КҮЗГІ ЖИЫН-ТЕРІМНЕН 94 МЫҢ ТОННА ӨНІМ ЖИНАЛДЫ

  Шымкентте биыл күзгі жиын-терім науқанында 94 мың тонна өнім жиналды.  Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мекамбаев мәлімдеді.
– Күзгі дала жұмыстарын толығымен мерзімінде аяқтау үшін 725 доңғалақты трактор (жалпы 780 дана трактор, қалған 55 трактор ағымдағы жөндеуде) және 35 комбайн (жалпы 38 дана комбайн, қалған 3 комбайн ағымдағы жөндеуде) жұмыс атқарды. Нәтижесінде 30,0 мың гектар егістік алқабынан бүгінгі таңда 94 мың 320 тонна өнім жиналды. Олар: дәнді дақылдар — 20,1 мың тонна, майлы дақылдар — 3,2 мың тонна, картоп — 4,4 мың тонна, көкөніс және бақша — 48,3 мың тонна, мал азықтық дақылдар — 18,3 мың тонна. Күзгі егін жинау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, толығымен аяқталды, — деді Т.Мекамбаев.
Спикердің сөзінше, осы жылы 30,0 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,7 мың гектарға артты (2021 жылы 29,8 мың га.).
Күзгі дала мен жиын терім жұмыстарын жүргізуге 1 000 тонна дизель отыны бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің өтінімдеріне сәйкес берілді.
Сонымен қатар тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 122,1 млн теңге бөлініп, бүгінгі күні 91,04 млн теңгеге 752,4 тонна тыңайтқыш субсидияланды.
Айта кетейік, қала аумағында қосымша өнеркәсіптік үлгідегі 10,0 гектар жылыжай жаңадан іске қосылды. Ол «Отан Agro» серіктестігі деп аталады.  Қала аумағында жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға техникалық су үлкен кедергінің бірі деп айта алмаймын. Қазіргі таңда қала аумағындағы шаруашылықтардың барлығы суды үнемдейтін құралдар, яғни тамшылатып суғару технологиясы, су дайындаушы резервуарлар және кейбір шаруашылықтарда дренаждық жүйелерімен қамтылды. Сондықтанда, қазіргі таңда жылыжайларда техникалық судың жетіспеушілігі бойынша проблемалық мәселе туындамауда.
Техникалық судың негізгі пайдаланушылардың бірі ол ашық топырақтағы шаруашылықтар, яғни олар жоғарыда аталған жүйелерді талап етпейді. Бұл бағытта назардан тыс қалмай шаруаларға жеткілікті көлемде су жеткізу мақсатында қала аумағындағы 5 каналға күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттамалар жасалуда және 14 канал, жалпы ұзындығы 82,1 км механикалық тазалаудан өтіп, нәтижесінде каналдардың пайдалы әсер коэффициенті  артты.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика