Маңсары тауы Қазығұрт тауынан 50 шақырым күнбатыс бағытта орналасқан. Ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 587 метр. Жақын орналасқан елді мекен Қазығұрт ауданына қарайтын Бақабұлақ ауылы 4,5 шақырым қашықта тұр. Тау оңтүстіктен солтүстікке 2,5 шақырым, шығыстан батысқа қарай 2 шақырымдай созылып, сопақша келген пішінге ұқсайды.
Мансары тауы жайында көптеген аңыз-әңгімелер мен жырлар бар. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде Қазығұрт тауына қатысты айтылатын «Ордабасы ұлыма айт, Қызылсеңгір қызыма айт!» деп басталатын ежелгі аңыз-жырда Маңсары атауы да аталады. Бұл жырда Қазығұрт тауы өзіне келе жатқан жауды байқайды да, маңайындағы үрім бұтақ, балаларына жаушы жіберіп, көмекке шақырғаны айтылады. Географиялық жағынан қарағанда, Қазығұрт тау сілемі батысқа қарай созылып, Бағаналы, Аңқи тауларымен жалғасады да, Маңсары қырқасына ұласып, ұзыннан созылған жалға ұқсас биік белге айналады. Расында, аңызда айтылған таулардың рельефі өзара бір-бірімен тұтаса жалғасып жатқаны байқалып тұр. Қазақ халқы осындай ерекшеліктерді ежелден байқап, аңыз-жырға айналдырған сияқты.
«Маңсары» атауының шығу төркініне қатысты әр-түрлі нұсқа айтылады. Соның бірі ретінде кей зерттеушілер әлем халықтары мифтерінде кезігетін топан судың куәгері болған Ману деген кісінің есімімен байланысты нұсқасын қарастырады. Өйткені, түркі тілдес халықтар арасында топан су жайындағы аңыздарда Қазығұрт тауы жиі аталса, Қазығұрт пен Маңсары таулары бір-біріне ұласқан табиғи ландшафт құрайды. Ману мен Маңсары арасынан ілік іздеушілер сол аңызды назарға алса керек.
Осы Маңсары тауын жергілікті халық құрмет тұтып, «Маңсары әулие» деп атайды. Сол жердің бір қасиетті сыры бар деп жаңбырлы-бұлтты күндері көп маңайлай бермейді. Тіпті, бір жаңбырлы күні сол таудың бауырына өрлемек болған әскерилер техникасы таңғажайып оқиғаға ұшырағанын әлі айтып жүр. Тау биігіндегі тастардың қуысында табиғи үңгір бар. Аңыз әңгімелердің бірінде ертеректе сол үңгірді Маңсары (кейде Мансұр) ата деген әулие мекендегені айтылады. Ел ортасынан тысқары өмір сүрген әулие ата небір кереметтер жасапты деседі.
Тау етегінде тастан үйілген ежелгі оба-қорғандар бар. Олардың ең үлкенінің диаметрі 16 метрге дейін барады. Айналдыра таспен шеңбер жасай қоршалған қорымдар да кезігеді. Бұл оба-қорым толық зерттелмеген.
Қырат бөктеріндегі оба-қорым маңында зияратшыларға арналған қонақжай салынған. Мұнда арнайы зияраттап барып, құрбандық шалып, түнеп жататындардың саны көп. Олардың арасында Маңсары әулиенің қасиеті саналатын «түкті жыланды» көргенін айтушылар да жиі кезігіп тұрады. Келушілердің қатарында ауруына ем іздеушілер, жолын ашушы талапкерлер, перзент сұраушылар, ғайыпқа сеніп үміт еткен келушілер бар.
Бір аңызда Маңсары әулие үңгірі жерасты жолына ұласып, Түркістан шаһарына апаратыны айтылады. Үңгірдің ішінен қыш құмыралар мен шөміш, қасықтар секілді тұрмыс заттары табылған. Ол заттардың қай дәуірге жататыны анықталмаған. Ауылы тұрғындарының айтуынша, 1974 жылы геологиялық қазба жұмыстарынан соң үңгір жабылып қалған. Таудың шығыс бөлігінде колмен жасап қойғандай үлкен диірментас бар. Диірмен тастың үлкендігі 3 метрге жетеді. Маңсары тауының тағы бір кереметі – Тесіктас. Тесіктастан тілек айтып, өтер болса, тілеуің қабыл болады дегенге сенетіндер көп. Бұл тастың бір қасиеті, ол жерден ниеті түзу емес адам өтсе, қысып қалады-мыс. Ол жердің бірде бір тасын алып кетуге болмайды. Себебі, киелі жердің тасын алып кеткен адамдар әйтеуір бір қиындыққа ұшырауы мүмкін.
Маңсары әулиенің қасиеті туралы тағы бір аңыз былай дейді: Ертеректе бір қойшының малдарына ылаң келіп, бірінен соң бірі қырыла берген. Содан ауыл ақсақалдарынан Мансары тауының басына малдарын түнету қажеттігін естиді де, бар малын айдап апарып түнеткен екен. Содан, түн ауа кенеттен қатты даңғырлаған дыбыстан қойлары үркіп қаша бастаған. Қойларымен бірге қойшының өзі де жүре беріпті. Сол сәттен кейін қойшының малы қырылуын тоқтатқан деседі.
С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Leave a Reply