Шымкентте 1 – желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай семинар өтті. Қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі» орталығында дәрігерлер саладағы озық жетістіктер мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.
Жиында орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылға арналған «Теңдік уақыты» тақырыбында баяндама жасады.
–АИТВ пен ЖИТС жайлы көп ақпарат білген адам зертханалық тексеруден өтуге қорықпайды. Халық арасында таралған түрлі қауесеттің салдарынан көбіне азаматтар зертханалық талдау жасатуға жүрексінеді. Шымкент қаласында 1 миллионнан астам халық болса, оның 200 мыңдайы ғана тексеруден өткен. Вируспен күресте тек медицина саласының мамандары ғана емес, қоғам болып жұмылғанда ғана көзделген нәтижеге қол жеткіземіз. «Теңдік уақыты» ұраны – бәрімізді ЖИТС-ті жоюға қажетті тексеруден өтуге шақырады, — деді бас дәрігердің орынбасары.
ЖИТС орталығында қазір АИТВ-мен өмір сүретін 1520 адам антиретровирустық терапияны қабылдауда. Дәрігерлер күніне 1 таблетка қағидасы негізінде емдеу ісін жүргізіп жатыр. Емделушілерге барлық дәрі-дәрмектер тегін, олардың аты-жөндері құпия сақталады.
2021 жылы орталық зертханасы халықаралық аккеридациядан өтіп, қажетті құрылғылармен толығыпты. Нәтижесінде вирусті анықтауда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 4-буын зертханалық талдауы іске қосылып, АИТВ жұқтырған жүкті әйелден балаға жұғу қауіпі 97 пайызға төмендеген. Мұндай талдау арқылы адамның иммун тапшылығы вирусын қан арқылы ғана емес, сілекей сұйықтығынан анықтауға мүмкіндік береді.
Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы Қазақстанда АИТВ жұқтырғандар саны 26 мың болатын. Сол жылы аталған вирусты тағы 2 900 адам жұқтырып, тағы мың науқас ЖИТС-тан көз жұмған. 2010 жылдан бері АИТВ тырнағына ілінгендер саны 39%, одан қайтыс болғандар саны 32% артқан.
АИТВ немесе адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп болса адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауыратын болады. Денесінде көк дақтар пайда болып, шыққан жараның жазылуы қиындайды.
Емделмеген жағдайда АИТВ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, ЖИТС-ке ұласып кетеді. Дәрігерлер оны АИТВ індетінің соңғы стадиясы деп те атайды. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Емделмеген адам үш жылға дейін ғана өмір сүреді.
Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Дегенмен әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне, қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады.
Leave a Reply