САЛЫНҒАНЫНА 150 ЖЫЛ БОЛҒАН ОРДАБАСЫДАҒЫ МЕШІТТІ БІЛЕСІЗ БЕ?

Біздің ел ескерткіштерге бай. Оның ішінде сәулет және қала құрылысы ескерткіштерінің қатары әжептеуір. Иә, атамыз көшпенді ғұмыр кешкенмен, қалалық мәдениеттің де бір құлағын жетік меңгергеніне соңғы кездері көзіміз анық жетіп келеді. Мұнаралы мешіт салып, медіресе тұрғызып, ағынды су арналарын қазыпты. Жайлауы қырда болғанмен, жұма сайын мешіттерге бас сұғып, базарлайтын қыстақтары мен егін салатын алқаптары белгіленген.

Өңіріміздегі бүгінге жеткен сәулет ескерткіштерінің көп бөлігі ХІХ ғасырға жататын мұралар. Мұның себебін 2019 жылы газет бетіне шыққан Шымкенттегі «Жәми мешіт» жайлы мақаламызда тапқандай болып ек. Ауызша деректерге қарағанда, қазақ даласынан қажылыққа баруды мақсат еткен бай-бағландар өз мекендері маңынан мешіт салуды жөн санаса керек. Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінен бастап, Сыр жағасындағы Қалжан ахун медіресесі, Шаяндағы Аппақ ишан мешіт-медіреселеріне дейін сол дәуірдің өкілдері. Тіпті, Оңтүстіктің өлкесінің Ысқақ баб, Шәммат ишан секілді бұрыннан бар сәулет ескерткіштері де осы заманда қайта жаңарғаны белгілі. Соған қарағанда, қазақ даласында ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы кезеңде сәулет саласына тың өзгерістер еніп, құрылыс қазаны қайнаған секілді. Теріскей жақта орыс және татар сәулет стилдері етек жайса, оңтүстік өлкеде бұқар және тәшкен-ферғана ерекшеліктері көзге түседі. Ғимарат қабырғасын тұрғызуда қам кірпіш пен пақсаның орнына күйдірілген кірпіш қаланып, көркемдігі ерекше ағаш айванды сәулет стильдері етене еніпті.

Бұған дейін жарық көрген мақаламызда («Қызмет» газеті, 11 наурыз 2022 жылғы №10 саны) Ордабасы ауданын «ХІХ ғасыр ескерткіштерінің өлкесі» деген едік. Қараңыз: Аққойлы мешіт-медіресесі, Ақбұлақтың шіркеулік мектебі, Мәделіқожа мен Майлықожа ақындардың кесенелері, жаңадан белгілі болып жатқан Ахмет Кенесариннің мазары. Енді сол тізімнің қатарына Көкмешіт сәулет ескерткіші қосылды. Расында, енді Ордабасы дей қалсаңыз, ХІХ ғасырдан жеткен мұралар көз алдымызға келетіндей болды.

Фейсбук әлеуметтік желісінде Ордабасы ауданындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жанашыры – Ерік Әшірбердиев деген азамат сол аудандағы ескіден жеткен мешіт жайлы бөлісті. Артынша бізге хабарласып, көне жәдігерді көзбен көруімізді өтінді. Біз үшін таңсық ақпарат болды. Жолға шықтық.
Бұл сәулет ескерткіші бұған дейін ешбір еңбекте кезікпеген. Мемлекет қорғауына алынған тарихи және мәдени мұралардың жергілікті тізімінде жоқ. Шымкенттен шыққан жолымыз Арыс өзенінен өтіп, Ордабасы ауданының Қажымұқан ауыл округіне бұрылатын көпірінен оңға, шығыс бағытқа бұрылды. Арысқа құятын Боралдайды жағалап 10 шақырымдай жүргенде Көктөбе деген ауылға ендік. Біз іздеген Көкмешіт осы Көктөбенің жоғарғы жағында екен. Жол бастап келген Ерік аға мешіттің имамы болып жүрген Әліқожа атаймен таныстырды.

Әліқожа атайдың айтуынша, Көкмешіт сәулет ескерткіші 1870 жылы салынған екен. сол дәуірдің элементтері жақсы сақталған. Орналасқан географиялық координаты 42°39’14.3″ солтүстік ендік, 69°26’44.3″ шығыс бойлық. Мешіт құрылысының жобасы тіктөртбұрыш формасында салынған. Ені 11 метр болса, ұзындығы 17 метр. Мешіттің қыбыла, жауын-шашын ұратын жақ беті күйген кірпіштен қаланыпты. Қалған жақтары тәшкен-ферғана стиліндегі ағаш айванды етіп шешімін тапқан. Сәулетшілердің бұлай шешім етуінің себебі, ғимараттың негізгі бөлмесінің қабырғасын жауын-шашыннан қорғау болса керек. Ортадағы негізгі бөлме – намаз оқитын залдың дуалы қам кірпіштен қаланған. Көлемі шамамен 8х12м пішінді. Айванның ағаш тіреулерінің төменгі жағы қырлы формада шабылған. Ұстындардың арасы ағаш шабақтармен қоршалған. Қазіргі шатыры шифер жабынмен жабылып тұрғанмен, алғашқыда қаңылтыр материалмен қапталғаны байқалады. Күйген кірпіштен қаланған қыбыла беттегі қабырғасында бірнеше қатар тесіктер байқалады. Бұл тесіктер құрылыс кезінде арнайы саты шабақтарын ендіріп, бекіту үшін пайдаланылған сияқты.
Көне сәулет ескерткішінің сыры жайында әңгімелеп беруді ауылдың қазіргі имамы Әліқожа атайдан сұрап едік.

Әліқожа ОМАР, Ордабасы ауданы, Көктөбе ауылының тұрғыны, ауыл имамы:

«КӨКМЕШІТТІ ЖӨНДЕП, БАЛА ОҚЫТСАМ ДЕЙМІН. АРМАНЫМ СОЛ!»

– Әліқожа ата, Көкмешіттің салыну тарихын айтып беріңізші. Салынғанына 150-ден астам уақыт болды дейсіз, қандай да бір құжаттары бар ма?

– Өзім Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауыл округіне қарасты Көктөбе ауылының тұрғынымын. Осы ауылда 1950 жылы туғанмын. Мешіттің тарихы туралы әкем Әсетулла және ауылдың үлкендерінен естіп өстік.
Мұның құрылысы 1870 жылдары салынған екен. Жастау кезімізде 1892 жылы туған ақсақалдан сұрағанымызда «мен бала кезімде бұл мешіт бар еді, 1870-1880 жылдары салынған» деп жауап беріп еді. Сол сөзді алға тартып, Көкмешіт 1870 жылы салынған деп жүрміз. Бірақ, ескіден келе жатқандықтан, ешбір техникалық құжаттары жоқ, жасалмаған.

Бұл Көкмешіттің осында орналасу тарихына тоқталайын. Мешіттің тарихы біздің әулет тарихымен тығыз байланысты болғандықтан, өз әулетім жайында да қатарластыра сөз қозғаймын. Ертеректе бұл ауылдың орнында Масақорған дейтін мекен болған екен. Масақорғанның Байтұрсын деген үлкен ақсақалы бас болып, мешіт салдырады да, оған имамдық ету үшін Түркістаннан Омар деген қожаны пір етіп алдырыпты. Омар қожа – менің бабам. Оның Жүніс, Әбілдә деген екі баласы болып, екеуі де Бұқараның медіресесін бітірген екен. Жүніс пен Әбілдә аталардың тұсында баяғы Байтұрсын ақсақал салдырған мешіт ескіріп, орнына жаңа мешіт салуды ұйғарады. Ел болып қаржы жиып, Тәшкеннен арнайы ұсталар алдырып, осы мешітті салдырған. Құрылысқа басшылық жасаған кісі – Жүніс әжі ата. Мешіт құрылысына қажетті күйдірілген кірпіш әзірлейтін пеші де болған. Ол пешті Кеңес заманы тұсында егістік суаратын канал қазу кезінде қиратқан. Мешіттің шатыры қаңылтыр материалынан болған. Қаңылтырдың түсі көк түсті болғандықтан аты да «Көкмешіт» деп аталған екен.

Бұл мешітте мына шеті Боралдай тауынан бастап, арғы шеті Темірланға дейінгі өңірді мекен еткен жұрт жұма намаздары мен айт мерекелерінде бас қосып тұрыпты. Әлбетте, әр ауылдың өз мешіт-намазханалары болған, бірақ ірі діни шаралар осында атқарылып, үлкен мешіт қызметін атқарған екен. Көкмешіт мұндай қызметке 1920 жылға дейін жараған.

Патша өкіметі төңкеріліп, 1920 жылы қызылдар билікке келгесін бай-манаптармен қоса дін қызметкерлерін де қудалау басталған. Ишан-молдалар бас сауғалай жан-жаққа қашады. Әкемнің айтуынша, сондай қуғын-сүргін кезінде Масақорғанның жұрты «бабаларыңыз біздің елдің пірі болды, ұрпақтарыңызға зиян тимесін, аман сақтап қалайық» деп аталарымның әулетін бір түнде Тәшкенге шығарып жіберіпті. Бірақ, сол кезде әкем Әсетулла Аппақ ишан медіресесінде оқып жатады да, әулеттің көшіп кетуінен хабарсыз қалып қояды. Содан 5-6 күннен кейін ауылға келсе, оны ұстап, Шымкентке апарып қамапты. Қызылдар қолға түскен кісілерді «халық жауы» деп күнде атып жатады дейді. Қамақта отырған адамдар ақылдаса келе, «пірдің баласын құтқарайық» деген шешімге келіп, бірінің иығына бірі шығады да әкемді қоршау қабырғасын асырып жіберіпті. Содан күндіз шеңгел астына жасырынып, тек түнде ғана жүріп отырып 3 тәулік дегенде ауылға жетеді. Ауылдың жанашыр ақсақалдары әкемді тамақтандырып, түнделетіп Тәшкенге шығарып салған екен. Солайша біздің әулеттің Жүніс, Әбділдә, Омар, Әсетулла, Нұрілдә деген аталары қуғын-сүргін заманынан аман қалыпты.

«МЕШІТТІҢ ШАТЫРЫН ЖӨНДЕУ КЕЗІНДЕ БІР ҚАП КІТАП ЕСКІШЕ ЖАЗЫЛҒАН КІТАП ТАБЫЛҒАН»

– Мешіт ғимараты Кеңес заманында нендей қызметтерге пайдаланылған? Осы күнге қалай аман жетіп отыр?

– Соғыс жылдарында ауылдардағы мешіттерде намаз оқу жоқ, мешіт ұстау жоқ, бірақ молдалар болған. Әкем Әсетулла соғыстан кейінгі жылдары ауылдың молдасы болды. Сол кездері бұл Көкмешіт колхоздың қоймасы қызметін атқарды. Қабырғаларының кей тұстары үгітіліп тұруының себебі де сол, қойма болған кезде осында сақталған селитра секілді минералды тыңайтқыштардың әсері.

Тәуелсіздікке қол жеткен 90-шы жылдары кезінде дін де қайта қолға алына бастаған кезеңде ауыл қариялары колхоз басшылығына барып, қайта мешіт етіп ашу үшін жөндеу жұмыстарын жүргізуді өтінеді. Ол кезде шаруашылық директоры С.Сұлтанов деген кісі еді. Оған рақмет, мешіттің тозған қаңылтыр жабынын шиферге ауыстырып, еденін цементтеп, жөндеп берді. Ауыл тұрғындары мені «пірдің ұрпағы» деп 1993 жылдан бастап осы мешітке имам қылды. Сыйлағанына рақмет.

Содан бері қарай 2016 жылға дейін Көкмешіт мешіт қызметін атқарды. Сылап-сипап, әктеп, сырлап ұстап отырдық. Пайдаландық. Айванның анау шеттегі бір ғана ұстыны ауысты, қалған тіректер сол күйінде тұр. Бастапқы кезеңде айвандағы шарбақтары оюлы-өрнекті болған екен, кейін ол ескі шарбақ ауысқан.

– Қазір қараусыз қалып тұр екен, жөндемек ойларыңыз бар шығар? Алда нендей мақсатта пайдаланбақсыздар? Сәулет ескерткішін мемлекеттік қорғауға алу ісіне қалай қарайсыз?

– Ауылдың азаматы Ж.Төреханұлы деген жігіт жомарттық жасап, 2016 жылы жаңа мешіт салып берді. Содан бері бұл Көкмешіт қараусыз қалып қойды. 2018 жылы менің өзім де денсаулығым болмай, имамдық жұмыстан шықтым. Уақытша басқа жас жігітті қойып еді, ауыл тұрғындары жақтырмай, қайта өзімді қойды. Қарасам, мына мешітке ешкім қарамайды. Ескі мешітті енді не істейміз? Қараусыз қалып, құлап қала ма? Шатырынан су өтіп, қабырғасы сызданып тұр. Үйінді топыраққа айналып кете ме деп қауіп қыламын. Осы ортада діни басқарма тарапы мешіт жанынан діни сауат ашу курсы мен медіресе ашуға рұқсат беріп қалды. Соны алға тартып, ескі Көкмешітті медіресеге айналдыру туралы ауыл тұрғындарына үндеу тастадым. Бала оқытайық деп кеше ғана жиын өткіздім. Аудан имамы келді, көрді, рұқсат берді. Қаржы көзін тауып, жөндеу жұмыстарын бастамақпыз.

Осы жұмыстарды естісе керек, бірнеше күн бұрын Аққойлыдағы Ишанбазар мешіті сәулет ескерткішінде қызмет атқаратын Е.Әшірбердиев хабарласты. Көкмешітті тарихи-мәдени мұра ретінде мемлекет қорғауына алу шарасын атқарайық деп. Оның алдындағы уақытта мұны мемлекет қорғауына алу туралы осы ауылдың тумасы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Құрмаш деген кісіге айтқан едім. «Жоқ, бұл қорғау тізіміне тіркелмеген, мемлекеттік қорғалуға жатпайды» деп шығарып салған. Кінәлап жатқан жоқпын, бірақ солай деген еді. Бүгін Ерік бастап, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары келіп отыр.

Енді, осы Көкмешітті жөндеп, бала оқытсам деймін. Арманым сол.

– Шатыры 90-шы жылдары ауысты дедіңіз. Әдетте көптеген ескі мешіттердің шатырынан Кеңес заманында жасырылған көне кітаптар табылып жатады. Көкмешіттен де сондай дүниелер табылды ма?

– Әкем осы ауылда молда болды дедім ғой. Ескіше жазуды маған әкем үйретті. Дегенмен, діни білімді Шымкенттегі медіреседе алып, 1992 жылы тәмамдадым. Ал, 1990 жылы бұл Көкмешіттің шатырын шиферлеген кезде басы-қасында болған жоқпын. Бірақ, ауыл тұрғындары бір қап кітап ескіше жазылған кітап табылғанын айтады. Қандай кітап екенін білмеймін, тиісті мекеме өкілдері алыпты деседі. Алдағы уақытта шатырын ауыстыруды ойлап отырмыз. Сол кезде тағы да бірді-екілі кітаптар шығуы мүмкін деп ойлаймын. Табылып жатса, жәдігер сақтайтын орындарға тапсырармыз, не медіресе жанынан көне кітаптар сақтайтын арнайы бөлме жабдықтап қалармыз.

– Әңгімеңізге рақмет! Ісіңіз ілгерілей берсін!

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Шымкент-Ордабасы-Шымкент

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика