Түркістан облысының Төлеби ауданында Киелітас дейтін ауыл округі бар. Сол ауылда бар-жоғы 2 археологиялық ескерткіш қорғау аймағына енгізілген. Оның бірі Сұлтан-Рабат қалажұрты (ҮІІІ-ХҮІІ ғ.ғ.) болса, екіншісі Қарауылтөбе оба-қорғандар қорымы (І-Ү ғ.ғ.).
Былтыр Сұлтан-Рабат қалажұрты аумағынан заңсыз топырақ алу оқиғалары тіркеліп, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы мен БАҚ өкілдерінің араласуымен дау саябырсыған. Биыл көктем шыға тағы да сол заңсыз топырақ алу дауы қайта маздады. Бұл жолы Қарауылтөбе маңын қопарып, ескерткіш аумағына жақындаған.
Осы, Төлеби ауданы әкімдігі тарихи-мәдени ескерткішті қорғау туралы бір нәрсе біле ме екен? Әлде қопаруға әдейілеп рұқсат ма? Тарихи ескерткішті тарихын білмейтін, әм білгісі де келмейтін тамырсыз адам мен колонизаторлар бүлдіреді десек, Төлеби ауданы басшылығы қайсысына жатады?
Айтпақшы, осы аптада ЮНЕСКО шеңберінде «Ескерткіштер және тарихи жерлер» күні аталады. Соған орай, Төлеби ауданы халықаралық мерекені басқаша атап өтуді жоспарлады ма екен?
«САМАРҚАНДА БІР АПАМ БАР, МЕНЕН ДЕ ӨТКЕН СОРАҚЫ»
Осы бір мәтел Төлеби ауданында туса керек. Олай деуіміздің себебі, жаңа ғана Киелітас ауылында орналасқан 2 археологиялық ескерткіш жайында айтып ек қой. Соның бірі Сұлтан-Рабат (ҮІІІ-ХҮІІ ғ.ғ.) қалажұртының Қорғау аймағы қопарылып жатыр. Әй, бір ауылда бар-жоғы 2 тарихи ескерткіш бар еді, екеуін де қопару үшін не күн туды?
Былтыр Түркістан облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану орталығы қызметкерлері мен ауыл әкімдігі бірлесіп, дәл осы жердегі заңсыз топырақ алу жұмысын тоқтатып еді. Биыл тағы басталыпты. Тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғау аймақтарын белгілеу заңнамасына (2-сурет) сай, Сұлтан-Рабат қалажұрты цитаделінен 120 м. қашықта қорғау шекарасы белгіленген. Бұл заңнама Төлеби ауданына қатысы жоқ-ау? Ескерткішті қорғау учаскесін табиғат қорын пайдалану (НЕДРО) мақсатында неге берген?
Сауал көп. Жер учаскесін берген жергілікті әкімдік не дер екен?
С.Дүйсебайұлы
Leave a Reply