ШЫМКЕНТТЕ ЭТНОАУЫЛДА ЕКІ МЫҢ ЛИТР НАУРЫЗКӨЖЕ ТАРАТЫЛДЫ

Шымкентте «Наурыз — Шымкенттен басталады» думанды мерекенің бүгін үшінші күні.  Жаңа атшабарда өтіп жатқан мейрамда қазақтың ұлттық ойындарынан көкпар,  теңге ілу,  аламан бәйге,  қазақ күресі және садақ ату сайыстары өтіп жатыр.  Атшабар маңындағы этноауылға 160 киіз үй тігілген.  Оның ішінде 20 киіз үй өзге өңірлерден келген делегаттарға тиесілі.  Әр өңір өзінің тарихы мен туристік әлеуетін таныстырып,  қонақтарға наруыз көже үлестіруде.  Думанды мерекеге келген қонақтар арнайы әзірленген наурыз көжеден дәм татты.  Этноауылда 2 тонна көже пісіріліп,  қонақтарға таратылып жатыр.

—Біз Наурыз мерекесін тойлау үшін Шымкентке арнайы келдік. Шымкенттің адамдары да ауа райы секілді жылы екен.  Бүгінгі ипподромдағы жоғары деңгейде ұйымдастырылған.  Жыл сайын наурызда осында тойлауды жоспарлар отырмыз,  — дейді Петропавл облысынан келген қонақ Фатима Қадірова.

Наурыз – табиғаттың қайта түлеп, тіршілік атаулының жаңаратын кезі. Сан ғасырлық тарихы бар Ұлыстың ұлы күні Орта Азия халықтарының Жаңа жылы саналады. Наурыз мейрамын әлем халықтарының көпшілігі ертеден тойлап келеді. Кейбір деректерге сүйенсек, Наурыз мейрамы Орта Азия халықтары арасында бес мың жыл бойы аталып өтуде. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», бурятттар «сагаан сара», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар Найям және тағы басқа ғұламалардың еңбектерінен Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуге қатысты мағлұматтарды көп кездестіруге болады. Мәселен, парсы тілдес халықтар Наурыз мейрамын бірнеше күн тойлаған. Әр жерге от жағып, оған май құятын болған, жаңа өңген жеті дәнге қарап, болашақты болжаған. Наурыз жаңару, жаңғыру мерекесі болғандықтан, ескі-құсқы киімдерден арылып, ескірген шыны аяқты сындырған. Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы Наурыз мейрамын күн мен түн теңесетін, жаңа жылдың басталар шағында тойлаған. Ұлыстың ұлы күнін «Армысың, Әз Наурыз» деп қарсы алған.  21 наурызда Жер иесі – Қыдыр ата ел-елді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген наным-сенім бар. Наурыз қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, Кеңес үкіметі бұл мерекені «діни мейрам» деп танып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салды. Көктемнің шуақты мейрамы салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде аталып өтті. Осылайша қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды.

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика