ШЫМКЕНТТЕ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНЫП ЖАТҚАН ЭТНОАУЫЛДА 160 КИІЗ ҮЙ ТІГІЛДІ

Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Жылдың бұл мезгілі – күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ.

Шымкентегі этноауылда ұлттық мерекеде ұлттық құндылықтарымыз ұлықталуда. Ақ шаңқан үйлер тігілді. Ұлттық спорттан бәсеке қызып, алтыбақанда тербелген жастар ән салуда. Енді қаламызда тігілген қзіміздің төл ұлттық болмысымызды айқындайтын киіз үй туралы айтып өтсек: киіз үй – ежелгі көшпелі өмір сүрген адамдардың жылжымайтын негізгі баспанасы. Ол тез жылып, шапшаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықталып жасалады. Киіз үйдің пайда болған уақыты қола дәуіріне тура келеді. Киіз үй біздің заманымыздан бұрын 7 ғасырда кеңінен пайдаланылып, киіз басу белгілі бір кәсіпке айналған. Киіз үйдің қабырғасы шеңбер тәрізді келіп, төбесі күмбезделген. Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың көшпелі өмір салтын ұстанғаны белгілі. Көшпелі өмірге ыңғайлы болғандықтан киіз үйді пайдаланған. Климат жағдайына және мекендейтін ауданына байланысты қазақтардың қыста немесе жазда тұратын тұрғын үйлері әртүрлі болған. Олар жазда киіз үйде, қыста тұрақты салынған жылы жайларда тұрған. Олардың барлығы дерлік киіз үй формасын сақтаған. Қазақтардың өте ертеде тұрған тұрақты үйлері шошала деп аталған. Ол дөңгеленген бір бөлмелі конус немесе жарты ай сияқты күмбезделген. Шошаланы ағаштан кесіп, тоқып немесе ойылған тастан, күйдірілген кірпіштен қалаған. Киіз үй негізгі үш элементтен тұрады: кереге, уық, шаңырақ. Жылжымалы тор көз – кереге, кереге басы мен шаңырақты жалғастыратын ағаш – уық, киіз үйдің төбесі – шаңырақ. Керегенің әр бөлігі қанат деп аталатын қабырғалардан тұрады. 18 ғасырдан бастап 19 ғасырдың бірінші жартысына дейін 12, 15 және 18 қанатты киіз үйлер болған. Керегелер торкөз, желкөз деп бөлінеді. Керегенің басы мен шаңырақтың ортасын ұзын ағаш шыбықтар – уық тұтастырып тұрады. Үйдегі кереге басы қанша болса, сонша уық керек. Академик Әлкей Марғұланның «Казахская юрта и ее урбанство» деген еңбегінде «30 қанатты хан ордалары болған» деген дерек келтірілген. Қайыңды иіп немесе бірнеше иіндіні қималастырып шеңбер бейнелес етіп шаңырақ жасалған. Өн бойына уық шаншылатын төрт бұрышты тесіктер қашайды. Оны шаңырақ көзі дейді. Көздері керегенің басына, үш-үштен, кейде төрт-төрттен айқастырған бүгулі шыбықтар бар, оны күлдіруіш дейді. Киіз үйдің сәнді, өте әшекейленген есігі сықырлауық деп аталады. Ол ортасынан ашылып-жабылып тұратын жарма есіктерге ұқсайды. Есік ашылып-жабылғанда сықырлап тұрады. Киіз үйдің есігі табалдырық пен маңдайша және екі жақ босағадан тұрады. Босаға түзу ағаштан жасалады. Маңдайша мен табалдырық жуан қайыңнан шабылып, сүргіленеді. Артынша ою-өрнекпен әшекейленеді. Маңдайша киіз үй керегелерінің жоғары бастарын тұтас конструкцияға айналдырады. Маңдайшаға маңдай уықтар бекітіледі, ол босаға мен сықырлауықтың жоғары жағын ұстап тұрады. Табалдырық маңдайшаның жердегі көшірмесі. Тек табалдырықты көп сәндемейді, бір түспен сырлайды. Табалдырық пен маңдайшаға кереге тіреліп, жалпақ сәнді құралмен бекітіледі. Табалдырықты баспайды, табалдырыққа отырмайды. Босаға маңдайша мен табалдырық арасын белгілі қашықтықта ұстап тұрады, кереге бекітіліп, адамдардың үйге кіріп-шығуы үшін арнайы жасалған. Қазақ киіз үйдің әр бөлшегін қазірге дейін қастерлеп, жырға қосқан.

 

Қызмет (2000)

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика