МАЙБҰЛАҚТА КӨНЕ ТҮРКІ ДӘУІРІНЕН ЖЕТКЕН КӨНЕ МҮСІН ТАБЫЛДЫ

Біз бұл сапарымызда бір қызық жайтқа кезіктік. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз рас қой. Басынан бастап айтайын. Бәйдібек ауданындағы Майбұлақ ауылынан Мырзанәлі деген азамат хабарласып, Шаян өзені бастауын алатын Қаратаудың бір шатқалында петроглифтер барын айтқан. Бұған дейін ғылымға белгісіз болып келген бұл петроглиф туралы естігенде селт ете қалғанымыз рас. Оның үстіне, сол тау ішіндегі петроглифтерден алынғанын, қазір Шымкенттің бір мектебінде музейде тұрғанын растап көркем салынған петроглиф тас сынықтарының фотосуретін жібергенде, жаңа петроглифтерді көргенше асыға түстік. Мына петроглифтер бұрын-соңды біз көріп жүрген Қаратау петроглифтерінен тым көркем, өте сұлу салынған екен. Тастағы өрнек дерсің.

Сонымен, көруге ынтық қылған көркем петроглифтерді тамашалау үшін жолға шықтық. Берік Әбутәліпұлы аға басқарған жол тағамайтын көлігіміз Майбұлаққа жеткізді. Ауылдың қыр-сырын, сай-саласын жақсы білетін Мырзанәлі Сағынбеков аға қарсы алды. Бізді шақырған осы кісі. Алайда, тау ішіндегі петроглифтерге жол бастап баратын, жолын білетін басқа адам екен. көрсетуге уәде еткенімен, сөзінен тайқып кетсе керек, Мырзанәлі аға жөн білетін басқа жан табылып қалар деген дәмемен тауға жетеледі. Жолай мүлгіген көне оба-қорғандарды аралап, өзен бойлап өрлеп келеміз. Бір уақ болғанда Мырзекең көлікті тоқтатты. Бәріміз көліктен түстік. Тау шатқалының тарылып, өзен арнасы бір көлік өтетіндей ғана болып ағатын тұсы екен. Нақ осы жер «Тоғанас қорғаны» деп аталады екен. Мырзекең сөйдеді. Сіргеліге ұран болған Тоғанас батыр салдырған қорғанның ізі де бар екен. Жолбасшымыздың айтуынша, бала кезінде бұл қорғанның биіктігі кісі бойындай болса, кейін жақын маңдағы малшы ауылдар құрылысына тасын таси-таси тек ізі ғана қалыпты. Біресе өзен жағалай су кеше, біресе қалың өскен долана мен кәтіреңкі аралас орман ішін сыдыра жүріп жоғары өрледік. Жай жүрмей, петроглифтің қайда орналасқанын біледі-ау деген кісілерден жөн сұрай жүрдік. Біреуі естігенін айтса, екіншісі өмірінде бірінші рет естіп тұрғанын айтып таңданады. Петроглиф пен оған баратын жолды көрсететін жан таппадық. Дегенмен, оның орналасқан жерін шамалап болса да Жамбыл облысына асатын Асубұлақтың маңайында екенін білдік. Жолын нақты білетін кісі болмаса, созылған Қаратаудың Асубұлағының қай тұсын далақтайсың?

Петроглиф көреміз деген үміт сөнді. Дегенмен, бізді тасқа қашалған басқа сұлулыққа тамсану күтіп тұр екен. Мырзанәлі аға ауылға қайта бастап келіп, ауыл ішінде елеусіз жатқан тас мүсінді көрсетті. Мына кереметті қараңыз. Бұрын-соңды дәл мұндай көркем балбалтас көрмеппін. Аулаға кіреберістегі шарбақтың түбінде жатыр. Қысқасы, тас бетіне салынған бір суреттерді іздеп барып, тастан қашалған басқа бейнені көріп, таңданып қайттық.

Балбалтастың басы қиратылған. Бүгінгі бізге жеткен балбалдардың көбіне тән нәрсе ғой. Бет-бейнесі суреттелетін тұсы жоқ, сындырылған. Бірақ, кеудесін жапқан қалың қауға сақалының таралғанынан күтімді ақсүйек бекзадаға арнап бедізделгені байқалады. Мүсіннің оң жағында қожайыны алдында бәйіз таппай қызмет етіп жүрген күтуші қыз бала салыныпты. Қыз баланың қолы, саусақтары өте нәзіп, көркем салынған. Оның саусағында ерекше жүзігі, құлағында сырғасы байқалады. Оң қолымен қожайынына (әлде, мәртебелі бекзадаға) кубок (тостаған) толы шарап ұсынып, сол қолымен тағы бір ишара жасап тұр. Үлкендеу дөңгелек көз шарасы мен мұрын қырына қарап, еуропалық нәсілдегі адам ба дерсің. Негізгі мүсіндегі қауға сақалға қарап та сондай ойға келуге болады. Негізі, көпшілігіміздің көз үйренген түркі балбалдарында кісі бейнесі сүйірлеу келген сақалмен бейнеленеді ғой. Мына мүсіннің бір ерекшелігі сонда болып тұр. Әрі көркем, әрі ерекше.

Осындай бір қызықты мүсінге жолығып, сан ойларға шомдық. Сонда, бұл мүсін қай заманнан, қандай ғасырлардан, нендей нәсілді халықтан қалған жәдігер болды екен? Осы сауалдар жетегінде көрген-білген кісілерге сауал жолдадық. Оқырманымызға қызық болар деген оймен, жауабын назарыңызға ұсындық.

Байжан ЖҮНІСОВ, Майбұлақ ауылының тұрғыны:

«КӨНЕ МҮСІН ЕСІГІМІЗДІҢ АЛДЫНДА ЕСКЕРУСІЗ ЖАТЫР»

Бұл мүсінді 90-шы жылдары таптық. Сол кезде ауылдан осы учаскені сатып алып, үй салып, электр бағанын орнату үшін жер қаздық. Жер қазып жатып 1-1,5 метр шамасындай тереңдіктен шықты.

Бұл жер бұрын ескі қыстаудың орны болған екен. Еңіс жағынан былай қарай осы жерге дейін тамның орны-тұғын. Сол жердің орнын столбы орнатпақ болып қолмен шұңқыр қаздық, сонда осы тас мүсін жолықты. Қазып жатқан шүңқырымыздан осы қалпында тікесінен шықты. Сосын электр бағанын қойдық та, бұл мүсін сол күйі осы күйінде тұра берді. Басында мүсін екенін байқамадық. Топырақ арасынан шыққасын лай-лай болып тұрған. Шұңқырдан шығарып қоя салдық. Бетіндегі лай-батпағы түскесін ғана мүсін екені белгілі болды.

Содан бері ескерусіз, елеусіз есігіміздің алдында жатыр. Бұзбадық та, сындырмадық та. Ауылдың ес білер азаматы деп Мырзан деген жігітке көрсеттік. Табылғанына 30 жылдан асты ма, ең бірінші болып сұрап, іздеп келген адам сіз болып тұрсыз.

Мұны біреу-міреу басқа жақтан көтеріп әкелмейтін шығар? Тереңнен шықты. Қай заманнан қалғанын білмейміз. Мұндай мүсіндер бірнешеу болуы да мүмкін. Бұл тас табылған соң қызығып маңайынан басқа шұңқыр қазып көрмедік. Іздеуші табылса, көмекші болып қазысуға әзірміз.

Мырзанәлі САҒЫНБЕКОВ, Майбұлақ ауылының тұрғыны, ауыл биі:

«АУЫЛДАН КІШІГІРІМ ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІН АШҚАН ДҰРЫС»

Қарап отырсақ, бұған дейін де бір археолог кісі келген. Оған ауыл маңындағы тарихи орындарды, оба-қорғандарды көрсеткенбіз. Тарихи-мәдени ескерткіштердің көптігіне қатты таңданып еді. Қазір біз көрсетіп отырған мына мүсінге ұқсас басқа бір балбалтасты Алматыға алып кеткен екен. Көрдіңіз бе? Мұндай тас мүсіндердің табылуы бірінші рет емес.

Осыны ескергенде, ең дұрысы ауылдан кішігірім өлкетану музейін ашқан дұрыс па деймін. Ол музей мектеп қабырғасынан ашыла ма, әлде басқа да бір жолын табу керек пе, ол жағын қарастыру қажет. Міне, алдымызда тұрған тас мүсінді сол музейге қойса, бұдан да басқа тарих жәдігерлері көптеп табылып қалар, ауылдың тарихын танытатын дүние болар еді. Мысалы, жаңа айттым ғой, 80-ші жылдары осыған ұқсаған бір балбалтасты алып кеткен, ол мүсін жайлы басқа жұрт былай тұрсын, ауыл адамдары мен арнайы мамандардың өздері елеп-ескеріп жатпайды. Кітаптан оқысақ оқыдық, оқымасақ білмейміз оны. Ұмытылды. Ал егер, ауылдағы музейде тұрса, ауыл тұрғындары, жастары да біледі, саланы зерттеушілер де хабардар болады.

Бұл тас мүсін ешқандай да кейінгі заманның туындысы емес, бұған дейінгі ескі құрылыстың іргетасы да емес. Нақты көне заманнан жеткен мүсін екені көрініп тұр. Түркі дәуірінің ескерткіштері қатарына жатқызуға болар. Тіпті, мүсіннің мына сақалын бейнелеуіне қарағанда, жыл санауға дейінгі сақтар заманына кететін грек-бактриян бейнелеу өнері ме екен дейсің. Кім біледі? Археолог мамандарға көрсетіп, сараптама жасатып алу керек.

Мұқтар ҚОЖА, тарих ғылымының докторы, профессор:

«МАЙБҰЛАҚ — ҰМАЙ АНАҒА ҚАТЫСЫ БАР КИЕЛІ ЖЕР»

 Мұқтар аға, күні кеше Бәйдібек ауданындағы Майбұлақ ауылында (қазіргі Ағыбет ауыл округі) көне заманнан жеткен тас мүсінді жолықтырдық. Осындай мүсіндерді көптеп зерттеп жүрген майталман маман ретінде пікір айтыңызшы. Ерекшеліктері мен қай заманға жататынына тоқталсаңыз.

– Түркістан облысындағы көне Түркі дәуірінің тас мүсіндері шоғырланған бірден-бір аймақ – осы Бәйдібек ауданы. Бұл өңірден табылған мүсіндер бұрын да зерттелген, біраз ескерткіштер ғылым айналымына енген. Қазір де сол дәуірдің ескерткіштерінің жаңа үлгісін көріп отырмыз.

Бұл мүсін де сол аймақта таралған әдеттегі көне Түркі дәуірінің ескерткіштері қатарына жатады. Жасалған дәуірін айтқанда, шамамен VII ғасыр, мүмкін VIII ғасырдың басына жатқызуға болады. Неге сол кезбен шектейсіз десеңіз, себебі VIII ғасырда біздің өлкеге дін тарату мақсатымен мұсылман әскері енді. Одан кейінгі кезеңде мұсылман діні тарап, көне түркілік мүсіндер талқандалды, көптеген ескерткіштердің (дәл мына ескерткіштікіндей) бас бөлігі соққы салдарынан бөлініп, бүлінген. Сол кезеңнен аман қалған мүсіндердің өзі басы шабылған, қиратылған, шағылған кейпінде бізге жетіп отыр. Міне, сондай ескерткіштердің бірінің бөлігі қолымызда тұр.

Бұған дейін де өткен ғасырдың 80-ші жылдары дәл осыған ұқсас бір мүсін дәл осы Майбұлақ ауылынан табылған болатын.  Ол кезде студент Айдар деген жігіттің айтуымен барып, әлгі мүсінді алып Орталық музейге өткізген едім. Мынау мүсін де сол дәуірге тән.

Мұндай балбалтастар түркі дәурінде орнатылған. Өз дәуірінің батырларына, ақсүйек өкілдеріне, ықпалды азаматтарға осындай тас мүсіндер қойылатын болған. Бұл мүсіндер мола үстіне қойылып, белгіленбейді. Мұндай мүсіндер белгілі бір рәсімдер (марқұмның қырқы, жылы секілді) өткізу кезінде қайтыс болған әлгі азаматтың рухы «ортамызда отыр» деген түсінік, өзі келіп той-думанның ортасында қатысып отырғандай бейнелейтін дәстүр, соған құрмет ретінде орнатылады.

Мына жерде мүсіннің қолы өте бір нәзік бейнеленіп, салтанатты түрде қолына кубокты тоса ұстап тұруы ақсүйек адамдарға тән ерекше түрде бейнеленген. Ал, екінші адамның бейнесі жақсы жеткен, бірақ оның қолынан ыдысты байқап тұрған жоқпын. Майбұлақтан табылған алдыңғы мүсінде сондай бір ыдысы болатын. Мына мүсіндегі екінші адам саусақтарымен не белгі беріп тұрғаны түсініксіздеу. Дегенмен, осы мүсіннің өзі Түркістан облысында көне түркі дәуірінің ескерткіштері кең тарағанын және жай схемалық түрде емес, нағыз шеберлердің қолынан шыққан тас мүсін екенін дәлелдейді. Тас өңдеу ісінде белгілі бір биік деңгейге жеткенінің айғағы ретінде осы тас мүсінді айтуға болады.

Бұл Майбұлақ ауылының атауында да бір сыр бар. Мұнда да көне Түркі дәуірінің белгісі жатыр. Көне түркілерде «Ұмай ана» деген қасиетті ұғым бар. Кейінгі қазақ халқы оны «Май ана» деп атап кеткен. Ш.Уәлихановтың еңбегінде «Май ана! От ана! Жарылқа!» деп келетін жыр жолдары кездеседі. Ондай рәсім келін түскен сәттерде атқарылады. «Май ана» деген атау сондай рәсімдер атқарылатын сәтте сыйынатын киелі дүние. Меніңше, бұл «Майбұлақ» атауы сол Ұмай анаға қатысты киелі бір жер болған деп ойлаймын. Көне Түркі дәуіріне тән тас мүсіндердің сол аймаққа шоғырлануының да бір сыры сол болар. Ауыл атауының өзі Түркі дәуірінен бері келе жатыр деп санаймын.

Мына мүсіндегі ер адамның бейнесі сақталмаған. Дегенмен, сақалы анық көрініп тұр. Сақалының мүсінделуі сол кездегі түркі ер азаматтарына тән моңғолойд расасына тән келмейтін сияқты. Қауға сақалды ғой. Әлде ирандық па, әлде кавказдық па, әйтеуір сүйірленіп келетін түркілік балбалдардың кейпіне келіңкіремейді. Ал, алдыңғы фондағы әйел бейнесінде де еуропалық нәсілге тән көз шарасы, мұрын қыры байқалатын секілді. Мұны қалай түсіндірер едіңіз? Мысалы, Батыс Түрік қағанатының негізін қалаушы Истеми қаған Мыңбұлақ (мүмкін осы Майбұлақ болар?) жайлауында Византия елшілерін қабылдағаны жөнінде деректер жеткен. Мүмкін, мына еуропа нәсілді мүсінде шетелдік қонақтарды күтіп алу рәсімі бедізделуі мүмкін бе дегенім ғой.

– Иә, келісемін, еуропалық кескіндер байқалады. Антропологиялық зерттеулерге сүйенетін болсақ, көне Түркі дәуірінде жергілікті халықта қазіргі қазақ халқының құрамымен салыстырғанда  еуропалық белгілер әлдеқайда көп еді. Қазіргі қазақ халқында еуропалық белгілер 30 пайыздай ғой. Ал, ол кезде еуропалық белгілер шамамен жартысындай болған.

Сондықтан, тас мүсіндегі адам кейпіне, сақалына, көз шарасы, мұрын қырына қарап бір жақты айтуға болмайды. Қауға сақал қазақтың шалдарында қазір де бар. Бұл мүсінді басқа бір елдің өкілі деп айта алмаймыз. Оның үстіне, дәл осындай тас мүсіндер көне Түркі дәуірінің ақсүйектері мен батырларына арнап қойылған. Өзге елде мұндай дәстүр кезікпейді. Қауға сақалды тас мүсіндер кездесіп қалады. Мысалы, Шу бойынан табылған бір балбалтаста қалың қауға сақалды кісінің кейпі бейнеленген.

Негізгі бейнедегі кісінің қасындағы екінші адам – ол енді тәуелді адамның бейнесі болуы мүмкін. Қауға сақалды еркектің қызметінде жүрген сұлу әйел. Бұл жерде де еуропалық белгілер бар. Айттым ғой, ол кездегі көне түркілерде еуропалық белгілер қазіргіге қарағанда басымырақ болған. Басқасын былай қойғанда, Шыңғыс ханға қатысты да реңі, шашы мен сақал-мұрты сары болған деп айтып жатамыз ғой. Оның қасында бұл одан ертерек дәуір. Жалпы, біздің мекендейтін аймақ – ерте заманнан түрлі расалық, нәсілдік тұрғыда көп араласын өңір ғой.

Бергі жақтағы әйел адамның шағын етіп бейнеленуінде де бір сыр бар. Бекерден-бекер олай шағындау етіп салынбайды ғой. Неге анау үлкен, мынау кіші? Әдетте, ортағасырларда шағын етіп өзіне тәуелді кісіні бейнелеген. Яғни, анау үлкен адамға қызмет етіп тұратын кішкентай кісі. Ол қызметі бойынша ма, әлде тіпті құл ма, басқа ма, әйтеуір бір әлеуметтік дәрежесі төмендеу адам бейнеленген. Ол кезде сөйтіп көрсетуге тырысқан. Үлкен адам – үлкен, кіші адам – кіші.

Бұл мүсінді енді қалай сақтап қалу керек? Ғылымға ендірудің жолы қандай?

– Бұл мүсінді біздің Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ге әкеліп зерттеу керек деп ойлаймын. Түркі дәуірі ескерткіші ретінде ғылыми айналымға енгізуіміз қажет.

Әңгімеңізге рақмет!

P.S.: Іздеген сауалымызға жауап тапқандай болдық. Енді көне мүсін қорғауға алынып, музейге алынса жөн болар еді. Әйтпесе, ауылдағы бір үйдің ауласында жатып жоғалып кетіп жүрмесе игі. Дегенмен, ауыл жігіттерінің ауызбіршілігі барына тәнті болдық. Майбұлақ тарихының елеусіз қалмасы үшін тасқа басылған ескерткіштерді мамандардың назарына ұсынып, шапқылап жүр. Қазіргі тиын үшін тісін сындыратын заманда мұның өзі кез-келген ауыл мен азаматтан табыла бермейтін қасиет қой. Ауылдан музей ашамын дейтін Мырзанәлі ағаға да, университетке апарып түркі елінің жәдігері етемін дейтін Мұқтар ағаға да ризашылық білдірдік.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Шымкент-Бәйдібек-Шымкент

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика