Шымкентте жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Таза қала» акциясы аяқталды. Дәстүрлі конкурс қала тазалығын сақтауға, қоршаған ортаны абаттандыруға үндейді. Биыл оныншы жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан акцияға Шымкент қалалық әкімдігінің ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйытқы болып отыр.
Қалалық Азаматтық Альянстың ресурстық орталығында акцияның қорытындысы шығарылуда. Комиссия құрамында басқарма өкілі мен Азаматтық Альянстың мүшелері, қаладағы төрт аудан әкімдігінің қызметкерлері бар. Әр аудан өкілі өз ауданы үміткерлерінің жұмысын бағалауға қатыса алмайды.
Баян Айтбекқызы, комиссия мүшесі, ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссияның мүшесі, әйелдер кеңесінің төрайымы: «Биылғы үміткерлерді бес номинация бойынша қарастырып отырмыз. Олар – үздік аула, үздік көше, үздік үй, үздік аула тазалаушы және үздік тұрғын алаптар. Бұл акцияға қатысуда шектеу болған жоқ, кез келген тұрғын немесе үй төрайымы қатыса алады. Алдымен әр ауданда өзара үздігін анықтап, осы комиссия отырысында қарауға жібереді. Мұндағы мақсатымыз – қала тазалығын сақтауға үндеу».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның биылғы ерекшелігі – 5 номинацияның үздіктері қаладағы 4 аудан бойынша анықталады. Жеңімпаздарға ақшалай жүлде табысталады.
Leave a Reply