Елімізде жаңадан үш облыс құрылатын болды. Ол жайында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жасаған Жолдауында айтты. Жаңадан ашылатын облыстар Абай, Ұлытау, Жетісу деген атауларды иеленетін болды.
Жаңадан құрылытанын Абай облысының орталығы Семей қаласы, Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласы, Жетісу облысы, орталығы Талдықорған қаласы, ал Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болып өзгертіледі. Одан бөлек, Президент Қапшағай қаласына қоғам және мемлекет қайраткері Д.Қонаев есімін беруді ұсынды.
Ел Президенті бұл жаңа облыстар ашу жайындағы бастамасын: «Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек», — деп бастады. Осылайша, Ұлытау аймағының дамуына жол ашылады.
Алматы қаласының айналасында ірі агломерацияға қатысты көптеген түйткілдер қалыптасқан. Негізінен, облыс тұрғындары осы агломерация төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаш, не Талғардағы мәселені 200-300 шақырым қашықтағы Талдықорғанда отырып шешу оңай шаруа емес. Осыны алға тартқан президент: «Алматы облысының орталығына бару үшін халықтың босқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады», — деп сөз сабақтады.
Осы арада Қ.Тоқаев тұрғындардан Қапшағайға Д.Қонаевтың есімін беру туралы ұсыныс болса, қолдайтынын айтты. «Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер, жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын», — деді перзидент.
Leave a Reply