Түркістан облысында осыдан үш жыл бұрын өз алдына дербес аудан болып құрылған Келес ауданы ел Тәуелсіздігінің арқасында қайта түлеп жатыр. Ширек ғасырдан астам уақыт Сарыағаш ауданының құрамында болып, дамудан кенже қалған аймақтағы инфрақұрылым жүйелері шетінен жаңаруда. Аймақта тек биылдың өзінде 21 ауылға табиғи газ кіріп, 97 көшеге асфальт төселді.
Табиғи газ жағып, тұрмысы жайлана түскен елді мекеннің бірі — Жүзімдік. Ауыл халқы қысқа отын-су қамдаудың машақатынан құтылды. Егістік пен малдан шаршап келгенде шәй қайнаулы, қазан асулы. Жылы үйде тіршілікке ыңғайлы жағдайдың бәрі бар. Қазір Келестегі 59 ауыл осындай жайлы өмір кешуде.
— Үйлерімізге газ кіргіздік, су кіргіздік. Жылу, мұздай су ағып тұр. Үйіміз жылы. Тұрмысымыз өте жақсарды. Бұрын қаланың өміріне қызығатын едік, қаланың адамдарына рахат деп. Енді өзіміз де сондай рахат күн кешіп жатырмыз,-дейді Жүзімдік ауылының тұрғыны Гүлжамал Қалкенова.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы ауылдардың 100-ге жуық ирелеңдеген сұрықсыз көшелері келісті келбет пен жаңа сәулетке ие болды. Қыста батпақ, жазда топырағы бұрқылдап жататын жолдарға тақтайдай тегіс асфальт төселді. Қос қапталына жарық бағаналары орнатылып, аяқжолдар салынды. Жол бойына тұрғындар демалып, тыныстайтын орындар да жасалған.
Осындай кешенді жұмыстың арқасында аймақтағы 83 елді мекендегі 711 шақырым ішкі жолдың тең жартысына жуығы толығымен жөнделіп бітті. 16 ауылдың электр желілері ауыстырылып, жаңа трансформаторлар орнатылды. Аудан әкімі Ақментай Есбаевтың айтуынша 2023 жылға дейін аудандағы елді мекендер толықтай сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 2025-2023 жылға дейін барлық ауылдарға табиғи газ жеткізілетін болады.
Келестіктер таза ауыз судан тарыққан кездерді де артқа тастады. Қазір аудан халқының 60 пайызы таза ауыз тұтынып отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы 21 пайызға артады.
Leave a Reply