген мекемелердің жарғысында «жер учаскелеріне қатысты заңсыз берілген шешімдердің күшін жою туралы талап арыз беру» дейтін тармақ жоғын, сондай-ақ, «талап арыз беруге, оған қол қоюға өкілеттігі жоқ» деген дәйекті алға тартып, кері қайтарған.

Аталған істерді жекелей тоқталып түсіндірейік:

1. Сұлтанрабат қалашығы (VIII-XVI ғ.ғ.).Ескерткіш Төлеби ауданы, Киелітас ауыл округінің Сұлтанрабат ауылының шетінде, Бадам өзенінің оң жағалайындағы биік жарқабақта орналасқан. Қалашық жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында Түркістан облысы әкімінің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі №188 қаулысымен (алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2010 жылғы 09 маусымдағы №233 қаулысымен) мемлекеттік қорғауға алынған. Алайда, тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауда тұрған аумақты облыс әкімінің басқа қаулысымен «Карим-Т» ЖШС-не жер қойнауын пайдалану мақсатымен беріп жіберген. Ал, ҚР Жер кодексінің 127-бабында «Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізілуге тиіс» деп көрсетілген. Аталған жер учаскесі заңсыз берілгеніне осы бапта анықталанып тұр. Осыған байланысты, Түркістан облысының Мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» МКҚК Түркістан облысының 2008 жылғы 28 наурыздағы шешімінің күшін жою және ескерткіштің қорғау аймақтарындағы жер учаскелерді кері қайтару жөнінде 18.11.2021 жылы талап арызбен Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық сотына шағымданды. Бірақ, аталған сот органы 12.01.2022 жылғы №5194-21-00-4/406 санды ұйғарым жасап, талап арызды кері қайтарған. Кері қайтару себебі ретінде «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» МКҚКжарғысында жер учаскелеріне қатысты заңсыз берілген шешімдердің күшін жою туралы талап арыз беру туралы тармақ жоқ. Соған бойланысты, мекеме талап арыз беруге құқы жоқ делінген.

2. Иқан қалашығы (IX-XVIII ғ.ғ.). Ескерткіш Сауран ауданы, Иқан ауылының ортасында, Иқансу өзенінің сол жағалауында орналасқан. Бұл археологиялық ескерткіш те жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында Түркістан облысы әкімінің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі №188 қаулысымен (алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2010 жылғы 09 маусымдағы №233 қаулысымен) мемлекеттік қорғауға алынған. Алайда, тарихи ескерткіштің табанынан кадастрлық номері 19-304-071-675, 19-304-071-002 жер телімдерінің берілуі археология ескерткішінің сақталып тұруына қатер төндірген. Осыған байланысты, Түркістан облысының Мәдениет басқармасы атынан Түркістан қаласының сотына Иқан елді мекенінде орналасқан кадастрлық номері 19-304-071-675, 19-304-071-002 жер телімдерін беру туралы шешімнің күшін жою және аталған жер телімдеріндегі құрылысты бұзу туралы талап арыз жолданған. Алайда, Сот органы 30.12.2022 жылғы №5126-22-3-1/4429 санды ұйғарымымен талап арыз кері қайтарылған. Талапты кері қайтарудың себебі ретінде Түркістан облысының Мәдениет басқармасы сотқа талап қою, беруге өкілеттігі барын дәлелдейтін құжаты жоғы айтылған.

Көріп отырғаныңыздай, екі істе де ҚР Жер кодексінің 127-бабында көрсетілген нормалар сақталмаған. Жергілікті әкімдік өкілдері жер учаскелерін жекеге берер сәтте заң нормаларын сақтамай жатады. Салдарынан Тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталып тұруына қауіп төндіреді. Сот органдары да талап арыз түсіруші мекемелердің талабын кері қайтару тетігін жақсы меңгеріп алған. Облыстағы ескерткіштерді қорғауға бейімделген мекемелердің талабын «арыздануға құқы жоқ» деген себеппен кері қайтаруЫ тіпті түсініксіз.

Жоғарыда аталған жағдайларға байланысты Сізден төмендегі жағдайды назарға алуыңызды өтінеміз:

1. Облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің (оның ішінде Сұлтанрабат және Иқан қалашықтарының) қорғау аймақтарына жататын жерлерді жекенің меншігіне беру жөніндегі облыс және жергілікті әкімдіктердің шешімдерін жою жөнінде;
2. Жергілікті әкімдіктердің ҚР Жер кодексінің 127-бабы нормаларын сақтау жөнінде арнайы тапсырма берілсе дейміз.

Өйткені, аталған шаралар ең алдымен Сот органдарының емес, облыс және жергілікті әкімдіктердің ішкі процестік жұмыстар санатына жатады. Әкімдіктің ішкі құрылымдарының бір-бірімен байланысы болмауы салдарынан осындай заңсыздықтарға жол ашып жатыр. Осыған баса назар аударсаңыз екен.

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика