АХМЕТ КЕНЕСАРИННІҢ ЖЕРЛЕНГЕН ЖЕРІН БІЛЕМІЗ БЕ?

Әлқисса… «Түркістан ғажайыптары» өлкетану экспедициясының күнделігін жалғайық. Сайрам мен Түлкібас аудандарынан кейінгі сапарымыз Ордабасы ауданында жалғасты. Бұл ауданда былайғы жұртқа танымал тарихи-мәдени ескерткіш «Бірлік» (Ордабасы) монументі болса, одан өзге ескерткіштерді көпшілік біле бермейді. Газетіміздің өткен жылдардағы сандарында («Қызмет» газеті, 2019 жылғы №14 (431), 2020 жылғы №13 (479) және 2020 жылғы №37 (503) сандары) Аққойлы мешіт-медіресесі (ХІХ ғ.), Бөржар (Мыңтөбе) оба қорымы (жыл санауымызға дейінгі 1 мың жылдықтан бастап, жыл санауымыздың VІІІ ғасыры аралығы), Қараспантөбе қалажұрты (б.д.д. ІІІ ғасыр мен б.з. IV ғасырлар), Атбұлақтағы шіркеулік мектеп (ХІХ ғ.) секілді мұралары жайында таныстырып едік. Бұл жолғы тақырыбымыз да сол ХІХ ғасырдан жеткен белгі-жәдігерлер.

Ескерткіш тақырыбын сөз етіп келеміз. Кейде-кейде біз қозғаған тақырып ішінде киелі-қасиетті жерлер де жүретіндіктен, «оның ескерткіш тақырыбына қатысы не?» дейтін сауал келіп жатады. Түсіндіре кетейік, осы салаға жауапты 2019 жылдың соңында жарық көрген «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның 5-бабында тарихи-мәдени, сәулет және археолия ескерткіштерімен қатар киелі нысандар да «ескерткіш» дейтін дүниенің ішінде қарастырылады. Сондықтан, зерттеу ісіне оларды да қоса сөз қозғай жүру әдетімізге айналған.

Ордабасы ауданында ХІХ ғасыр ескерткіштері көп. Датировка жағынан кеше ғана өткендей көрінетін ол дәуірден бүгінге жеткен мұралар қатары аз. Тіпті, кей нысандардың ара салмағы күмәнділеу де болып тұратыны бар. Мысалы, Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісі мен патша заманының Оңтүстікте қалдырған іздерінен бүгінге жеткен жәдігерлер санаулы ғана. Сол заманның жарқын өкілдері – Ахмет Кенесарин мен Сыдық (кей деректерде Сыздық, Садық) сұлтандардың соңғы тыныс алып, жерленген жерлерін білеміз бе?

Ахмет Кенесариннің жерленген жері туралы ең алғашқы деректі Кеңес Исмаилов ағамыз жинақтап, Шымкент қаласының туризм басқармасы бастырған «Шымкент қаласындағы үлкен экскурсия» деп аталатын еңбектен жолықтырған едік. Оған дейін ол туралы дерек еш жерден кезікпеген. Ахмет сұлтан жайлы деректерді орыс империалистері өте құпия санаса керек, тарихшы мамандар да өте сараң мәліметтейді. Кеңес ағаның дерегінше, «Ахмет сұлтанның қанша жыл жасап, қай жылы дүние салғаны да беймәлім. Бір естігеніміз, Шымкенттен жарты сағаттай жер жүретін Қараспан ауылының шетінде жерленіпті» дейді. Осы бір аз ғана мәліметті алға тартып, бүгінгі Ордабасы сапарына Ахмет Кенесариннің жерленген жерін де бағытымыздың қатарына қостық.

МӘДЕЛІҚОЖА КӨЗІ ТІРІСІНДЕ ӨЗ-ӨЗІНЕ КЕСЕНЕ ТҰРҒЫЗҒАН

Таңертең Шымкенттен шыққан тобымыз күн батыс бағытты ұстап, Ақбұлақ (бұрынғы Панфилово) ауылына қарай жүрді. Бұл ауылдың аты да бағана сөз еткен А.Кенесариннің «Насаб наме сұлтан Сыдық» дейтін еңбегінде аталып қалатыны бар. Ахмет төре ол еңбегінде бауыры Сыдық сұлтанның ұлт-азаттық жолындағы күресі кестеленеді. Сыдық сұлтан осы Ақбұлақта Қоқан әскері қатарында 1864 жылы орыс басқыншылығына қарсы ірі шайқасқа қатысқан. Бұл қырғын туралы «Сұлтан Сыдық баршадан ілгері, туын қолына алып, өзіне қараған жігіттерімен 300 қадам жақын келгенде орыстар үш жүз мылтық бірден атты. Алдыңғы адамдар бірден мылтыққа ұшып, жата қалды. 10 мың адамнан бір кісі бас көтермеді. Бірақ, сұлтан туын тік ұстап, 100 қадам жерде бір сағат тұрды. Орыстар Сыдық сұлтанды атқаны сондай, туының шүперегі қалбырдың тесігіндей болып, сау жері қалмады» деп жазған. Осы Ақбұлақтың батыс тұсынан оңтүстікке қарай бұрылатын асфальтті жол бар. Сол жолмен 1,5 шақырымдай жерде, теміржолдың арғы бетінде Қарабастау деген кішірек ауыл бар. Осы ауылдың 500 метрдей шығыс жағында ескі мола қабірстаны орын тепкен. Бадам өзенінің оң жағалауындағы бұл көне қорымды «Мәліммола» мазараты деп атайды екен. Айналасы қоршалып, кіреберісіне биік дарбаза орнатылған. Бұл қорымда өз заманының дүлдүлдері Мәделіқожа мен Майлықожа ақындар жатыр. Кесенелерінің арасы он шақты метр ғана.

Алдымен Мәделіқожа кесенесіне тоқталалық. Мәделі ақын өзінің көзі тірі кезінде-ақ дүние саларынан бұрын өзіне кесене салғыздырған. Ғимарат жоспарда төртбұрышты, сыртқы өлшемдері 3,6х3,4 метр күйдірген еуропа үлгісіндегі кірпіштен салынған. Төбесі сүйір күмбезбен жабылған. Құрылыстың биіктігі 3,6 метрден асады. Есік орнына төртбұрышты ойық жасалған. Кесене қабырғаларының үстіңгі бөлігінде айнала қышты бұрышымен қою тәсілі арқылы өрнектеген белдемше жүргізілген. Жергілікті тұрғындар кесене астында қыштан салынған көрхана барын айтады. Ақын мәйіті көрхана ішіне қойылған. Көрхана жобасы төртбұрышты, шамамен 3х3 метрдей.

Мәдәліқожа Жүсіпқожаұлы қазіргі Түркістан облысының Арыс қаласы маңында дүниеге келген. Ол өз заманының сауатты, көзі ашық азаматы болды. Оның өлең-жырларында ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік жағдайы мен азаттық қозғалысы суреттеледі. Мысалы, «Қарағашты Тәшкенттен» дейтін өлеңінде Ташкент бегі Мырзабидің ықпалы жырланса, «Аман бол, Қосжар суат-туған жерім», «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы» өлеңдерінде туған өлкесінің жай-күйі, Қоқан езгісіне қарсы 1858 жылғы қазақ батырларының ерлік әрекеттері шумақтармен кескінделеді. Одан кейін Ресей патшалығының әскері еніп, Қоқан езгісінен арылды делінген заманда да әділдік орнай қоймағанын ақын «Бір жан жоқ болыстыққа талас емес», «Ақ патша» дейтін өлеңдерінде суреттейді. Бұл өлеңдерінде патша өкіметінің отарлық саясатын сынайды. Ол 1888 жылы қайтыс болып, алдын-ала салынып қойған кесене ішіне жерленеді.

Ал, Майлықожаның кесенесі Мәделіқожанікінен жоғарырақ тұр. Ол Сұлтанқожаұлы қазіргі Түркістан облысы Қызылқұм (қазіргі Отырар ауданы) жерінде туып өскен. Әкесі Сұлтанқожа мұсылманша сауатты, шағын дәулетті, көзі ашық, діндар адам болған.

Майлықожа әкесінің үйретуімен сауат ашып, кейін өз бетімен көп ізденіп, заманына сай білім алған. Майлықожа әке-шешесінен 14 жасында жетім қалып, жоқшылық, мұқтаждық көрген. Ержете келе жаттап өлең айтып, өнер жолына түсу арқылы елге танылды. Майлықожа 1860 жылдары Сырдан қазіргі Таразға келіп, Сыпатай батырдың асында Сүйінбаймен кездесіп, онымен сөз қағыстырған. Бұл жыр бірінші рет 1929 жылы «Жаңа әдебиет» журналында басылды. Майлықожаның кейбір толғаулары 1883 жылы Ташкентте шыққан «Қырғыз хрестоматиясы» атты жинақта жарық көрген. Олар — «Райымқұлға», «Қасқыр», «Ноғай мырзаға», «Үш жігіт».

Майлықожа Сұлтанқожаұлы XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде өзіндік орны ерекше, артына мол мұра қалдырып, халықтың ықыласына бөленген ақын. Атақты Жамбыл ақынның өзі оның ақындығына, ғибраты мол өлең-термелеріне «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған» деп бағасын да береді. Майлықожа Сұлтанқожаұлы өлеңдерін ауызша шығарған, өзі жазып қалдырған мұралары да кездеседі. Майлықожаның әдеби мұрасын жанры мен мазмұнына қарай бірнеше тақырыптарға бөлуге болады: ғибрат, нақылдар («Ер көгерер дұғамен», «Жолдас болсаң жақсымен», «Жақсы адам қартайса»), арнау өлеңдер («Ахмет төреге», «Тұрлыбекке», тағы басқалар), дастан- мысалдар («Қасқыр», «Тотынама», «Аңқау мен қу», «Шора батыр», «Үш жігіт»), айтыстар.

Майлы ақынның кесенесінің маңында әке жолын қуған сөз шеберлері болған ұлдары Асан, Жолбарыс, Исабектердің қабірі де жатыр. Кейбір деректерде Майлықожа Сұлтанқожаұлының өмір сүрген жылдары 1835-1898 деп берілген және оның Сарыағаш ауданында туғаны жайында мәлімет бар.

ОРДАБАСЫДА ДӘУІТ ПАЙҒАМБАРДЫҢ ІЗІ БАР

Киелі орындар да ескерткіштердің санатында екенін жоғарыда айттық. Бадам станциясынан Қазығұрт ауданындағы Ақжар ауылына қарай жүретін автожолдың Ордабасы тауы тұсындағы еңісте «Ердәуіттің қадамжайы мен Қотырбұлағы» деп аталатын, ел қасиетті деп санайтын жер бар. Мұнда қадамжайды зияраттап, Қотырбұлақтан кеселіне ем іздеп келушілер қатарына көп.

Ордабасылық қариялардың айтуынша, бұлақ бастауы бұрын қос тастың арасын жарып шыққан екен. Қотырбұлақ суының қасиеттілігімен, қоса әр-түрлі ауруларға ем болатын ерекшелігі бар екен. Әсіресе, бұл су қышыма, қотыр секілді тері аурулары мен безгек секілді кеселдерге емі бар. Бұл туралы халық арасында айтылатын мына өлең жолдарынан білуге болады:

Ауруға ем, жанға шипа мөлдір бұлақ,

Құдіретті әулиеге болған тұрақ.

Қышыма мен қотырды жазғандықтан,

«Қотырбұлақ» атағын алған бұлақ.

Тәу еткен танысың да, бөтенің де,

Дауым жоқ сенің әулие екеніңде,

Ер Дәуіт пайғамбардың ізі жатыр,

«Қотырбұлақ әулиенің»  етегінде.

Ердәуіттің қадамжайы мен Қотырбұлаққа келетін зияратшылар қатары мол. Басында зияратшыларға арналған қонақжай мен құран оқуға арналған арнайы сәкілер орнатылған. Көлік техникалырының бөлшектерін қалдырып, тәу етушілерден қалған темір-терсектер де шеткерірек үйіліп жатыр. Шырақшы апа бұлақты суретке түсіруге рұхсат бермейді екен.

«ТӨРЕАРЫҚ» ДЕГЕН АТАУДЫҢ АХМЕТ КЕНЕСАРИНГЕ ҚАТЫСЫ БАР МА?

Ордабасы тауындағы Қотырбұлақтан кейінгі бұрылған бағытымыз экпедициямызға арқау болған Ахмет Кенесариннің жерленген жері деп жүрген орынға қарай ойысты. Қараспан ауыл округіне қарайтын Төреарық деген ауылға келдік. Төреарық деген елді мекен өзі Бадамның Арысқа құйылысында, құйқалы топырақты, тамаша жерде орналасыпты. Ауыл атының да Кенесариндерге қатысы бар-ау.

Осы ауылдың солтүстік шетіндегі көне мазарат тұр. А.Кенесариннің жерленген жері де сол ескі қауымның ішінде екен. Бұл көне мазаратқа ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың алғашқы жартысы аралығында адам жерленіп келген. А.Кенесарин қайтыс болғаннан кейін осында жерлену мүмкіндігі жоғары.

А.Кенесарин – мемлекет қайраткері, әскербасы, өз заманының елеулі тұлғасы. Қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Қасымұлы мен оның бәйбішесі Жаңыл ханымның үлкен ұлы Тайшық сұлтан, ортаншысы Сыдық төре болса, кенжесі осы Ахмет сұлтан. Ол 1840 (кей деректерде 1838, 1842) жылы дүниеге келіп, 1888 жылы Шымкент маңында қайтыс болған.

Кенесарының қырғызға жорығынан кейін оның әулеті Шу өзенін бойлай көшіп, Созақ өңіріне тұрақтаған соң Қоқан хандығына бағынысты қызметтер атқарады. Бұлай болуының себебі, Кенесары әулетін салықтан босату мақсаты болуы мүмкін. Соның бірі Сыдық сұлтан Қоқанға қараған Теріскейде хәкім, қоқандық әскерде пансатбашы (бес жүздік әскербасы) болған. Ал, Ахмет төре болса, Оңтүстік өңірге орыс әскері орныға бастаған сәтте Қоқанның құлайтынын сезіп, орыс жағына шығады. Ағасы Сыдық төре болса Кенесарының жолын қуып, өмірін Ресей патшалығының басқыншы саясатына қарсы қолына қару алып күрескерлікті жалғастыруды құп көреді.

Ресей империясының Жетісу жерін жаулап алу соғысы кезінде А.Кенесарин қоқандық әскер құрамында шайқасады. 1860 жылы Ұзынағаш маңында болған шайқастан кейін Кенесары ұрпақтарының бір бөлігі қоқандықтарды қолдады, келесілері орыстар жағына өтіп кетеді. 1861 жылы 23 қаңтарда Ахмет пен бауыры Тайшық орыстар билігін мойындап, олардың қол астына өтуге өтініш білдіреді. Сырдария шебінің басшысы генерал Дебу қос сұлтанның өтінішін қабыл алады да, олардың (37 жанұя) Перовскіге көшіп келуіне жағдай жасайды. Сұлтандарға Сырдария шебін қоқандықтардан қорғау қызметі жүктеледі. 1862 жылы бұл қызметтері үшін және Жөлек пен Жаңақорғанды басып алу кезіндегі ерліктері үшін Тайшық пен Ахметке «зауряд-хорунжий» әскери шені беріледі. 1863 жылы Сырдария шебіне қоқандықтардың парбанашы Шадман қожа мен мыңбасы Қасым бастаған күштерімен соғысады. Осы жылы патша үкіметі Сырдария мен Сібір шептерінің аралығын зерттеу үшін бірнеше арнайы топтар жасақтайды. Орынбор корпусының подполковнигі М.Г.Черняевқа Жөлектен (қазіргі Шиелі ауданындағы жер) Түркістан қаласына дейінгі жер бедерін зерттеу жүктеледі. Оның Созақ пен Шолаққорған жерлеріне жасаған барлау ісіне Ахмет те өз жасақтарымен қатысады да, М.Г.Черняевтің сеніміне кіреді. Қазақ жері 1865 жылы Ташкенттің құлауымен толық Ресей патшалығына өткеннен соң А.Кенесарин жаңадан құрылатын Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Шымкент уезінде лауазымды қызметке орналасып, ұзақ уақыт ояздың кіші көмекшісі болады.

Сыдық төре басқыншы орыс әскеріне қарсы алдымен Қоқан әскері қатарында бесжүзбасы, мыңбасы, одан кейін Бұқар хандығының құзырында, ол құлаған соң Қашқарияға өтіп Цин империясы әскеріне қарсы соғыс қимылдарына араласады. Сыдық сұлтанның Түркістан, Иқан, Шымкент, Ташкент, Жызақ, Шардара, Самарқан, Нұрата, Бұқар маңындағы ірі шайқайтардың бел ортасында елеулі маңызы болды. Ол Қашқарияның Цин әскерінен жеңіліс табуына дейін Орта Азия хандықтарының әскерін біріктіру арқылы Ресей империясының әскерін жеңуге болады деп санады. 1877 жылы Қашқарды Цин әскері басып алғаннан соң Ферғана өңіріне өтіп, орыс билігін қабылдауына тура келді. Сол сәтте Шымкент уезінде қызметте жүрген інісі А.Кенесариннің көмегімен Түркістан генерал-губернаторлығымен келісімге келіп, Шымкент маңынан қоныс алуға рұқсат алады.

А.Кенесарин 1888 жылы «Насаб наме сұлтан Сыдық» деп аталған еңбегін басып шығарады. Бұл еңбекте Сыдық төренің 1830-1880 жылдар аралығында басынан өткерген әскери қақтығыстар мен тарихи оқиғаларды баяндайтын құнды деректер бар. Сондықтан, Ресей патшалығы әскерінің Орта Азиядағы әскери әрекеттері мен Қашқар-Қытай соғысына орыс деректерімен емес, қазақ мүддесі тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді.

Ол Шымкент уезі басшылығының көмекшісі қызметінде жүріп қазақ халқына еңбегі сіңді. Оның халыққа жасаған жақсылығы мен қолайлылық ықпалы ел аузында жиі аталады. Соның бір мысалы ретінде халық аузында Шаян ауылындағы Аппақ ишан мешіт-медіресесінің құрылысына ояз рұқсатын алуға көрсеткен көмегі айтылады. Замандасы болған Майлықожа, Мәдәліқожа, кейінгі Жамбыл ақындардың жыр жолдарында А.Кенесариннің осы сарындас игіліктері жырмен суреттеледі. Мысалы, Ахмет төренің есімі Мәделіқожаның «Ахмет төрені мінеуі», «Төренің бір атасы қалмақ еді», Майлықожаның «Ахмет төреге», «Артықша туған Айнекем», «Қонған жер Қаратаудың етегінде», «Сейіт­жаппар төреге» өлеңдері мен Файзулла Үрмізовтің ел аузында сақталған бір ескі сөзді әңгіме етіп жазып кеткен «Мәделінің бәйге атын тануы» шығармасында кездесіп отырады. Майлықожа ақынның

«Ахмет сұлтан төрелер

Ақырғы ханның арты еді», дейтін жыры соған дәлел болса керек.

Ахмет төренің ұлы Әзімхан Кенесарин (1878-1937 ж.ж.) Шымкентте дүниеге келіп, Түркістан генерал-губернаторлығының Шымкент, Әулиета уездерінде лауазымды қызметтер атқарған. Ақпан төңкерісінен кейін «Алаш» қозғалысы қатарында қайраткерлігімен көзге түседі. Оның аты Түркістан (Қоқан) автономиясына қарасты аумақтағы қазақтардың мүддесін қорғау ісінде де аталады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1937 жылы ұлтщыл деп қуғанға ұшырап, «халық жауы» қатырында ату жазасына кесілді. Тек 1956 жылы Түркістан әскери округі трибуналының шешімі бойынша Әзімхан Кенесарин есімі ақталды.

Ахмет Кенесарин өмірінің соңында Бадам өзенінің арысқа құяр сағасына жақын жерді мекен етіп, арық қазып Арыстан су шығарып қоныс қылады. Қазіргі ауыл аты сол арықтың «Төреарық» деп аталуымен байланысты. Сұлтан ұрпақтарының Кеңес дәуірі орнағаннан кейін қуғын-сүргін көруімен байланысты А.Кенесарин есімі де ел аузында жиі айтылмауына себеп болып, жерленген жері де ұмытылы бастаған еді. Кейінгі жылдары Кенесары ұрпақтары Ахмет сұлтанды еске алып, моласы басына белгітас орнатты.

 

P.S.: Осылайша, экспедицияның бұл сапары ХІХ ғасырдың қойнауына барып, етене танысқандай болды. Сол дәуірдің Мәделіқожа, Майлықожа, Ақмет төре, Сыдық сұлтан секілді кесек тұлғалардың қилы тағдырын да қозғады. Айтпақшы, Ахмет Кенесарин жазған сол «Насаб наме сұлтан Сыдық» деген еңбегінің желісімен Сыдық сұлтанның жүріп өткен өткелдерін суреттейтін әдемі сериал түсіруге болады. Бүгінде Ахмет төренің атына берілген не Шымкентте, не Түркістан облысында көше, мектеп, басқа да нысандар жоқ екен. Сол олқылықтың орны қашан толады екен?

 

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Шымкент-Ордабасы-Шымкент

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика