3 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Түркістан облысы Келес ауданында биылғы жылы 5 мың 67 азаматты тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жайғастыру жоспарланған болса, бүгінгі таңға дейін солардың 3 мың 606-ы жолдама бойынша еңбек етуде. Оның ішіндегі 754 азамат 29 жасқа дейінгі жастар. Жұмысты болған азаматтардың ішінде сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 60 жан және пробация есебінде тұрған 18 азамат бар.

Бұл туралы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Серік Құралов мәлімдеді.

— 2021 жылға жалпы 500 жұмыссыз азаматты қоғамдық ақылы жұмыстарға жолдау жоспарланып, бүгінгі таңда көгалдандыру, көркейту, аймақтарды тазалау және құжаттармен жұмыс жүргізіп мұрағатқа өткізу ісі бойынша 686 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданып отыр. Оның ішінде 24 мүмкіндігі шектеулі және 2 пробация есебінде тұрған азамат бар. Сондай-ақ қоғамдық ақылы жұмыстарға 29 жасқа дейінгі азаматтардан тағы 137 жас тартылып отыр,-деді ол.

Сонымен қатар, Келес ауданында 334 жас маман мамандықтарына сәйкес жұмыс орындарына жолданып отыр. Олар жастар практикасы бағдарламасы аясында алғашқы еңбек жолын бастады. Жалпы ағымдағы жылы 350 азаматты жастар практикасына жолдау жоспарланған болса, оларды жұмысқа қабылдау туралы 114 жұмыс беруші өтінім түскен.

Бүгінгі өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Олар, ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту орталығының атқарған жұмыстары, сонымен қатар аудан бюджеті мен Ақтөбе мен Қошқарата ауылдық округтеріндегі өзекті мәселелер ортаға салынды.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика