Түркістан облысы Келес ауданындағы «сақалды нысанға» айналған мектеп ғимаратының құрылысы қайта басталды. Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі 300 оқушыға лайықталған М.Горький атындағы орта мектеп құрылысының сметалық жобалық құжаттамасының жарамдылық мерзімі өтуіне байланысты оған түзетулер енгізілді.
Оны жасауға «ҚазНұр жобалау құрылыс институты» ЖШС-і демеушілік жасады. Соның нәтижесінде биылғы жылдың қараша айында мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Оны «УниверсалСтройСервис» ЖШС-і жүргізуде. Білім ұясының құрылысын толық аяқтау үшін облыстық бюджеттен биылғы жылға 82 миллион теңге бөлінді. Ынтымақ елді мекенінің балалары 300 оқушыға лайықталған жаңа білім ұясының табалдырығын жаңа оқу жылында аттамақ. Әзірге олар мақта терімге жәрдемге келетіндер үшін салынған жатақхана мен көп пәтерлі ескі тұрғын үйде оқып жатыр.
Жалпы, Ынтымақ ауылындағы мектептің құрылысы 2017 жылы басталып, 2018 жылы аяқталуы тиіс болған. Үш қабатты ғимаратты тұрғызу үшін қазынадан жарты миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ мердігер қазына қаржысын артығымен қарпып қаламын деп сенімнен шықты. Тапсырыс беруші тексеріс жіберіп, келісімді бұзуға мәжбүр болды. Мұнан кейін нысан жаңа ашылған ауданның, одан кейін білім басқармасының меншігіне өтеді. Енді тапсырыс беруші тарап құрылысқа бөлінген бастапқы ақшаның 195 миллионын еш негізсіз иемденіп кеткен «Айдана» серіктестігінен қаржы мәжбүрлеп өндірмек.
Leave a Reply