Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында «Кездесуге қадам» ұйымдастырылды. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шара көпке қуаныш сыйлады. «ARMAN ALANI» Қазақстан коалициясының өкілдері қалалық білім басқармасына қарасты арнайы ұйымдар, кәсіптік колледждер мен инклюзивті сынып оқушыларын жинады. Ә.Қастеев атындағы өнер колледжі мен Шымкент қалалық жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенттер өздерінің қолөнер бұйымдарын қайырымдылық көрмесіне қойып, ерекше балалар үшін шеберлік сағатын жүргізді. Бірі сыршырай жанрында қылқаламмен сурет бояса, бірі ермексазбен түрлі ертегі кейіпкерлерінің мүсінін жасады. Ал Оқушылар сарайы мен Саз колледжінің шәкірттері қазақтың көркем күйін шертіп, әсем әннен шашу шашты. Сондай, ақ, танымал киім дизайнерлері ұлттық киімдер мен салтанатты киімдердің дефилесін өткізді.
Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары: «Ерекше жандардың қолынан шыққан туындыларды көріп, ерекше әсер алдым.«Балалар жылында» айтулы шығармашылық фестиваль ұйымдастырылып отырғанына қуаныштымын. Шығармашылық пен ізденіс балалардың дүниетанымын жан-жақты дамытуда үлкен рөл атқарады.«Кездесуге қадам» жасап, ұйымдастырып отырған қоғамдық ұйымдарға, атсалысқан білім ұйымдарына, ата-аналарға алғыс білдіремін. Шымкент қаласының әкімдігі әрдайым Сіздердің бастамаларыңызды қолдайды».
Фестивалға «АРДА», «JanBota», «Рахмет саған, Анашым», « I am Bala», «Bambini» оңалту орталықтарынан 150-ден астам бала келді. Қолөнер шеберлері мен колледж студенттері өз бұйымдарын қайырымдылық мақсатында сатылымға шығарды.Одан түскен қаржы ерекше балалардың қажеттілігіне, еміне жұмсалады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Шымкентте 143 мектепте ерекше қажеттілігі бар балалар үшін жағдай жасалған. Қаланың 88 жалпы білім беретін мектепте 829 бала инклюзивті білім алса, 9 мектепте ашылған 59 арнайы сыныпта 471 оқушы оқиды. Сондай-ақ, Шымкентте 5 арнайы мектеп-интернат жұмыс істейді.
Leave a Reply