Түркістан облысы Келес ауданындағы 5 елді мекенге биылға жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде жаңа электр желілері тартылады. Олар: Ошақты ауылдық округінің Ошақты елді мекені, Ақтөбе ауылдық округінің Жуантөбе, М.Горкий, Ескіқорған және Бозсу ауылдары. Сондай-ақ айиақтағы тағы 17 елді мекенді сапалы электр қуатымен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған.
Жалпы, осындай жоспарлы әрі кешенді жұмыстардың арқасында Келес ауданындағы 55 елді мекеннің тұрғындары бүгінгі таңда қуаты жоғары электр тогын тұтынып келеді. Яғни, аймақтағы ауыл-аймақтың 66,3 пайызы жаңа желілерге жалғанған.
Былтыр «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і тарапынан Келесте 50,7 шақырым электр желілері және15 трансформатор ауыстырылса, биыл 51,4 шақырым электр желілерін жаңарту және 14 трансформаторды орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Сондай-ақ, қазір Келесте Түркістан облысының бес бірдей ауданын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ететін ірі жоба іске асуда. Бірлік ауылдық округінің аумағында құрылысы жүріп жатқан 220/110/10 кв «Қызыләскер» қосалқы подстанциясы іске қосылған соң көршілес Жетісай, Мақтарал, Шардара, Келес және Сарыағаш аудандары сапалы электр қуатын алатын болады.
Leave a Reply