Cу –тіршілік көзі

    Сусыз тірі ағзалардың тіршілігі болмайтынын барлығымыз жақсы білеміз. Егер, пайдаланатын ауыз судың сапасы төмен болса, адам ағзасына әртүрлі ауру қоздырғыштары еніп, аурулар тудырады. Бұл туралы әр адамның білгені жөн.

Алдымен, судың эпидемиологиялық маңызына ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Себебі, су жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың таралуында басты фактордың бірі болып табылады.                                      Сарапшылардың мәліметі бойынша, әлемдегі барлық аурулардың 80% ауыз су сапасының нашарлығымен және сумен қамтамасыз етудің санитарлық нормаларының бұзылуымен тікелей байланысты екен.

Су арқылы бактериалды ішек жұқпалы аурулары көп тарайды.
Бактериалды ішек жұқпалы ауруларына тырысқақ, іш сүзегі, А және Б паратифтер, дизентерия, әртүрлі энтериттер мен энтероколиттер жатады. Бұл аурулардың дамуының басты себептері: ұйымдастырылмаған суды тұтыну, жеткіліксіз су мөлшері, олардың дамуына қоршаған ортада қолайлы жағдайдың болуы, суды алу және суды тазарту қондырғыларында, су құбырларында техникалық ақаулардың болуы, қарапайым жеке бас гигиенасын сақтамау.

Суға түскен әртүрлі химиялық, фармацевтік заттар, былғары және басқа кәсіпорындардың қалдықтары оның тек биологиялық тепе-теңдігіне әсерін тигізіп қоймай, судағы микрофлораларға да зиян келтіреді. Атап айтқанда, потагенді ішек клеткалары микробтарының морфологиялық, физиологиялық қасиеттерін өзгертеді (тіршілік қабілеттілігі, вируленттілігі, биохимиялық реакциялары т.б.). Осыған байланысты микробиолог мамандар көбінесе тікелей патогенді микроағзаларды анықтауға көңіл бөледі. Суда ішек жұқпа қоздырғыштарының тікелей бөлінуі оны пайдаланудың міндетті қаупі туралы анық дәлелдейді. Қазіргі уақытта, ағын су және басқа да суда сезімталдық әдістермен патогенді энтеробактерді тікелей анықтап, табуға болады. Сальмонелланың серотиптік бөліну көрінісі мен табылуының жиілігі әртүрлі. Сальмонелла мен шигелланы салыстырғанда, шигелла суда сирек бөлінеді. Шигелланың судан аз бөлінуі судағы аз концентрациясына, ұзақ тіршілік етпеуіне бактерия тасымалдау мерзімінің қысқалығына және басқа да факторларға байланысты. Суда сальмонелла қоздырғыштары көп табылады. Судағы қалыпты коли-титрмен бірге патогенді энтеробактер болуы мүмкін, осы фактор көптеген жұқпалы ауруларды тудырады.   Эпидемиологиялық тұрғыдан ашық су көздерінің қауіптілігі өте жоғары. Себебі ол ұдайы ашық тұрады әрі оған коммуналдық, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық қалдықтар қосылады. Егер, ластанған суды ауыл шаруашылығына пайдаланса, онда ішек жұқпалары жануарларға жұғады да, одан адамдарға тарайды. Ашық су көздері үй жануарларының эпизоотологиялық жұқпалы ауруларға шалдығуында үлкен рөл атқарады. Ондай судағы балықтың желбезегі мен ішегінде патогенді микробтар жүреді. Көптеген ашық су қоймаларынан Escherichia және Klebsiella, жануарлар мен адамдарға тән патогенді энтеробактер Salmonella және Shigella, Versinia кездеседі. Ал жасанды су қоймаларынан V. рseudotuberculosis, табиғи тоғандардан V. Еnterocolitica табылады.

Ашық су көзін ауыз су мен шаруашылық, тұрмыс үшін пайдаланғанда микробиологиялық сапасына, яғни патогенді және шартты патогенді микроағзаларына, олардың аз-көбіне көңіл аудару керек. Тәжірибеге сүйене отырып қорытындыласақ, микробтардың негізгі рөлін Enterobacteriaceae тұқымдастар, соның ішінде Salmonella атқарады. Көбінесе кәсіпорындардан шыққан ластанған ет қалдықтары мен басқа тамақ қалдықтары сальмонелланың таралуына негіз болады. Мұндай ластанған ашық суда сальмонелланың бөліну көрсеткіші 15-30 пайызға, ал жекеленген қалдықтарда 100 пайызға дейін жетеді.

Су арқылы берілетін аурулар халық арасында таралуының
алдын алу үшін төмендегі шараларды іске асырған жөн:

— ауыз судың сапасына үнемі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу;

— қайнатылған ауыз суын пайдалану;

— ашық су көзіне шомылғанда сақтық шараларын жасау;

— кез-келген ашық су көздеріне шомылмау;

— жеке бас гигиенасын сақтау;

— елді-мекендерді таза ауызмен қамтамасыз ету;

— мүмкіндігінше елді мекендерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету;

— ашық су көздерінің санитарлық қорғау аймақтарын қатаң сақтау;

— балалар мекемелерінде эпидемияға қарсы шаралардың жүргізілуін қадағалау;

— зиянды, ластанған іркінді суларды залалсыздандыру;

— ашық су көздерінің сапасын үнемі қадағалау;

— тазарту стансаларында тиімді зарарсыздандыру заттарын пайдалану және олардың тиімділігін қадағалап отыру;

— кезеңді медициналық тексеруден өтіп отыру.

Е.Рысқұлов

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика