«БАҚЫТТЫ ҚАЛАҒА САЯХАТ» КОНКУРСЫН ЖЕҢГЕН ФРАНЦУЗ АЗАМАТЫ НАУРЫЗДА ШЫМКЕНТКЕ КЕЛЕДІ

Францияның Париж қаласында өткен роуд-шоуда “Бақытты қалаға саяхат” конкурсын жеңген француз азаматы Наурыз мерекесінде Шымкент қаласына саяхаттап келеді.
Нельсон Родригес Қазақстан жайлы қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы аталған конкурстың жеңімпазы атанды. Ол Наурыз мерекесінде Шымкент қаласына келіп, өңірдің мәдениетімен және тарихымен танысуға ниеттеніп отыр.
Айта кетейік, Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы қаланың туристік мүмкіндіктері мен инвестициялық тартымдылығын насихаттау, туристік ағынын арттыру және туристік өнімді жарнамалау мақсатында Париж қаласында роуд-шоу ұйымдастырған болатын. Роуд-шоу — аймақтың турбизнес өкілдерін қаламыздың туристік мүмкіндіктерімен, гастрономиясымен, мерекелік іс-шараларымен, бағдарламаларымен таныстыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Франция Қазақстанға инвестиция салушы елдер арасында алғашқы ондықта. Жыл сайын бұл елге миллиондаған турист келеді. Яғни, туризмі қарқынды дамыған алпауыт ел ретінде белгілі. Францияның туризмі ел экономикасының маңызды аспектісі болып табылады. Осы елдің тәжірибесін пайдалана отырып, екіжақты туристерді тарту үшін бірлесе жұмыстар атқарылмақ. Бұл қадамдар туристік ағымды ұлғайту үшін ғана емес, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру, сапарлармен алмасу, өзара инвестициялар тарту, мемлекеттер арасындағы саяси диалогты кеңейту үшін де нәтиже береді деп күтілуде.
Айта кетейік, «EXPO Dubai – 2020» Халықаралық көрмесіндегі «Шымкент қаласының күндері» аясында Қазақстан павилонына келуші шетелдіктер арасында «Бақытты қалаға саяхат» билеті ойнатылған еді.  Билетті ұтып алу үшін туристерге Қазақстан бойынша түрлі сауалдар қойылды. Қатысушылар арасында сұрақтарға толық жауап берген польшалық Адриан Пиотровскийге қала әкімінің бірінші орынбасары сертификат табыстады. Демеушілер есебінен берілген билет арқылы жеңімпаз кез келген уақытта үш күнге Шымкентке тегін саяхат жасай алады.Қазақстан ұлттық павилонына келушілерге Шымкенттің қонақжайлылығы мен потенциалы айтылып, имидждік роликтер көрсетілді. Ал олар өз кезегінде «World painting» сурет көрмесінде өз қолтаңбаларын қалдырды. Бұл үлкен картинада бүгінгі күнге дейін мыңға жуық келуші сурет салған. Ұйымдастырушылар картина аяқталған соң рекордтар кітабының ресми өкілдерін шақыруға ниеттеніп отыр.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика