Ел тыныштығы мен шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жанын шүберекке түйіп, жат жерде қызмет атқарған Тәжік–Ауған шекарасының ардагерлері – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айрықша аға буындардың бірі. Олардың ерлігі мен әскери борышқа адалдығы бүгінгі бейбіт өмірдің берік іргетасына айналды. Сонау сындарлы кезеңде ел намысын қорғаған жауынгерлердің рухы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болып, отансүйгіштік пен қайсарлықтың айқын көрінісі саналады.
Ардагерлердің өшпес өнегесін жас буынның санасына сіңіру, спорт арқылы жігерлі де намысты ұрпақ тәрбиелеу мақсатында 2026 жылғы 8 ақпанда Ленгір қаласында қазақ күресінен 2012–2013 ж.т. жасөспірім ұлдар арасында Түркістан облысының ашық біріншілігі аясындағы турнир салтанатты түрде ашылды. Аталмыш шара Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, Төлеби аудандық «Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс-қимылдары ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Тәжік-Ауған шекарасынан Қазақстан бітімгерлік әскерінің шығарылғанына 25 жыл толуы қарсаңында өткізілді.
Осы орайда, Төлеби аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әуесбек Жақсыбекұлы бүгінгі турнирдің жастар тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталып өтті:
– «Биыл дәстүрлі шара ауданымызда облыстық деңгейде осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Жастарға қашанда қолдау көрсету – біздің басты борышымыз болғандықтан, аталмыш шараға бірлесе атсалысудамыз. Бұл жарыс Қазақстан Республикасы Президентінің салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі жолдауын іске асыруға, жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбиені күшейтуге, қазақ күресінің қолданысын кеңейтуге, спорт шеберлігін жетілдіруге, сондай-ақ ауыл жастарын зиянды әдеттерден сақтап, спортқа баулуға бағытталды. Бұқаралық дәстүрлі додаға облысқа қарасты аудандардан жалпы 170-тен аса жасөспірім спортшылар қатысып отыр. Ауданымыздың спортты жанына серік еткен жастары болашақта талай бәсі биік бәсекелерде егемен еліміздің көк байрағын биікте желбірететініне бек сенемін. Алдағы уақытта аудандық қазынадан арнайы арнайы қаражат қарастырып, бұл шараны бұдан да ауқымды өткізу жоспарымызда бар», – деді.
Игі шара марқұм болған сарбаздардың рухына Құран бағыштап, ас берумен басталды. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, Төлеби аудандық «Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс-қимылдары ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кемелхан Оразалиев, Түркістан облыстық ардагерлер одағының төрағасы Нұрлан Тастемірұлы, Төлеби аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, майор Зауырбеков Мирас Құрасбекұлы қатысты.
Қатысушылар қаһарман сарбаздардың ел мен Отан алдындағы ерлігін еске алып, олардың үлгі-өнегесін жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын айрықша атап айтты. Ардагерлердің батылдығы мен қажыр-қайраты бүгінгі жас буын үшін патриотизм, төзімділік пен адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірудің өмірлік сабақтары болып саналады. Сонымен қатар, олардың тәжірибесі мен ерен еңбегі жастарды спортқа, білімге және елге қызмет етуге ұмтылдырады. Жиын барысында сөз сөйлеген қатысушылар жас ұрпаққа өз Отанын сүю, тарихын қадірлеу және ардагерлердің ерлігін дәріптеу жолында үлгі алудың маңыздылығын ерекше жеткізді.
Жарыс барысында Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби аудандары мен Арыс қаласының жас балуандары қазақ күресінің дәстүрлі әдістерін жақсы меңгергендерін көрсетті. Олар қарсыластарының айласын дер кезінде тойтарып, күш-қайраты мен ептілігін дәлелдеді. Алаңдағы шапшаңдықтары мен батылдығы қазақ күресіне қосып жатқан үлестерін аңғартты. Жасөспірімдерге жол көрсетіп, дайындықтарын қадағалаған бапкерлер олардың күрес әдістері мен ойлау қабілетіне бағыт-бағдар беріп, әрбір жекпе-жекте өзін көрсетуіне мүмкіндік жасады. Ал төрешілер әділ қазылық жасап, жарыстың тәртібін сақтауға жауапкершілікпен қарап, жас балуандардың спорттағы шынайы бәсекеге қабілеттілігін анықтады. Осылайша, балуандардың шеберлігі, бапкерлердің еңбегі және төрешілердің әділдігі көрермендерге қазақ күресінің болашағы жарқын екенін көрсетті.
Ұлттық спортты дәріптеп, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуді көздейтін сайыс нәтижесіне сәйкес, командалық есепте Төлеби спорт клубына қарасты «Жақсылық» спорт кешенінің жасөспірімдері жеңімпаз атанды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әр салмақ бойынша I, II, III орын алған спортшылар Төлеби аудандық «Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс-қимылдары ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігі есебінен тиісті дәрежедегі дипломмен, арнайы дайындалған медальмен және командалық белбеумен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, кәсіпкерлер тарапынан Тәжік-Ауған соғысы ардагерлеріне арналған 25 жылдық төсбелгілер табысталды.
Сайыс соңында Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері аталмыш іс-шараның өтуіне қолдау танытқан аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаровқа, ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалибековке, спорт, дене шынықтыру және мәдениет бөлімінің басшысы Әуесбек Әсілбековке риясыз алғыстарын айтты.
Жалпы бүгінде Төлеби ауданында Тәжік-Ауған соғысының 51 ардагері бар. Олар тек тарих куәгері ғана емес, жас ұрпаққа өмірлік сабақ беретін үлгі ретінде белсенділік танытып келеді. Облыстық, аудандық спорттық және мәдени шараларға белсене атсалысатын ардагерлердің ерлігі мен табандылығы жастардың бойына елжандылық сезім мен қайсарлықты сіңіреді.
Ардагерлерге құрмет көрсету – елге деген құрметтің айқын көрінісі. Ал олардың ерлігі мен өнегесін келешек ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Осындай тағылымды шаралар арқылы өскелең ұрпақта отансүйгіштік рух қалыптасып, ел тарихына деген құрметі арта түсері анық.