Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем берген Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш рет өтті. Қазақстандықтар тарихи таңдаудың маңызын түсініп, үлкен жауапкершілікпен сайлауға қатысып, өз дауыстарын берді. Алдағы уақытта елімізді үлкен өзерістер күтіп тұр.
Конституциялық реформа саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік береді. Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі – сайлаушылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі де мүддесін жіті қорғауға мүмкіндік туғызады. Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Өңірлік өкілдіктер саны 600 ден 200 ге азайып, бастамашыл топ саны 1000-нан 700-ге қысқарды. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты болатыны анық.
Конституцияның жаңа редакциясының ескіден басты айырмашылығы, бұл – басқару жүйесінің өзгеруі, биліктің қатаң вертикалынан бас тарту, президенттік басқарудан президенттік-парламенттік республикаға бірқалыпты және заңды түрде көшу болмақ. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.
«AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісті. Республикалық штаб құрылып, оған партия Төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік етті. Республика бойынша аймақтарда 217 штаб жұмыс істеп, 12 мыңнан аса үгіт-насихат шарасы өтті. Сондай-ақ Шымкент қаласынан да арнайы штаб құрылып, халыққа түсінікті тілмен ақпарат берілді. Шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың тұрғындарымен, жастармен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен өткен кездесулер еркін, ашық форматта жасалды.
Халықпен өткен кездесулерде тұрғындардың негізі мәселелері тыңдалып, ұсыныс-пікірлері ескерілді. Кешегі өткен сайлауда Шымкент қаласының дауыс беру нәтижесі бойынша алдыңғы қатарда тұрғаны, бір ай көлемінде жасалған еңбектің жемісі деп білемін. Аманаттықтар сайлау күні алдыңғы қатарда белсенді түрде дауыс беріп, әділетті қоғамның алғашқы іргетасы қалауға өз үлестерін қосты. Ендігі кезекте әрбір азамат өзгерісті өзінен бастап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел дамуына жасап жатқан оң өзгерістерін қолдайды деп сенемін.
НАРГИЗА АБАЙДУЛЛАҚЫЗЫ КЕРІМБАЕВА
Мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі
Leave a Reply