Қазіргі ақпарат дәуірінде адамзаттың өмір сүру дағдысы түбегейлі өзгерді. Смартфон, әлеуметтік желі, қысқа бейнероликтер мен түрлі жеңіл контенттер адамның назарын кітаптан алыстатып барады. Ақпараттың ағымы тым жылдам, ал тұтынушы оны тек беткі жағын шолып, терең мәніне үңілмей қабылдауға дағдылануда. Бұрын адамдар газет-журнал, кітап оқып, сондағы тақырыптарды тереңірек түсінуге ұмтылатын, ал қазір жедел әрі үстірт ақпарат алуға бейімделіп кеткендей. Уақытты бұлай виртуалды кеңістікте өткізу білім мен рухани байлықтан алыстату қаупін тудырады. Бұл, әсіресе, жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеуіне себеп болып отыр.
Мәселенің жалғыз ғана жолы бар, ол – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Кітап оқу мәдениеті дегеніміз не? Ол – тек кітапты қолға алып, көз жүгіртіп шығу емес, оны түсініп, талдап, оқығаны мен тоқығанын өмір тәжірибесінде қолдана білу қабілеті. Яғни, таңдап оқу, ойланып оқу және оқығаннан нәтиже шығара алу. Мұның адамға берер пайдасы не? Ол адамның интеллектуалдық деңгейін, талғамын және рухани дүниесін байытады. Сонымен қатар, адамның сыни ойлау қабілетін дамытып, ақпаратты сараптап, дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Қазіргі заманда ақпараттың көптігі мен сапасыз мазмұнның таралуы жағдайында бұл қабілет өте маңызды. Кітап оқу арқылы адам өз әлемін кеңейтеді, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылады.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы онжылдықта әлемде кітап оқу көрсеткіші күрт төмендеген. Қазақстан да бұл үдерістен сырт қалмаған. Орта есеппен алғанда адамдардың басым бөлігі күніне 3-5 сағатын әлеуметтік желілерге жұмсаса, кітап оқуға 10-15 минут қана уақыт бөледі екен. Расында да, бұрынғыдай оқырман билетімен кітап іздеп жүретін буын азайды. Кітапханаға бас сұғатындардың қатары да сиреп барады. Оның орнына смартфон мен компьютер арқылы қысқа әрі тез оқылатын ақпаратты қаузағанды дұрыс көреді. Не болмаса қысқартылған, электронды нұсқадағы кітаптарды оқып шыға салғанды оңай көреді. Оның өзінде де көбіне жеңіл тілде жазылған мотивациялық, психологиялық мазмұндағы еңбектермен шектеледі. Шындығына келгенде қағаз кітаптың орнын ештеңе баса алмайды. Кітап – адамның логикалық ойлауын, тіл байлығын және эмоциялық интеллектісін дамытатын ең тиімді құрал. Ғалымдар қағаз кітапты оқу кезінде адамның миында зейін мен есте сақтау қабілетін арттыратын аймақтардың белсендірек жұмыс істейтінін дәлелдеген. Экраннан оқу көзді тез шаршатады, ал қағаз бетінен оқу терең қабылдау мен ұзақ есте сақтауға әсер етеді. Сондықтан қағаз кітаптың, әсіресе әдебиеттің құдыретін қайта жаңғырту қажет-ақ.
Бұл мәселені көтергенде әдетте «Баланың кітапқа деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы отбасынан бастау алады», «Үйде ата-ананың өзі кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, балаға үлгі болуы қажет», «Бұл үрдіске мектеп жүйесі де атсалысуы керек» деген формалды пікірлер айтылады. Бірақ осы жолда неге барша адамзаттың назарын жаулап алған әлеуметтік желіні құрал ретінде пайдаланбасқа? Мысалы, қазіргі медиа кеңістікте блогерлер мен инфлюенсерлердің кітап оқуға шақыратын, қызықтыратын контенті жеткіліксіз. Тіпті жоқ деуге де болады. Осыған байланысты танымал блогерлер мен әдебиет сүйер жандар бірігіп, онлайн кітап клубтарын ұйымдастырып, қысқа кітап шолулары мен шығармашылық челлендждер арқылы оқырмандарды белсенділікке шақырып жатса, бұл кітап оқушылардың қатарын арттыруға белгілі бір дәрежеде өз септігін тигізер еді. Сонымен бірге, видеорецензиялар, подкасттар, тіпті виртуалды кітапханалар мен онлайн авторлармен кездесулер де кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтере алады. Осы арқылы, әсіресе, жастар арасында кітапқа деген көзқарасты өзгертіп, оны заманауи тренд әрі хобби ретінде көрсете алуымыз керек.
Қазір әлеуметтік желі жастардың өмірінің бір бөлшегіне айналды. Оны тек ойын-сауық немесе көңіл көтеру алаңы деп қарастыру дұрыс емес. Егер дұрыс бағытта қолданылса, бұл платформа кітап оқуға деген қызығушылықты арттырудың мықты құралына айналар еді. Осылайша, дәстүрлі қағаз кітап пен заманауи цифрлық медиа құралдарын ұтымды үйлестіре отырып, кітап оқу мәдениетін қайта жандандыруға болар еді деген ой туады. Бүгінгі ақпарат ағыны тасып жатқан заманда кітап білім мен танымның қайнар көзі ретінде өз орнын сақтап қалуы тиіс. Ол әлеуметтік желіге, интернетке жұтылып кетпеуі керек. Сондықтан да оны жаңаша сипатта насихаттау өте маңызды болып тұр.
Осы тұста әлемдік тәжірибелерге бір көз жүгіртейікші. Олар бұл жолда қандай шараларды қолға алып жатыр? Мысалы, Финляндияда биылғы жылы кітапханаларда 100 автордың кездесуін ұйымдастыруға мемлекеттен қаржы бөлінген. Бұл авторлар мектептерге, кітапханаларға барып, оқырмандармен тікелей сөйлесіп, оларды кітап оқуға ынталандырады. Аталған аймақта кітапханалардан жылдық орташа кітап алу көрсеткіші де халық арасында жоғары: мысалы, бір кiтапхана жүйесінде бір адамға шаққанда жылына шамамен 19 кітап алынғаны туралы дерек бар.
Ал Дания үкіметі кітаптарды қолжетімді ету мақсатында кітаптарға салынатын 25% қосымша құн салығын алып тастауды жоспарлап отыр. Бұл әлемдегі ең жоғары кітап салығы болып табылады. Мемлекет бұл қадамды «оқу дағдысының дағдарысына» қарсы күрес шарасы ретінде қабылдады. Мәдениет министрі Якоб Энгель-Шмидт бұл шараның жыл сайын 330 миллион дат кронына (шамамен 44 миллион еуро) шығын келтіретінін, бірақ бұл мәдени болашаққа инвестиция ретінде қарастырылатынын атап өтті. ҚҚС-тың жойылуы кітап бағасының төмендеуіне әкеледі деп күтілуде. Мысалы, Данияның жетекші баспаларының бірінің бас директоры Ханна Саломонсен бұл шараның кітап бағасын шамамен 20%-ға төмендететінін мәлімдеді. Бұл шара негізінен кітапты қолжетімді етуге бағытталған. Дания кітап оқуды қолдау мен насихаттау бағытында осындай маңызды қадам жасап отыр.
Араб елдері де бұл салаға немқұрайлы қарамайды. Онда кітап оқу, әсіресе, араб тілінде сөйлейтін балалар мен жасөспірімдер арасында көбірек насихатталады. Ол үшін арнайы сыйлықтар, конкурс және мотивациялық бағдарламалар қарастырылған. Мысалы, Сауд Арабиясында Король Салман академиясы мен Білім министрлігі бірігіп, «Балалардың оқу сынағы» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл шараға 30 елден 8 мыңнан астам қатысушы қатысып, жеңімпаздарға жалпы сомасы 250 000 сауд риялы (шамамен 67 000 АҚШ доллары) табысталды. Шарджада да балалар әдебиетін дамытуға бағытталған балалар кітабының сыйлығы жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Биыл бұл сыйлықтың жалпы жүлде қоры 110 000 дирхамды (шамамен 30 000 АҚШ доллары) құрады.
Осы секілді әлеуметтік жобалар Иранда да қолға алынған. Онда кейбір аймақтарда, әсіресе кедей және шалғай аудандарда тұратын балаларға арналған «Read with Me» жобасы жұмыс істейді. Бұл жобаға волонтерлар мен мұғалімдер қатысып, балалар мен жасөспірімдерді жеңіл әрі қызықты жолдармен кітап оқуға шақыруды көздейді. Басты мақсат – балаларды кітаппен және біліммен байланыстырып, олардың рухани дамуына жағдай жасау.
Ал Қазақстандағы кітап оқу мәдениетін дамытуға және әдебиетті насихаттауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – «Бір ел – бір кітап» акциясы. Елімізде бұл республикалық акция ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан Кітапханалар қауымдастығының ұйымдастыруымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге мүмкіндік туғызу, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру. Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің жинақтарын оқу жоспарланған.
Сонымен қатар, биылғы қыркүйек айында Шымкент қаласында «Кітап оқитын ұлт» жобасы таныстырылды. Бұл жоба «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» сияқты номинациялар бойынша байқаулар ұйымдастырылады. Жобаға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар, отбасы мүшелерінен құрылған топтар және мемлекеттік қызметшілер қатыса алады. Әрбір қатысушы өзінің санатына сәйкес арнайы әзірленген кітаптар тізімі бойынша 6 ай ішінде кемінде 15 туындыны оқуы тиіс. Дегенмен, елімізде кітап оқу мәдениетін жан-жақты дамыту үшін бұл бастамалармен қатар бұдан да ауқымды және тұрақты іс-шаралар ұйымдастырылуы өте маңызды.
Иә, заманауи технологиялар мен әлеуметтік желілердің кең таралуына қарамастан кітап оқу мәдениетін дамыту – еліміздің рухани өмірі үшін аса қажет дүние. Ол үшін дәстүрлі әдістерді заманауи құралдармен ұштастыру қажет. Егер осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп отырса, болашақ ұрпақтың білімге деген құштарлығы артып, руханият саласы одан әрі нығая түседі деген сенімдеміз.