Шымкент қаласында «Мизам – береке мен бірлік мерекесі» атты «Bereke – fest» этнофестивалі ұйымдастырылды. Алтын күз мерекесіне арналған іс-шара қаланың әлеуеті мен агроөнеркәсібіндегі жетістіктерді насихаттау, ұлттық жәрмеңке думанын қайта жаңғыртуды мақсат еткен.
25 қазан – Республика күні аясында өтіп жатқан алтын күз мерекесіне ұлттық өнерге жанашыр қала тұрғындары, қолөнер шеберлері, мәдениет саласының қызметкерлері қатысуда.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, ауылшаруашылығы саласы қызметкерлерін марапаттады.
Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары: «Ауылшаруашылық – Оңтүстік өңірі үшін негізгі салалардың бірі. Шымкент қаласында жыл сайын 90 мың тонна өнім жиналады. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына назар аударылуда. Шаһарда агронеркәсіп кешендері іске қосылып жатыр. Ендігі ретте қала дүкендерінде отандық өнімдердің қатары артатынына сенім мол. Баршаңызды алтын күз мерекесімен құттықтаймын».
Жиында ауылшаруашылығы саласы кәсіпорындары, шаруа қожалықтар басшылары «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен», қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. «Bereke – fest» этнофестивалі кешкі 18:00-ге дейін жалғасты. Іс-шарада ұлттық спорт ойындары, қолөнершілер көрмесі, ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеде Арыс, Шардара, Ордабасы, Отырар, Сауран, Бәйдібек ауданының мәдениет үйлері өнерпаздары мемлекет және қоғам қайраткерлері А.Асқаровтың 100, жазушы Ш.Мұртазаның 90, этнограф-ғалым А.Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойларына арналған арнайы бағдарламасымен өнер сайысы да биік деңгейде аталып өтті.
Іс-шарада ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі, цирк ұзын ағаш аяқтары, ұлттық өнер мен спорт майталмандарының сайысы өтіп, арнайы жүлделермен марапатталды.
Сайысқа өңірімізге белгілі ҚР мәдениет қайраткері, жазушы, журналист Күлия Смайылханқызы, кинорежиссер, “САҚ” киностудиясының директоры Батырхан Дәуренбеков, ақын, жазушы Бақытжан Алдияр қазылық етіп, өз бағаларын берді.
Атаулы мереке ұлттық өнерге жанашыр қала тұрғындары, аудан өнерпаздары, қолөнер шеберлері, мәдениет қызметкерлері т.б қонақтардың көңілінен шықты.
Leave a Reply