ГАЗ ДАБЫЛҚАҚҚЫШ ӘР ҮЙГЕ ОРНАТЫЛАДЫ

Шымкентте әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйіне газ дабылқаққыш орнатылып жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаев брифинг барысында мәлімдеді.

Жылыту маусымы кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Өрт қауіпсіздік айлығы» бастау алған.  Оның шеңберінде тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін азайтуға бағытталған кезең-кезеңімен жүргізілетін іс-шаралар іске асырылуда.

«Бірінші кезеңде халықтың әлеуметтік осал топтары арасында профилактикалық жұмыс. Бүгінгі күні профилактикалық іс-шаралар барысында 5 164 адамнан тұратын барлық әлеуметтік осал отбасылар түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Екінші кезеңде жақханалар мен жатақхана ретінде қайта салынған үйлерде профилактикалық жұмыс. Профилактика шеңберінде пәтер тұрғындары арасында 3 862 адамды қамти отырып, газ жүйесіне қосылмаған жиырма шағын отбасылық жатақхана мен он жеті жатақхана арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал үшінші кезеңде жеке тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыс жүргізілді. Бұл ретте 33 459 адамды қамтыған 6 327 үйге барып түсіндіру жұмыстары мен 12 300 адамды қамтыған 233 жиын ұйымдастырылды», — деді азаматтық қорғау полковнигі А.Бейсембаев.

Сонымен қатар, аталған департаменттің бастамасымен газ дабылдарын сатып алу және орнату бойынша жергілікті атқарушы органдар мен демеушілер арасында меморандумға қол қойылып, қазіргі уақытта департамент қызметкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерінде осы газ дабылдарын орнату бойынша жұмыс жүргізуде.

Биыл Шымкентте құрылысы жүріп жатқан үйлерге биыл бюджет есебінен 2 972 газ дабылқаққыш (газосигнализатор) орнату жоспарлануда.

Мәлік Әбдінұров, Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары: «2022-2023 жылғы жылыту маусымына алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізу үшін жыл басында аудан әкімдіктері мен төтенше жағдайлар басқармасы және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ШӨФ басшыларына хат жолданып, жыл соңына дейін кесте бекітілген. Бекітілген кестеге сәйкес, қала тұрғандарына газбен байланысты оқыс-оқиғалардың алдын алу және болдырмау мақсатында газды пайдалануда техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша үгіт-насихат түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл – профилактикалық жұмыстың мақсаты қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі».

Спикердің айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің сайтында Шымкент қаласында тіркелген 29 компания үй ішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге тиісті аттестат алған. Талдау жұмыстарының нәтижесінде қалада бүгінгі күнге 13 компания қызмет атқарады. Ал, түтіндік мұржаларын және желдеткіш арналарын тазалайтын 7 мекеме бар.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика