Туберкулез жайлы не білесіз?

Туберкулез — әлемде ең көп тараған жұқпалы аурулардың бірі. Аурудың қоздырғышы туберкулез микобактериялар немесе Кох таяқшалары. Туберкулез таяқшалары өте төмен температурада, кепкен күйінде де тіршілігін сақтайды, әртүрлі қышқылдарға, спирттерге төзімді келеді.

Сонымен қатар, туберкулез таяқшалары ауада бірнеше сағат бойы жерге түспей, қалықтап тұра береді. Туберкулездің ауа арқылы таралу жолы көп кездессе, тамақ және плацента арқылы таралу жағдайлары да кездеседі.

Туберкулез — әртүрлі органдарды зақымдайтын , көбіне өкпеде орнығып , әртүрлі клиникалық көріністермен сипатталатын , организмнің улануымен өтетін созылмалы жұқпалы ауру. Алғашқыда өкпе қабынып, содан кейін бүлініп ыдырайды да орнында қуыстар пайда болады. Қазіргі кезде туберкулез ауруының қауіптілігі туберкулез ауруы адамнан адамға ауа арқылы таралып жұғатын болғандықтан, туберкулезбен тыныс жолдары зақымданған науқастар жоғары қауіп тудырады. Туберкулез ауруының бұл түрлеріне шалдыққан науқастар сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырық тастағанда қоршаған ортаны тірі бактериялармен ластайды. Туберкулез кез келген адамға жұғуы мүмкін , әсіресе балалар мен егде жастағылар үшін өте қауіпті. Ал егер , туберкулезбен ауыратын адаммен жақын қарым-қатынас жиі әрі ұзақ болса , туберкулезді жұқтырып алу қаупі арта түседі. Туберкулез ауруының белгілері: 2 аптадан аса жөтелу, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұсының ауырсынуы, тәбеттің , салмақтың және жұмысқа қабілеттің төмендеуі. Қазіргі таңда адамдар дәрігерге дер кезінде қаралмай, өз беттерінше антибиотиктер қабылдайды, ал бұндай жағдайда кез келген антибиотик қабылдау, ауруды емдеудің орнына үдеуіне әкеп соғады. Себебі неғұрлым ерте анықтап, арнайы емді ерте бастаса соғұрлым нәтижелі, әрі толық емделуге әбден болады (6-10 айға дейін). Сонымен қатар, туберкулез аурушаңдығында тағайындалған дәрілерді өз уақытысында, әрі толық қабылдау аса маңызды роль атқарады. Себебі науқастың дәріні қалай болса солай ішуі салдарынан ( өз бетімен дәрінің дозасын төмендету , бірде дәріні ішіп , бірде ұмытып кету немесе өз бетімен дәрі ішуді тоқтату) туберкулездің дәріге төзімді, мультирезистентті түрі дамуы мүмкін. Аурудың бұл түрін емдеу өте қиын, әрі ұзақ, кем дегенде 19-21 айға созылады. Сондықтан дәрігер тағайындаған ережені қатаң ұстау өте қажет. Ең асылы ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеген дұрыс. Туберкулез ауруынан сақтану үшін елімізде белгіленген бірнеше қағидаларды ұстанған жөн. Сол қағидалардың бірі туберкулез аурушаңдығын алдын-алу мақсатында туберкулезге қарсы жасалынатын арнайы вакциналар. Жаңа туылған балаларға перзентханада БЦЖ вакцинасы, кейін 6-7 жаста ревакцинация жасалынады. Сонымен қатар, туберкулезді ерте анықтау мақсатында халық арасында флюорографиялық тексерулер жүргізілсе, балалар мен жас өспірімдерге Манту сынамасы жасалынады.

Туберкулездің алдын-алу шаралары:

— салауатты өмір салтын ұстану;

— тиімді тамақтану;

— дене шынықтыру белсенділігін арттыру;

— зиянды әдеттерден бас тарту.

— жеке бас гигиенасын сақтау

— жыл сайын флюорографиялық тексеруден өту (кем дегенде 2 жылда бір рет)

Егер де, өзіңізде, достарыңызда немесе туысқандарыңызда осы белгілерді байқасаңыз ертерек дәрігерге қаралуға асығыңыз!. Туберкулез ауруы қауіпті әрі көптеген асқынуларға алып келетінін ұмытпаңыздар. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына аса жауапкершілікпен қарау керектігін ескертеміз.

Р.С. Агайдарова

Шымкент қ. Әл-Фараби аудандық ТКҚҚББ-ның бас маманы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика