ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ӨНЕРЛІ ЖАСТАРЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістан облысы Келес ауданында «Тәуелсіз Ұлы дала елінің ұландары» атты жазба ақындар мүшәйрасы мен «Балалық шақтың бір күні» атты қылқалам шеберлері байқауы өтті. Оған аудандағы өнерлі, шығармашыл жастар қатысты.

Айтыскер ақын, марқұм Жарқынбек Наушабековтың бастамасымен бұған дейін де өткізіліп келе жатқан «Балалық шақтың бір күні» атты байқауға қылқалам өнерінде өз қолтаңбасымен танылып келе жатқан жастар жиылды. Байқау қорытындысында бірінші орынды Абай ауылының тұрғыны Жүсіп Сән иеленсе, екінші орынды Жаңа дәуір ауылынан Сейдуалы Әли, үшінші орынды қызыләскерлік Халмұрат Ерке еншіледі. Сондай-ақ, Келес ауданы әкімінің жүлдесі Жолдасбек Айтжанға, ақын Жарқынбек Наушабеков жүлдесі Баймұратов Жанарысқа табысталды.

Жазба ақындар мүшәйрасы да поэзия әлеміне құлаш сермеген талантты жастарды айқындап берді. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Жолдасбек Қанатқа, екінші орын Нұрлыбай Өмірзаққа, үшінші орын Темірбек Айжарқынға бұйырды. Ал ауданы әкімінің жүлдесімен Біртілек ауылының тумасы Әсел Нәдірбекқызы, ақын Жарқынбек Наушабеков жүлдесімен Бекбота ауылынан келген Сағласын Гүлмерей марапатталды.

Өнер сайысының қорытындысына қатысқан аудан әкімі Ақментай Есбаев байқау қатысушыларына шығармашылық өрлеу мен жетістіктер тіледі.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика