АЛТЫНТӨБЕДЕ 4 ЖАСАР «КАЛЬКУЛЯТОР БАЛА» ТҰРАДЫ

Авторы: Әлия Әуесбекова

10.03.2026

Өткен аптада «калькулятор бала» туралы ақпарат бір мезетте  барлық әлеуметтік желіні алды да кетті. Таңқалғандар бөлісті, сөйтті де тына қалды. Әлеуметтік желінің әлеуеті осы, өзі. Тақырып ұсынды, ой салды. Жалпы қазіргі заманда балалардың қабілеті ерте ашылып, зияткерлік мүмкіндігі бұрынғыдан да жылдам дамып келе жатқанын көріп жүрміз. Жалпы төрт жастағы бала нені білуі керек? Әліппені әрең танып, ойынға алаңдайтын шақта үш таңбалы сандарды ойша көбейту мүмкін бе? Осы сауалдар бізді де ойландырды. Қазығұрттың баурайындағы алақандай ғана Алтынтөбе ауылында өсіп келе жатқан Әли Адамбек  туралы толыққанды ақпарат алып, ата-анасымен сөйлестік.

 

ЕРТЕ ТАНЫЛҒАН ҚАБІЛЕТ

 

Анасының айтуынша, басқа балдырғандар секілді Әли екі жасынан бастап балабақшаға барған. Бірақ уақыт өте келе оның балабақшаға деген қызығушылығы бәсеңдей бастаған. Анасы Нұргүл Мырзағали бұл жағдайды баласының білімге ерте сусындауымен байланыстырады.

– Балам ол кезде оқу-жазуды, есеп шығаруды меңгеріп қойған еді. Балабақша бағдарламасы оған жеңіл көрінген болуы керек. Тәрбиешілері де оның математикалық амалдарды айрықша орындайтынын айтып, ойлау деңгейі жоғары сынып оқушыларымен тең екенін жеткізді. «Мүмкін, мектепке апарып көрерсіз?» деген ұсыныс жасады.

Апайымыздың кеңесіне құлақ асып, баламызды мектептің даярлық тобына беретін болып мектепке бардық. Мұғалімдер алғашында таңырқай қарағанымен , қарым-қабілетін тексеріп көрген соң, сабаққа қатысуына рұқсат береді. Кішкентай Әли мектеп бағдарламасын еш қиындықсыз меңгеріп кетеді. Тіпті демалыс күндері де мектепке барғысы келіп, таңертең ерте оянып алатын әдет шығарады. Білім алу оның мінезін өзгертті.

Бастапқыда өзінен үлкен оқушылармен  бірден араласып кете алмаған Әлидің үзілісте анасына келіп кететін кездері де жиі кездескен. Ал, қазір білім теңестіріп кетсе керек, ол даярлық сыныбындағы балалармен етене араласып, ортаға бейімделіп үлгеріпті.

 

САНАНЫ «СЫНДЫРАТЫН» МУЛЬТФИЛЬМДЕРДЕН АУЛАҚПЫЗ

 

Кішкентай математиктің анасы Нұргүл де мұғалім. Мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. «Осындай елдің назарын аударған талантты баланы қалай тәрбиеледіңіз?» деген сауалымызға былай деп жауап берді.

– Бесік жырын айтып, ертегілер оқып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге тырыстым. Телефонға тәуелді болуына жол бермеуге тырыстым. Дегенмен, бала болған соң кейде кластастарына қарап қызығып кетеді. Қатарынан қалмасын деп сабағын орындағаннан кейін ғана белгілі бір уақытқа телефон ақтаруға рұқсат етемін. Қарап отырған дүниелерін де бақылауда ұстаймын. Сананы «сындыратын» мультфильмдерден аулақпыз. Әлидің өзі де  аса қызыға қоймайды.

Сабақтан келген соң Әли алдымен «Әліппесін» оқып, үй тапсырмасын орындайды екен. Кейін домино, құрастырмалы текшелермен ойнағанды жақсы көреді. Параққа немесе планшетке әріптер мен сандарды жазып, өз бетінше көп ізденеді. Сандарды жазған сайын ерекше бір әсерге бөленеді. Ол гипербелсенді емес, керісінше, байсалды мінезді. Далада да ұзақ асыр салып ойнамайды, көбіне терең ойға шомып жүреді. Кейде анасына: «Мынаны қалай жасасам болады?» деп бағыт сұрайды. Нұсқау алған соң, өзі тез қағып алып, ары қарай дамыта түседі.

Анасы оның бойындағы Құдай берген қабілеттің шоғын сөндіріп алмауды тілейді. Дегенмен, жасын ескеріп, онлайн курстарға қатыстыруға әлі ерте деп есептейді.

 

ҮШ ТАҢБАЛЫ САНДАРДЫ КӨБЕЙТКЕНДЕ ДЕ МҮДІРМЕЙДІ

 

«Алтынтөбе» орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әлия Миятбекованың 30 жылдық тәжірибесі бар. Оның айтуынша, Әли 5–6 сынып оқушылары шеше алмайтын күрделі есептерді оп-оңай шығарады. Кейде сыныптастары таяқша арқылы санап жатқанда, өзі де солай есептегісі келетінін айтады. Алайда мұғалімі оның есепті ойша шығарып қойғанын байқайды.

Әли анасына жиі «сұрақ-жауап сайысын» ұйымдастырады. Анасы кейде әдейі қате сұрақ қойып, баласының қабілетін тексеріп көреді. Бірақ кішкентай математик тосын сұрақтарға тосылмай, мүдірмей жауап береді. Мектепте достары күрделі есептерді шығаруды сұраса, кейде «шығармаймын, мені мазаламаңдар» деп тұйықталып қалатын сәттері де бар.

Ал мектептің математика  мұғалімі Бақдаулет Ердуәліұлы Әлиді алғаш көрген сәттен-ақ оның талабы таудай, ерекше екенін аңғарған.

– Көбейту кестесін, баған түріндегі бөлу амалдарын ойша кідірмей айтқанда-ақ, оның басқа балалардан оқ бойы озық тұрғанын байқадым. Үш таңбалы сандарды көбейткенде де мүдірмеді. Сандардың «сиқырлы әлеміне» еніп кеткені соншалық, менің келесі сабағым 215-тен кейін 217-ші кабинетте жалғасатынын жатқа айтып береді, – дейді ұстаз.

Әли өзінің математикалық қабілеті «Numberblocks» мультсериалынан басталғанын айтады. Алдымен сандардың ағылшынша айтылуын меңгеріп, кейін көбейту кестесін жаттап алған. Бүгінде ол математикалық амалдарды ағылшын тілінде еркін орындайды.

Ұстаздардың пікірінше, дарынды шәкіртке дұрыс бағыт-бағдар беру – басты міндет. Олар Әлидің тек шағын ауыл шеңберінде қалып қоймай, болашақта мегаполистердегі мүмкіндігі мол білім ордаларында қабілетін шыңдай түсуін қалайды. Баланың болашақта ғылым саласына үлес қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдыратынына сенім білдіреді.

 

 

БАЛА  АРМАНЫ  АЛДАМАЙДЫ

 

Әли әзірге өскенде қандай маман болатынын нақты айтпайды. Мұндай сауалға жауап беретін жаста да емес. Оған қазір тек қана сандар қызық. Бірақ биікте желбіреген Қазақстан туын көргенде: «Мен де Қазақстанның жалауын жоғарыда желбіреткім келеді», – дейді. Бұл сөз оның жүрегінде елге қызмет етсем деген бала арманының ұшқыны бар екенін аңғартады.

Осындай үлкен арманға бастайтын жолдың алғашқы баспалдағы – білім екендігін ескерсек,  білімге құштар балақайдың шет тіліне де қызығушылығы ерекше. Анасы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса, әкесі Сапар – экономист. Математика пәнінің мұғалімі мамандығын да меңгерген. Осы тұрғыдан алғанда, Әлидің бойындағы математикалық және тілдік қабілеттердің тамырының отбасынан  бастау алуы да заңдылық сияқты.

Әлидің бүгінгі жетістігі – оның болашағына берілген үлкен үміттің бастауы ғана. Ең бастысы, баланың бойындағы білімге деген шынайы қызығушылық пен елге қызмет етуге деген бала арманы сөнбесе екен.

 

ҚАБІЛЕТ ПЕН ҚАЛЫПТАСУ: ПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

 

Небәрі 4 жасар Әлидің ерекше қабілеті талай адамды тәнті етіп қана қоймай, терең ойға жетелейді. Сол себепті біз мұндай сирек құбылысқа маман көзімен де үңілуді жөн көрдік. Осы орайда, психолог Салтанат Асанова өз пікірін былайша білдірді.

 

– Шынымды айтсам, ерекше қабілетті бала – бұл әрбір ата-ана үшін үлкен сый деп білемін. Бірақ сый болған соң, оның салмағы да бар, – деп бастады сұхбатын маман.

– Дарын деген тек жарқ еткен жарық емес. Ол – жауапкершілік. Сырт көзге бәрі тамаша көрінеді: есепті лезде шығарады, жұрт сүйсінеді, мақтайды. Бірақ егер сол қабілетті дұрыс бағыттамасақ, бала ерте шаршап қалуы мүмкін.

Психологтың айтуынша, кейде ата-аналар байқамай баласының дарынын жылдам дамытқысы келеді.

– Үнемі мақтау, үнемі көрсету, үнемі «біздің бала ерекше» деген ортада өскен балаға қауіп төну ықтималдығы бар. Оған бәрі тым ерте оңай беріліп қояды. Ал адам баласы, мейлі ол төрт жаста болсын, мейлі қырықта болсын, өсу үшін ізденуі керек, қиналуы керек, бір белесті бағындыруы керек. Егер бағындыратын шың қалмаса, «ішкі от» баяулап кетеді, – дейді ол.

Салтанат Асанова баланың тек есеп шығару, оқуды меңгеру сияқты қабілеттеріне емес, әлеуметтік дамуына да мән беру керектігін ерекше атап өтті.

Әдетте әрбір 3–5 жастағы балдырғандар «Мен кіммін?» деген кезеңмен бетпе-бет келеді. Бұл кезде ата-ана – баланың айнасына айналады. Ал мектеп жасында «Мен әлемде кіммін?» деген сұрақ туындайды. Сол жерде достардың рөлі басталады. Бала өзін басқа балалар арқылы таниды. Егер біз оны үнемі «ерекше» деп қатарластарынан бөліп қарасақ, оқшаулап қойсақ, оның әлеуметтенуі әлсіреуі мүмкін.

 

МАМАН ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІН ДЕ МЫСАЛҒА КЕЛТІРДІ

 

– Мысалы, Америкада аса дарынды балалар арнайы бағдарламалар бойынша білім алады. Академиялық тұрғыда өте мықты. Бірақ кейбірінде әлеуметтік бейімделу әлсіз болады. Бұл нені көрсетеді? Дарынды дамыту мен адамды дамыту – екі бөлек нәрсе емес, олар қатар жүруі керек.

Психолог ата-аналарға бір қарапайым, бірақ маңызды сұрақтарды жиі қойып тұруға кеңес береді:

– Балаңыздың достары бар ма? Ол ортада өзін еркін сезіне ме? Қателесуге, жай ғана бала болуға мүмкіндігі бар ма? Егер осы сұрақтарға сенімді жауап бере алсаңыз – сіз дұрыс жолдасыз. Балаға берілген ерекше қасиет – дарын – тек генетикалық мүмкіндік қана. Оны шынымен дамытатын да, бәсеңдететін де орта. Сондықтан ең бастысы, бала «мен ерекше дарынды баламын» деп емес, «мен қоғамға пайдалы адам бола аламын» деп өссе, сонда ғана оның қабілеті нағыз мәнін табады, – дейді маман.