Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы естіп жүргенімізге аз болған жоқ. Үстіміздегі жылдың басынан бастап аталмыш жүйенің қолға алынғанын да естідік. Жаңа жүйе туралы көп оқырманымыздың білетіні шамалы екені ақиқат. Шынында, бұл жүйе не үшін қолға алынды? Қарапайым халыққа тиімді ме? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы Ахмет Сейсенбайұлы Беденге жолықтық.
Ахмет Сейсенбайұлы мырза біздің сауалдарымызға орай: «Елімізде медициналық қызмет тек мемлекетіміздің қаржысына ғана көрсетіліп жатыр, – деп бастады сөзін. – Әйткенмен, ақылы да қызмет түрлері бар. Олардың қатарына жоғары технологиялық медициналық көмектер, қымбат ота түрі, КТ, МРТ, УЗИ аппараттарына түсу жатады. Сонымен бірге, дәрігердің пациентті қарауы, денсаулықтың ақауын анықтауы үшін жүргізілетін қан, зәр сараптамасын алу тегін.
Жеке клиникаларға барып КТ, МРТ-ға түсу құны – 2 мың 500 теңгеден бастап 120 мың теңгеге дейінгі аралықтағы төлемді құрайды. Қанша адам сол төлемді өз қалталарынан төлеп тексерілді. Дегенмен, араларында тексерілетін мүмкіндігі болмаған азаматтар да бар. Елбасымыз қымбат тексерілу, емделудің бәрі барлық адамға бірдей қолжетімді етуді ойлады. Нәтижесінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Ол бойынша бізде мемлекетімізде арнайы заң бар.
Енді сізде медициналық әлеуметтік міндетті сақтандыруға қатысты сұрағыңыз болса, CALL орталығымыз бар. Аталған орталықпен хабарласу үшін 1406 нөміріне қоңырау шала аласыз. Болмаса интернеттегі сайтымызға кірсе де болады. Ол үшін интернетке кіргенде іздеу функциясына FMS деп тересіз. Соны терсе «Әлеуметтік сақтандыру қоры» деп шығады. Сол сайтта «статусты анықтау» деген бар. Соған ЖСН нөмірін енгізсе, азаматтың медицинадағы жаңа жүйеге қатысты тіркелген-тіркелмегенін көрсетеді. Егер адам мемлекеттік әлеуметтік міндетті сақтандыруға тіркелмеген болса, онда оған 1-сәуірден бастап КТ, МРТ қызметтері мен басқа да қымбат ота түрлері тегін жасалмайды. Елімізде заңда халықты 5 топқа бөліп қарайды. Бірінші, мемлекет (Мемлекеттің есебінен ем алушылар), екінші – жұмыс беруші, үшінші – жеке кәсіпкер, төртінші – жұмыскерлер, бесінші – дербес төлеушілер».
Ахмет Беден одан ары қарай мемлекетімізде 15 категориядағыларға тегін медициналық қызмет көрсетілетінін тілге тиек етті. Айтуынша, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала күтімінде 3 жасқа дейінгі баласы бар аналар, балалар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, зейнетақы төлемін алушылар, жұмыс істемейтін оралмандар, орта, техникалық және кәсіптік,
жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқандар, атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырғандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелегерлері мен І-ші және ІІ дәрежелі «Батыр ана», «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар. Бұлар ешқандай жарна төлемейді.
«Тіпті мүгедектің өзі бір жерде жұмыс істесе де жарна төлемейді, – дейді Ахмет Беден. – Ішкі істер саласындағылар 45 жасында зейнетке шықса да тегін емделеді. Жұмыс беруші жұмысшысы үшін 2 пайыз жарна төлейді. Ал жұмысшының өзі 1 пайыз төлейді. Жеке кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 1,4 еселенген 5 пайызын төлейді. Ол 2 мың 975 теңгені құрайды. Еш жерде жұмыс істемейтіндер заңда дербес төлеушілер деп көрсетілгендер бар. Мысалы, көшеде сүт, айран сатып жүргендер. Олар ай сайын өздері жарна төлеп, жүйеміздің қатысушысы болып жүр, – деп жарна төлемдерін атап шықты.
МЕМЛЕКЕТ ЕСЕБІНЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтарға да тегін көрсетілетін медициналық қызметтер түрлері барын Ахмет Сейсенбайұлынан естідік. Олар төмендегідей:
1) жедел медициналық көмек;
2) санитариялық авиация;
3) медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК);
4) МСАК маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек;
5) стационарды алмастыратын көмек;
6) стационарлық көмек;
7) медициналық көрсетілімдер бойынша қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
8) туберкулезбен ауыратын және туберкулезбен ауырған науқастарды қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту;
9) халықтың жекелеген санаттарына арналған паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім;
10) патологиялық-анатомиялық диагностика;
11) тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау мақсатында мәйітті ағзаларды және (немесе) тіндерді алуға дайындау, тінді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау кіреді.
12) шұғыл көрсетілімдер бойынша медициналық көмек көрсету;
13) шұғыл көрсетілімдер бойынша пациенттерді медициналық ұйымдарға жеткізу;
14) кейіннен транспланттау үшін қажет болған кезде пациентті (терді), сондай-ақ ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөлігін) тасымалдау.
САНАВИАЦИЯ ҚЫЗМЕТ ТҮРІ БОЙЫНША
1) пациенттің тұрған жеріндегі медициналық ұйымда медициналық жабдықтың және (немесе) тиісті мамандықтың және (немесе) білікті мамандардың болмауына байланысты медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек көрсетуді;
3) білікті мамандарды межелі жерге жеткізу не пациентті (терді), сондай-ақ кейіннен транспланттау үшін ағзаларды (ағзалардың бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөлігін) тиісті медициналық ұйымға әуе көлігімен тасымалдауды қамтиды.
МӘМС-ке қатысты әлі де айтарымыз көп. Бұл жөнінде сіз білуге тиіс жайттарды газетіміздің алдағы сандарында жариялап отырамыз.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Leave a Reply