Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасы 9 айдың қорытындысын жасады. Жұмыс нәтижесі бойынша биыл өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 666 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда нақты табыс индексі 6,7 пайызға артқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, қала экономикасын жақсарту үшін 327 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20% артық. Осылайша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 590 млрд. теңгені құрап, өнімділік 8 пайызға артты. Ал, биыл шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 101 мың бірлікке жетсе, бөлшек саудада 417 млрд. теңге табыс түсті. Сауда ісі бойынша өсім 11 пайызды көрсетті.
«Жалпы 2022-2025 жылдар аралығында 622 млрд. теңгеге 8,3 мың жұмыс орнын құрылмақ. Ол үшін 66 жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде, 2022 жылы 51,4 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрып, 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңға жалпы құны 29,2 млрд. теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Онда 520 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 2022-2026 жылдары жаңа жоба жасақтауға жалпы құны 2,6 трлн. теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде, биылғы жылдың соңына дейін 173,1 млрд. теңгеге 50 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген»,-деді басқарма басшысы Б.Дүйсебеков.
Құзырлы органның мәліметінше, 2022-2026 жылдары жалпы құны 2,6 трлн. теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны мен 283 инвестициялық жобаны ашу жоспарланған.
Ал мұнай-газ бен химия өнімдерін өндіруге бағытталған кәсіпорындарда да соңғы 3 жыл көлемінде өсім байқалады. Биыл бұл өндіріс бойынша қаламызда 43,5 мың тонна өнім шығарылды. Бұл әзірге жылдық жоспардың 87 пайызын құрайды. Мұн статистиканы 2019 жылдың сәйкес деңгейімен қарастыратын болсақ, өсім 226,8 пайызды құрап отыр. Демек ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс бар.
Сонымен қатар, «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шағару бойынша жаңа өндірістер саны» көрсеткішін орындау мақсатында жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл іске асса тағы да жаңа бос орын ашылып, халық тұрақты жұмыспен қамтылады.
Айта кетейік, қала экономикасын әлі де көтеру мақсатында бірқатар іс атқарылып жатыр. Атап айтар болсақ, жалпы аумағы 749 га құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағын құру көзделген. Ал қазір жұмыс істеп тұрған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын қосымша кеңейтіп, «Бозарық» агро-индустриялық аймағын дамыту және Көлік-логистикалық аймағын 136 га-ға кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Leave a Reply