«ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

«Шымкент қаласының энциклопедиясы» атты кітаптың тұсаукесер жиыны өтті. Өткен жылы «Шымкент қаласының көне тарихы» кітабы жарық көрген-тін. Тарихшы, жазушы Момбек Әбдәкімұлы «Шымкент қаласының энциклопедиясы» кітабын өз мерзімінде аяқтап, оқырманға ұсынды.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Тағылымды жиынды белгілі әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары энциклопедияның жазылу тарихы мен маңызына тоқталып өтті.
Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары: » «Шымкент қаласының энциклопедиясы» кітабының жарыққа шығуына қала әкімдігі қолдау көрсетті. Энциклопедия әдетте бір институт жұмыс істейтін еңбек. Ал бұл кітапты Момбек Әбдәкімұлы жалғыз өзі жазып шықты. Бұл – үлкен, құнды еңбек. Жастарды саналы азамат болып өсуге тәрбиелеу, қаланың дамуында еселі еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсету, қаланың тарихын таныту мақсатында жарық көрді. Жоспарға сәйкес кітап 1,5 жылда аяқталып, 1,5 мың данамен жарық көрді».
Мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов те кітаптың жазылу тарихын және жазушының шығармашылығы жөнінде өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев, филология ғылымдарының кандидаты Амангелді Мамыт, оқу орнының ректоры Гүлжан Сүгірбаева жазушының шығармашылық қырлары жөнінде баяндама жасап, кітаптың мән-маңызын атап өтті.
Композитор Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаев әннен шашу шашты.
Айта кетсек, энциклопедия қала тарихынан басталады. Қала тарихы, оны басқарған тұлғалардың қысқаша өмірбаяны, ғалымдар, еңбек озаттары, өнер адамдары, өндіріс орындары, мәдени ошақтар, барлығы қамтылған.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика