Түркістан облысы Келес ауданында бүгінгі таңда үш мектеп және аудан әкімдігінің ғимаратын қайта құру құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Юсупов мәлімдеді.
Қошқарата ауылдық округі, Жамбыл елді мекеніндегі 300 оқушыға лайықталған мектеп құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілсе, Ақтөбе ауылдық округі, Ынтымақ елді мекеніндегі 300 орындық М.Горький атындағы орта мектептің құрылысы 2022 жылдың қыркүйек айында аяқталмақ. Сондай-ақ, «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ошақты ауылдық округі, Ошақты елді мекені №46 Абай атындағы жалпы орта мектептің жанынан тұрғызылып жатқан 300 орындық қосымша оқу корпусы, асхана, спорт залы 2022 жылдың жаңа оқу жылына пайдаға берілетін болады.
Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру бойынша аудандық бюджеттерден қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстарға бағытталған барлық бюджеттік бағдарламалар жабылып, құрылыс нысандарына және жобалық сметалық құжаттамаларды әзірлеуге бағытталған қаржыландыру көзі облыстық құрылыс басқармасының құзыретіне өткен. Сол себептен, бүгінгі таңда 12 білім, 8 мәдениет, 1 спорт нысандарына әзірленген жобалық-сметалық құжаттар облыстық құрылыс басқармасына ұсынылған.
Leave a Reply